Ойлылар ойынында оқушылар озды
Бүгін аудандық спорт клубында жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Спорттық іс-шараның мақсаты – ауданда тоғызқұмалақ ойынын барынша дамыту, алдағы уақытта өтетін облыстық, республикалық жарыстарға аудан құрама командасын іріктеу болып табылады. Жарысқа аудан бойынша 36 спортшы қатысты.
Незінен, «Тоғызқұмалақ» ойынының тарихы 4000 жыл бұрын басталған. Ойын жоғары интеллектуалды спорт түрлеріне жатады. Республикамыздың әр түкпірінен табылған, тасқа қашалып қалдырылған тоғызқұмалақ тақтасының бейнелері де ойынның ертеде пайда болғанынан хабар береді. Жалпы «Тоғызқұмалақ» ойыншының жылдам ойлауына, есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруіне ықпал етеді және бабаларымыздың осал адамдар болмағанына көз жеткізеді. Ойын негізінен екі ойыншының арасында өтеді. «Тоғызқұмалақ тақтасы» деп аталатын арнаулы тақтада ойналады. Ойын мақсаты – ойыншы өз қазанына кемінде 82 құмалақ жинап жеңіске жету екені мәлім.
Жарыс жеңімпаздарына арнайы «Алғыс хат» табысталды. Аудан жастары арасындағы тоғызқұмалақ ойынына жыл сайын қызығушылық артып келеді. Алдағы уақытта жарыста жеңімпаз атанған спортшылар аудан намысын республика көлемінде қорғайтын болады.