Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сан саланы жаңғырту – ел экономикасының іргесін нығайтады

Сан саланы жаңғырту – ел экономикасының іргесін нығайтады

Осы аптаның сейсенбісінде өңір басшылары Астанаға ат басын бұрды. Басты мақсат – салалық министрлермен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысу. Келелі жиында 2025 жылғы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сарапқа түсіп, алдағы мақсат-міндет толықтай айқындалды.

Өткен мен бүгінді саралап, олқылық пен артықшылыққа мән беретін отырыста көптеген мәселенің түйіні тарқатылды. Ең алдымен, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің баяндамасында еліміздің 2025 жылғы әлеу­меттік-экономикалық даму көрсеткіштері мен Үкіметтің биылға арналған жоспары тіз­бектелді. Өз кезегінде Цифрландыру үдерісі және жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ақша-несие саясаты және инфляцияны төмендету шараларына Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов тоқталды.

Баяндамашылардың келтірген мәлі­меті­нен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алып, күрмеуі шешілуі тиіс мәсе­лелерге назар аударды.

«Бәріңізге мәлім, Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басты. Біз ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында конституциялық реформаның маңызды тұстары туралы айтқанымды біле­сіздер. Қоғамда кеше ғана емес, жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ. Жалпы, былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілді. Сол уақыттан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті. Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Мұны айтып өту маңызды. Себебі еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқым­дағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл – Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі» деген ел Президенті жаңа саяси жаң­ғыру тетіктерін барынша бағдарлап берді.

Дүниежүзінде мүлдем басқа үдерістер болып жатқанын тілге тиек еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы күрделі кезеңде Қазақстанның әлеу­меттік-экономикалық және халықаралық әлеуетін арттыруға басымдық берілу керектігін алға тартты.

«Үкіметтің алдында уақыт оздырмай шешетін бірқатар міндет бар. Атап айтқанда, тұрақты әрі қалыпты инфляция көрсеткішін және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ былтырғы Жолдауымда жарияланған жаңа инвестициялық кезеңді толығымен жүзеге асыру. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу көмекші қызмет атқарумен шектелмей, экономикалық дамудың басты арқауы болуы керек. ЖИ негізінде цифрландырудың бірқатар басты міндеттерін орындау қажет. Бұл – еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағдарланған секторларын қалыптастыру, қосылған құны жоғары өнім шығару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру. Жаңа инвестициялық кезеңді іске асыру еліміздің индустрия, энергетика, көлік салаларындағы заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл эко­номикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс. Осындай жауапты сәтте дұрыс, батыл әрі тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдау өте маңызды. Шынайы өмірге түк қатысы жоқ «құрғақ» ұсыныстар беру, қысқасы, нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет. Бүкіл мемлекеттік аппарат нақты нәтижеге жету үшін жұмыс істеуі керек және оның игілігін бүкіл қоғам көруге тиіс. Осы орайда, қазіргі таңдағы аса өзекті мәселелерге тоқталайын. Инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек. Инфляцияның не себепті жо­ғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр. Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырамын. Осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет. Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Жаңа Салық кодексінің тиімді енгізілуін қамтамасыз ету, Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу, аймақтардағы бюджеттік жоспарлауды сапалы жүргізуге баса мән беру, әлеуметтік саланы цифр­ландыру, электр қуатын тұрақты әрі жеткілікті көлемде өндіру мәселесі бойынша бірқатар басым-бағыт айқындалды. Сонымен қатар «таза» көмір өндірісі бойын­ша Ұлттық жоба әзірлеу, экономикалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану, пайдалы қазбаларды өндіру, шикізатты терең өңдеу бойынша нақты тапсырма берілді. Мал шаруашылығын дамыту, шаруа­ларды мемлекеттік қолдау, кәсіпкерлік саласына айрықша серпін керектігі қарастырылды.

«Жаңа экономикалық үлгіге көшу барысында көлік логистикасын дамытуға жете мән беру қажет. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей орнын тиімді пайдаланбасақ, бұл халқымыз кешірмейтін стратегиялық олқылық болуы мүмкін. Сондықтан бұл міндеттің мән-мағынасы ерекше. Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді экономикалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды қадам. Қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданады. Сондықтан теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет. Бүгінде бірқатар ірі инфрақұрылым жобасының құрылысы аяқталды. Теміржол арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі едәуір жақсарып, теміржолдың жалпы жағдайы тұрақталды. Десек те, еліміздің теміржол транзиті саласындағы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Алайда бұл маңызды мәселе бойынша анық, айқын стратегия әлі жоқ сияқты. Тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымы әлі де көп. Кейбір жерлердегі ахуал тіпті күрделі деуге болады. Биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа теміржол желілерін іске қосу керек. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» теміржолын жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. «Бақты – Аягөз» желісін уақытылы пайдалануға беру керек. Аталған мәселелер туралы жиі айтатын болдық, енді нақты нәтижеге куә болайық. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды» деді Мемлекет басшысы.

Ел экономикасын өркендете отырып, жаңа міндет­терді орындау Үкіметтің құзіретінде. Көп­теген мәселеге назар аударған ел Прези­денті Үкімет мүшелері мен өңір әкімдерін бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.

Б.ОРДАБЕКОВ
14 ақпан 2026 ж. 34 0