Мал шаруашылығының дамуы мен ветеринариялық бақылау мәселелері талқыланды

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде мал басы өсіп, өнім көлемі артуда. Өткен жылы Қызылорда қаласында 800 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын құруға 3,2 млрд. теңге бөлінді. Биыл 11 млрд. теңгеге екі сүт-тауарлы ферма салу жоспарланған. Өңірде мал азығы дақылдары 73 600 гектарға егілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 400 гектарға артық. Ерте көктемде көлдер жүйесін толтыру арқылы 76 200 гектар жайылымдық, шабындық жер суғарылды.
2025-2026 жылдарға 958 мың тонна табиғи шөп, 192 мың тонна жем және 157 мың тонна сабан дайындау жоспарлануда. Жоңышқаның бірінші орымынан 111 300 тонна жиналды. Жаппай шөп дайындау жұмыстары шілде айының екінші жартысынан басталады.
Аса қауіпті 13 жұқпалы мал ауруының алдын алу үшін 6,3 млн. доза ветеринариялық препараттың 4,5 млн. дозасы жеткізілді. Облыс аумағындағы Сібір жарасы көмінділері бақылауда. Ветеринариялық нысандарға қатысты ұсыныстар енгізіліп, биыл 6 жаңа ветпункт салынады. Өткен жылы 7 ветпункт іске қосылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі