Сырдариялық волейболшылардың жетістігі
Жаңа жылды Сырдың жасөспірім волейболшылары зор жетістікпен бастап отыр. Еліміз бойынша қаңтар айының 4-11 аралығында Талдықорған мен Шымкент қалаларында ұлдар және қыздар арасында Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты өтті. Оған Қызылорда облысының құрама командалары қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Құраманың қатарында сырдариялық жасөспірім волейболшылар бар.
Алдымен, Шымкент қаласында волейболдан 2008-2009, 2010-2011 жылы туған жасөспірім қыздар арасында Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатына тоқталсақ. 2008-2009 жылы туылған облыс құрамасы қысқы чемпионатта тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Күміс жүлдегерлер қатарында сырдариялық жасөспірім қыздар Жанбибі Төлеген, Балнұр Балтас, Ақмаржан Дастанқызы, Аружан Оразбай, Альбина Амангелдиева және Айым Айғали бар.
Ал 2010-2011 жылы туған облыстың жасөспірімдер қыздары чемпион атанып, өңір мерейін үстем етті. Олар чемпионатқа қатысқан 16 команданың ішінен жеңіске жетіп, мықтылықтарын көрсетті. Құрама сапында сырдариялық чемпион қыздар Кәмшат Алтайбекова мен Інжу Еркін ерекше үлес қосты. Жасөспірімдерді волейбол спортына дайындап, жарыстарға апарып жүрген жаттықтырушылары Жандос Темірғалиев пен Жасұлан Боқаев екенін атап өткен жөн.
– Қысқы чемпионатта сырбойылық волейболшы қыздарымыз жақсы ойын көрсетті. Жеңіске деген жігермен қарсылас шақ келтірмеді. Облыстық құрама қатарында өнер көрсеткен Сырдария ауданының волейболшы қыздары жеңіске жетуге ерекше үлес қосты. Біз жыл басын жақсы жетістікпен бастап отырмыз. Алдағы уақытта да жақсы нәтиже көрсетеміз деген сенімдеміз, – дейді жаттықтырушы Жандос Темірғалиев.
Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатына қатысқан Қызылорда облысының 2008-2009 жылы туған ұлдар құрамасы да қола жүлдені еншіледі. Ұлдар чемпионаты Талдықорған қаласында ұйымдастырылды. Бұл жарысқа елімізден 21 команда қатысып, соның ішінен Сыр елінің жасөспірім волейболшылары үздік үштікті қорытындылады. Құрама сапында ауданнан қатысқан жас волейболшылар Ержігіт Айбекұлы, Алмас Асқаров, Ерсұлтан Зұлқарнаев, Ержан Тұраров, Данияр Бектібаев, Нұрдәулет Өтегенов және Нұрасыл Амангельдиев жақсы ойын көрсеткен. Оларды бұл спорт түріне Болат Рысмахан мен Айбек Сейпулов жаттықтырып келеді.
Жас волейболшыларды жыл басындағы ел чемпионатындағы жаңа жетістіктерімен құттықтаймыз.
Е.БЕРКІНБАЕВ