Байқоңырлық спортшы кикбоксингтен әлем чемпионы атанды
Италия мемлекетінің Лидо ди Езола қаласында дүниежүзінің 63 мемлекетінен 735 спортшы қатысқан жастар мен жасөспірімдер арасында кикбоксингтен әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Байрақты жарысқа қазақстандық спортшылар да қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Байқоңыр қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Нұрасыл Тілектесов 51 келі салмақта әлем чемпионы атанды.
Нұрасылдың айтуынша, 6 жасынан бері спорттың осы түрімен айналысып келеді екен.
«Менің спортқа деген қызығушылығымды арттырған алғашқы жаттықтырушым Нұрбек Маратұлы мен қазіргі жаттықтырушым Берік Қараманұлының қажырлы еңбегі деп түсінемін. Осындай талантты ұстаздарымның арқасында үлкен жетістікке қол жеткізіп отырмын. Алдағы уақытта ел намысын қорғауда осы жетістігімді қайталаймын деп уәде беремін», – дейді әлем чемпионы Нұрасыл Тілектесов.
Қазақ елінің мақтанышына айналып, облысымыздың намысын қорғап жүрген Нұрасыл Тілектесов үшін кикбоксинг өмірінің бір бөлшегіне айналды. Бұл спорт түрінің қыр-сырын игерген жас спортшыны жеңісімен құттықтап, алдағы күндерде өтетін жарыстарда сәттілік тілейміз.