«Қайсар» жаңа маусымға дайын
Бүгін, 4 наурызда елімізде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігі жалауын көтереді. Қызылордалық «Қайсар» өз алаңында 5 наурызда Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдайды. Жерлестеріміз жылдық үзілістен кейін үздіктер қатарына қайта қосылды. Енді қараша айына дейін жасыл алаңда шеберлік байқасады.
Жаңа маусымға «Қайсар» дайындығын тыңғылықты жүргізді. Бас бапкер қызметіне ресейлік белгілі маман Виктор Кумыков келді. Команда тізгінін қолға алғаннан кейін тәжірибелі бапкер бірден жергілікті ойыншылардың шеберлігін сынап көру мақсатында Түркияға оқу-жаттығу жиынына аттанып кетті. Өткен жылдың желтоқсан айында болған алғашқы оқу-жаттығу жиынында негізінен қызылордалық футболшылар сынаққа шақырылды. Ал одан кейінгі екі оқу-жаттығу жиыны барысында алыс және жақын шетелден футболшылар шеберлігі таразыға түсті. Сол арқылы жаңа маусымда «Қайсардың» негізгі құрамында жасыл алаңға шығатын ойыншылар тізімі белгілі болды.
– Біз алдымен футболшылардың дене дайындығы және жеке шеберлік деңгейіне назар аудардық. Олардың қабілет-қарымы көптеген жолдастық кездесу барысында байқалды. Команданың екі құрамы Африка, Италия, Сербия, Румыния, Болгария, Ресей және Украина командаларымен кездесті. Қай-қайсысы да оңай қарсылас болған жоқ. Біздің жігіттер де оларға лайықты қарсылық көрсетті. Сол арқылы әрбірінің шеберлік деңгейі сараланды, – дейді бас бапкер Виктор Кумыков.
Ақпан айының үшінші онкүндігінде «Қайсар» Қызылордаға оралып, алдағы маусымға әзірлігін одан әрі пысықтай түсті. Жаңа ойыншылар жергілікті климатқа, жаңа сағат белдеуі мен синтетикалық жасыл алаңға бейімделді.
Қызылордалық ұжым былтыр бірінші лигада ойын көрсетті. Сондықтан биыл кейбір ойыншылардың орнына тәжірибелі футболшылар шақыртылды. Әрине, олардың барлығы команданың қаржылық мүмкіндігіне байланысты қарастырылды. Осыған байланысты қазір өзге клубтарда ойнап жүрген Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев секілді жергілікті футбол түлектерін «Қайсардың» құрамына қосуға мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен алаңның әрбір шебінде сауатты қимыл көрсете алатын ойыншыларды тартуға баса назар аударылды.
Бас бапкер негізінен қорғаныс шебін нығайтуға көңіл бөлгенін атап өтті. Нәтижесінде биыл қорғаныс шебінде қазақстандық Қуаныш Қалмұратов, Әділет Кеңесбек, украиналық Виталий Приндета, Буркина-Фасо өкілі Бен Азиз Загре, франциялық Проспер Менди ойнайды. Былтыр осы міндетті атқарған Жоао Педро, Абылайхан Төлегенов команда құрамында қалды. Сондай-ақ, жартылай қорғаныста Әліби Тұзақбаев, Дмитрий Бородин, черногориялық Горан Милойко, грузиялық Георгий Бухаидзе, Кот-д’Ивуар елінен келген Экра Гео Крист-Данни, беларусьтік Василий Совпель жасыл алаңға шығады. Ал шабуыл шебінде Елжас Алтынбековтің қатарына екінші лигада сұрмерген атанған Бақдәулет Зульфикаров қосылды. Өткен жылғы құрамнан қақпашы Нұрымжан Салайдын, жартылай қорғаушы Дидар Жалмұқан, Руслан Сақалбаев, Аян Құлмағанбетов, Өркен Махан сынды футболшылар команда құрамында қалды.
– Алға қойған мақсатымыз – ел біріншілігі мен кубок ойындарында жоғары деңгейде ойын көрсету. Біз әрбір кездесуде жеңіске деген жігермен ойнаймыз. Әрбір қарсыласты лайықты бағалаймыз. Командаға жанкүйерлер тарапынан қолдау ерекше болады деген үміттемін, – деді бас бапкер.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
«Сыр бойы»