Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр спортшылары жеңіс биігінде

Сыр спортшылары жеңіс биігінде

2023 жылдың 10 айында өңірімізде 1322 бұқаралық спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Облысымызда білікті спортшылар мен спорт резервтерін дайындау мақсатында 12 Қазақстан Республикасының чемпионаты, 4 халықаралық, 41 республикалық, 127 облыстық біріншіліктер өткізілді. Сыр спортшыларының әлемдік ареналардағы жемісті өнері жайында облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Биыл Сыр өңірі спортта толағай табыстарға жетті. Байрақты бәсекелерге Сыр елінен аттанған жерлестеріміз Әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпазы атанып, облыстың ғана емес, барша қазақ елінің абыройын асқақтатып келеді. Нәтижесінде, спортшыларымыз ҚР чемпионаты мен кубоктарында 1100 медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарынан 232 медальға қол жеткізді.
Жылдың басты жаңалығы деп облысымыз үшін рекордтық көрсеткіш болған Азия ойындарын айтуға толық негіз бар. Қытай мемлекетінде өткен спорт додасына 25 спортшы 13 спорт түрінен қатысып, нәтижесінде дзюдодан 3 қола, стенд атудан 1 қола, каратэден 1 күміс және бокстан 1 күміс жүлде иеленді.

Футбол Қазақстан премьер лигасында “Қайсар” футбол клубы жемісті өнер көрсетті. Жергілікті ойыншыларға сенім артып,чемпионатта алтыншы орынға тұрақтады. Команданың ойынын стадионнан тамашалайтын жанкүйерлердің де қатары көбейді. Бұл облыс халқының футбол спортына қызығушылық бар екенін көрсетеді.

Сыр спортшыларының байрақты бәсекелерде де асығы алшысынан түсті. Венгрия мемлекетінде каратэ спорт түрінен өткен Әлем чемпионатында сыр спортшысы Мөлдір Жаңбырбай қарсыластарын қапы қалдырып, әлем чемпионы атанды. Албания мемлекетінде ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында Ерасыл Сәулебеков жеңімпаз атанып екі мәрте әлем чемпионы болды. Сонымен қатар, парадзюдодан өткен Әлем чемпионатында Оразалыұлы Олжас 73 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, парапауэрлифтингтен Бойка Снежанка әлем чемпионатының алтын медаль иегері болды. Бұл сырдың ғана емес, күллі қазақ елінің жарқын жеңісі.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

23 қараша 2023 ж. 82 0