Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейжің-2022: қазақстандық спортшыларға сыйлық беріледі

Бейжің-2022: қазақстандық спортшыларға сыйлық беріледі

Олимпиада ойындарына қатысу үшін Бейжіңге келген спортшылар мен бапкерлер Қытайдың жаңа жылы қарсаңында сыйлықтар алады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қытай күнтізбесі бойынша жаңа жыл 1 ақпанда тойланады.

Осыған орай, төртжылдықтың ірі додасына қатысуға келген спортшылар мен бапкерлерге сыйлықтар беріледі. Тіпті, медиа саласының мамандарына да жаңа жылдың атмосферасын сезіндіру жоспарда бар.

Бұл ақпаратты маңызды іс-шараны ұйымдастырушылар растап отыр.

Айта кетейік, ақпан айының төрті күні басталатын қысқы олимпиадаға қазақстандық спортшылар 87 жолдама жеңіп алды. Шаңғымен жарысудан еліміздің атынан екі ер адам және бес әйел адам сынға түседі.

Олар: Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга.

Фристайл-могулдан бақ сынайтын спортшылар тізімі: Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.

Шаңғы акробатикасынан Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев Қазақстан намысын қорғайды.

Тау шаңғысынан қазақстандық Захар Кучин слалом мен гигантты слаломда сынға түссе, әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая жарыс жолына шығады.

Шаңғымен секіруден Сергей Ткаченко мен Данил Васильев Олимпиада жолдамасын иеленді, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаровқа сенім артамыз. Ол аталған спорт түрі бойынша Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырған қазақстандық ретінде тарихта қалмақ.

Биатлоннан Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузинге жанкүйер боламыз.

Шорт-тректен бес спортшы бақ сынайды. Олар – Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.
31 қаңтар 2022 ж. 305 0