Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиыршық атқан жастар бәсекесі

Шиыршық атқан жастар бәсекесі

Осы күндері Петропавл қаласындағы А.Винокуров атындағы спорт сарайында 13–15, 18–20 жас аралығындағы жас­өс­пірімдер мен жастар арасында грек-рим және еркін күрес­тен республика чемпионаты өтіп жатыр. Бұған еліміздің Астана, Алматы, Шымкент сияқты республи­калық дәре­жедегі қалаларымен қатар 17 облыстан барлығы 11 салмақ бойынша 700 спортшы келді. Соның ішінде Солтүстік Қазақ­­стан облысының намысын 101 палуан қорғайды, деп хабарлайды Egemen.kz

Терістік командасының ішінде 31 палуан еркін күрестен, 42 палуан грек-рим және 28 қыз әйелдер кү­ресінен қатысады. Грек-рим күресінен Қазақстанның құр­­метті спорт шебері Жам­был Тасеменовтің айтуына қара­ғанда, барлық спортшының дайын­дығы жо­ғары. «Шиыр­шық атқан жас­тардың күрес шебер­лігі де жо­ғары болар деп ой­лаймын. Ұзақ уақыт жақсы дайындықтан өткен­дері көрініп тұр», деді ол.

Алайда «Күш атасын та­нымас» дегендей, солтүс­тік­қа­зақ­­стандық спортшылар жо­ға­ры көрсеткіштерге әзірше жете алмай жатыр. Облыс жат­тық­­ты­­рушыларының үміті болған Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл аулынан келген еркін күрес өкілі Асыл Ережепов екінші күнгі күресте тек бесінші орынға ғана табан тіреді.

«Бұлардың біразы – Азия ойындары мен Азия чемпио­наттарының жүлде­герлері. Сондықтан чемпионат өте тар­тысты өтіп жатыр. Тіпті қыз­дар арасынан да күрестің күрделі тәсілдерін терең мең­гер­­гендер көрініп қалады», деді Ақтөбе қаласынан келген ха­лықаралық дәрежедегі төреші Берік Шалабаев.

Түркістан облысынан келген Дәулет Қуанышбекті әң­гіме тартқанымызда, ол өзі­нің барлық белдесуге де құш­тар­лықпен шыққанын жеткізді.

«Мен 52 кг салмақ дәре­жесінде күресемін. Күреспен айнал­ысқаныма 10 жылдай болды. Бірақ бүгінгі финалда кездескен Алматы облысынан келген қарсыласым дайындығымның әлі де төмен екенін көрсетіп, мені ұтып кетті. Сонымен 3-орын­мен қанағаттандым», деді ол.

Осы чемпионатта жеңіп шыққандар Испаниядағы әлем чемпионатына қатысуға жолдама алады. Чемпион бол­ған­дардың көбі «Қазақстанның спорт шебері» нормативін де орын­дайды.

Фото: @bqo_sport
10 сәуір 2024 ж. 136 0