Жеңіс тұғырынан көрінген жас спортшылар
«Мансұр» спорт-шығармашылық орталығының жас спортшылары орасан зор жетістіктерге қол жеткізуде. Бұл жолы ақжолтай жаңалық Тараз қаласынан келген болатын. Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойы аясында Тараз қаласында өткен каратэден халықаралық «Барыс кубогының» ашық турнирінен спортшылар олжалы оралды.
24-25 қыркүйек аралығында өткен ашық турнирде«Мансұр» спорт-шығармашылық орталығынан 16 спортшы турнирде бақ сынады. Жаттықтырушысы – каратэ-додан спорт шебері, біліктілігі жоғары ІІ санатты жаттықтырушы Салтанат Мырзабекова.
– «Барыс кубогының» ашық турниріне еліміздің барлық қалалары мен Қырғызстан мемлекетінен келген 700 жас спортшы қатысты. Тартысты бәсекеден 16 спортшымыз да жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл жарысқа каратэшылар тыңғылықты дайындалып, үлкен жеңіспен келеміз деген сеніммен барғанбыз. Сол сеніміміз ақталды. Қазіргі таңда үйірмеде 100-ге жуық бала жаттығады. Әр баланың талабы зор. Келешекте Қазақстанның, ауданның атын бүкіл әлемге танытатын мықты спортшы болатынына сенемін, – дейді спортшыларының болашағынан зор үміт күтетінін айтқан С.Мырзабекова.
Каратэ-до спорты – шығыстық жекпе-жек ойыны. Қол және аяқпен қарсыласының денесінің осал тұсына соққы беруге негізделген спорт, яғни қарусыз қорғанудың бір түрі. Каратэ-доға 5 жастан бастап қабылдайды.
Жылдамдық пен шапшаңдықты қажет ететін каратэ-додан сырдариялық жас спортшы Мадияр Ыбрай жүлделі І орынды иеленді. Мұнан бөлек, тартысты жекпе-жекте Амирхан Бақытжанұлы, Алинұр Ақтөреұлы, Мансұр Дайрабай, Нұрымжан Босатханов, Шүкіржан Әділбек, Алина Ким, Асылым Мәлікқызы жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ, 8 спортшы ІІІ орынмен марапатталды. Атап айтар болсақ, Айқын Мырзағали, Бейбарыс Нұрбекұлы, Нұрғалым Амантай, Айнияз Орныққан, Кәусар Мақсатқызы, Аделя Сексембаева, Кәусар Тұрмағанбетқызы, Раяна Ким. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы диплом мен медаль табысталды.
– Менің балам жеті жасынан бастап «Мансұр» спорт орталығының каратэ-до үйірмесіне қатысып келеді. Осы уақыт ішінде каратэның қыр-сырын меңгерді. Және көптеген жарысқа қатысып, өнерін көрсетуде. Жарыстардан жетістіктері де жетерлік. Жас жеткіншектерді спорттқа жаттықтырып, тәртіпке, тазалыққа, достыққа, бос уақыттарын тиімді өткізуге атсалысып келе жатқан орталық жаттықтырушыларына аналық алғысымды білдіремін, – дейді ата-ана Бибіхан Сағидоллақызы.
Осындай білікті жаттықтырушылар мен талантты спортшыларымыз барда әрқашан ауданның аты елімізге таныла бермек.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА