Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалағаштық спортшы қазақ күресінен әлем чемпионы атанды

Жалағаштық спортшы қазақ күресінен әлем чемпионы атанды

Өткен аптада Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпiров атындағы жекпе-жек сарайында өткен қазақ күресінен әлем чемпионатында Темiржан Руслан 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы 60 келі салмақта жеңімпаз атанды. Сөйтіп, әлемнiң 40-қа жуық мемлекетiнен 350-ден астам балуан қатысқан дүбірлі додада жалағаштық Темiржан Руслан әлем чемпионы атағын иеленді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

Әлем чемпионын туған жері Жалағаш ауданының халқы зор құрметпен, ыстық ықыласпен қарсы алып, үлкен қошемет көрсетті. Жас спортшының жетістігімен құттықтау үшін аудан әкімі Асқарбек Есжанов спортшы мен жаттықтырушысын жеке қабылдады.

«Спорт - елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Жалағаш ауданы да спорт саласында талай қыранды түлетіп, елдің байрағын желбірететін ерлерді шығаруда.Ауданның ғана емес, облыс және республикамыздың мерейін әлемдік аренада асырдың. Еліміздің көк байрағын биікке көтеріп, табандылық пен жоғары спорттық шеберлік көрсетіп, елімізді халықаралық сайыста лайықты көрсете білгенің құтты болсын. Алдағы уақытта бұдан да биік шыңдарды бағындыруыңа тілектеспін. Ал, біз спортшыларымыздың алаңсыз жаттығу жасауына бар мүмкіндікті жасаймыз», - деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.

Сонымен қатар, ел мақтанышына айналған чемпионмен өзі білім алған Темірбек Жүргенов ауылындағы Ә.Оңалбаев атындағы №117 орта мектепте кездесу өтті. Ауыл жастары жеңімпаз ұлдың құрметіне көкпар ұйымдастырды. Ал, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов қолдау ретінде спортшыға 1 млн. теңге сыйақы берді. 

«Бұл қуаныш менің ғана емес бүкіл елдің қуанышы. Әрине жеңіс адамның уысына оңайлықпен түспейді. Оған тынымсыз жаттығу, ұзақ еңбек, тер төгу керек. Осы жеңісімді тәуелсіздікке арнағандай сезіндім. Менің еліме, жеріме деген құрметім осы қол жеткізген жеңісіммен сабақтас. Осы орайда жарысқа дайындаған жаттықтырушым Қызылорда қаласындағы қазақ күресінен жасөспірімдердің  аға жаттыктырушысы Берік Қасымбековке, алғашқы жаттықтырушым Әнуар Тәжмахановқа алғысым шексіз. Менің ауылдастарым бүкіл тайлы-тұяғы қалмай жиналып, күтіп алып,  аялап жатыр. 18 желтоқсан күні ауылдың жас буын өкілдері Қорқыт ата әуежайынан күтіп алды.  Күллі мені қолдаған жанашырларыма шын жүректен алғыс білдіремін. Жеңісті күндер көп болғай», – дейді жас палуан Теміржан Руслан. 

Айта кетейік, Темiржан Руслан 2002 жылы 27 қарашада Жалағаш ауданы Темірбек Жүргенов ауылында өмiрге келген. Жас болса да жалағаштық спортшы ауданның, облыстың, одан қалды еліміздің абыройын әлемдік додаларда асқақтатып жүр. Нақтырақ айтсақ, «Жас барыс» республикалық турнирінің 3 дүркiн, қазақ күресінен ҚР чемпионатының 3 дүркiн жеңімпазы, белбеу күресiнен ҚР чемпионатының 3 дүркін жүлдегері. Сондай-ақ, қазақ күресінен 60 кг салмақ дәрежесінде рейтингте 1-ші нөмірлі спортшы. 
19 желтоқсан 2022 ж. 389 0