Ұйымшыл жастар жарысы
Қазір әлемде футбол – ең дамыған спорт түрі саналады. Мемлекеттер арасында аяқдопшылар додасы ұйымдастырылып, кіл мықтыда кімнің мықты екені анықталып жатады. Осы спорт түрі бойынша аудан жастарының аяқ алысы жаман емес. Теңбіл доп тартысында олардың өзіндік бағындырған белестері бар.
Жақында Оспан Мәлібаев елді мекенінде кіші футболдан жарыс өтті. Теңбіл доп додасын ауылдағы 1997 жылы туылған жігіттер ұйымдастырып, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына мұрындық болды. №131 Талғат Қозыбаев атындағы мектепті 2015 жылы бітіргендер білім мекемесі жанындағы спорттық алаңда жас аяқдопшыларды сергітіп, жарыс өткізіп берді.
– Ауыл жастары қайырымдылық істе, елді мекенді гүлдендіруде, спорттық шаралар өткізуге үнемі ұйымшылдық танытып келеді. Алдыңғы толқын ағалардың жолын жалғап біз де өз сыныптастарымызбен кіші футболдан жарық өткізуді ұйғардық. Өзіміз қаржы жинап, жарысқа қатысушыларды ынталандыруға басымдық бердік. Бұл доданы ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – жастардың ұйымшылдығын арттырып, спортпен шұғылдануға ықпал ету, – дейді ұйымдастырушы Бекзат Сейітжанов.
Теңбіл доп додасына 5 команда қатысты. Атап айтқанда, жастардан құралған «2 К», «Қыран», «1991 жылғылар», «1997 жылғылар» және «Мегаполис» командалары тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде қарсыластарын ұтқан «Мегаполис» командасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынды «2 К» командасы иеленсе, «1997 жылғыларға» үшінші орын бұйырды. Жарыс қорытындысында үздіктер марапатталды. Ойынның үздік ойыншысы Елдос Төлегенов, үздік қақпашы Саңрық Кенжеев, Ғалымжан Тасбергенов, үздік қорғаушы Бағдәулет Әбдіров және 12 гол соққан үздік ойыншы Медет Маратұлы өз командаларына жеңіс сыйлады. Жеңімпаздар ұйымдастырушы жастар тарапынан қаржылай сыйлық, кубок, медаль және арнайы дипломмен марапатталды.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ