Бокстан «Странджа» турнирі: Қамшыбек Қоңқабаев қарсыласын нокаутқа жіберді
Қазақстандық Қамшыбек Қоңқабаев Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа-2023» турниріндегі алғашқы жекпе-жегінде қарсыласын нокаутпен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол 92 келіден жоғары салмақта 1/8 финалда нидерландиялық Стэн Бертенспен қолғап түйістірді. Нәтижесінде екінші раундта қарсыласын нокаутқа жіберді.
Осылайша Қамшыбек Қоңқабаев 1/4 финалға жолдама алды.
Қазақстандық спортшы бұған дейін 2020 жылғы жазғы Олимпиадада қола жүлде алса, екі мәрте әлем чемпионатында күміс медаль иегері атанған. Ал Азия чемпионатында төрт мәрте екінші орын алған болатын.
Айта кетсек, бүгін күндізгі сессияда ел құрамасынан Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) өзбекстандық Мужибилло Турсуновқа есе жіберді.
Бүгін Ерасыл Таңқай (60 келі) филиппиндік Пол Джулайфер Баскон, Нұрқанат Райыс (75 келі) австралиялық Доминик Молинаромен шаршы алаңға шығады.
Фото: instagram.com/kamshybek_team