Күрес түрлерінен әлем чемпионатында белдесетін балуандар анықталды
Қазан айының соңында Албания астанасы Тиранада күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталады. Туризм және спорт министрлігі халықаралық додада ел намысын қорғайтын балуандардың есімін жария етті, деп жазады Egemen.kz.
Алдымен 23 жасқа дейінгі палуандар бозкілемде белдеседі. Одан кейін ересектер олимпиадалық емес салмақтарда бақ сынайды.
Олимпиадалық емес салмақтардағы алғашқы жаһандық бәсеке 2016 жылдың 8-11 желтоқсанында Мажарстанның Будапешт қаласында өтті. Оған Қазақстан құрамасының алты палуаны қатысып, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алған.
Еркін күрестен Нұрлан Бекжанов (70 кг) күміс жүлдегер атанса, әйелдер күресінен Айым Әбділдина (55 кг) қола медаль иеленді. 2020 жылы өтуге тиіс болған жаһандық дода пандемияға байланысты өтпей қалған еді.
Олимпиадалық емес салмақтардағы әлем чемпионаты Олимпиада бағдарламасына енбей қалған төрт салмақ дәрежесінде өткізіледі. Атап айтқанда, еркін күрес шеберлері 61, 70, 79, 92 кг, әйелдер күресі өкілдері 55, 59, 65, 72 кг және грек-рим күресі палуандары 55, 63, 72, 82 кг салмақтарда белдеседі. Бұл бағыттағы сайыстар осы салмақтағы палуандардың жарыссыз қалмауы үшін ұйымдастырылады. Сондықтан Олимпиадаға қатысқан палуандар бұл әлем чемпионатында бозкілемге шыға алмайды
Ересектер арасындағы әлем чемпионаты 28 қазанда басталып, 31 қазанда мәресіне жетеді. Финалдық бәсекелер 29 қазан (грек-рим), 30 қазан (әйелдер күресі) және 31 қазан (еркін күрес) күндеріне жоспарланған.
Қазіргі таңда әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының палуандары анықталып, жарысқа қарқынды дайындалып жатыр.
Албаниядағы әлем чемпионатында сынға түсетін палуандар:
Грек-рим күресі:
55 кг: Исхар Құрбаев
63 кг: Ержет Жарлықасын
72 кг: Мейіржан Шермаханбет
82 кг: Евгений Поливадов
Әйелдер күресі:
55 кг: Зүлфия Яхьярова
59 кг: Диана Қаюмова
65 кг: Ирина Казюлина
72 кг: Жәмила Бақбергенова
Еркін күрес:
61 кг: Асыл Айтақын
70 кг: Нұрғожа Қайпанов
79 кг: Дәулет Ергеш
92 кг: Нұрдәулет Бекенов
Фото: olympic.kz