Инвестициялық жобалар мен мемлекеттік қолдау механизмдері таныстырылды

«Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – инвестициялық ахуалды жақсарту арқылы отандық және шетелдік инвестиция тарту.
Бұған мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар. Өңірімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Оған дәлел, соңғы 4 жылда инвестиция көрсеткіші жыл сайын өсімді көрсетуде.
Өңірге 2025 жылы 631 млрд. 400 млн. теңге инвестиция тарту межесі бекітілді. Өткен 5 айдың қорытындысымен 229 млрд. 800 млн. теңге тартылып, өсім 27,1 пайызды құрады. Жеке инвестиция үлесі - 70 пайыз. Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2025-2028 жылдары аймақта құны 2 трлн. теңгеге жуық 89 инвестициялық жоба іске асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Биыл 302 млрд. 500 млн. теңгеге 27 жобаның іске қосылуы жоспарланған», – деді Ардақ Зебешев.
Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасы және Үкіметтің қолдауымен «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. АЭА Қызылорда халықаралық әуежайы маңында орналасқан, жалпы аумағы 550 гектар, 25 жыл, яғни 2049 жылға дейін жұмыс істейді. Құрылымында үш ішкі сектор қарастырылған: авиацияға қызмет көрсету аймағы – 50 гектар, көтерме-бөлшек сауда және қоймалау аймағы – 100 гектар, өнеркәсіптік аймақ – 400 гектар.
Құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, көлік-логистика, технологиялар және инновациялар салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделген. Жалпы 22 экономикалық қызмет түрі айқындалған.
Қазіргі таңда облыс әкімдігі АЭА аумағын сапалы инвестициялық жобалармен толықтыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Маусым айында Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» форумы аясында облыс делегациясы мен Қытай компаниялары арасында жалпы құны 30,5 млрд теңге болатын төрт меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, су есептеу құрылғыларын өндіру, ауыл шаруашылығы техникаларын жинау және шығару, кальциленген силикатты тақтайшалар өндіру, жылыжай кешенін салу.
Бұл жобалардың үшеуі «Қорқыт Ата» АЭА аумағында жүзеге асырылады, ал бір жоба дайын өндірістік ғимаратты қажет етеді. Осыған байланысты, облыс әкімдігі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, стандартқа сай шағын өнеркәсіптік аймақтар салуды жоспарлаған. Бұл бастама инвесторлардың жедел орналасуына мүмкіндік береді. Жобаға «БНК Груп» компаниясы қызығушылық танытуда.
АЭА резиденттеріне барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер телімдері ұсынылады. Мұнан бөлек, аймақта орналасқан кәсіпорындар үшін салық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, кедендік баждар, жер және мүлік салығынан, жер пайдаланғаны үшін төлемақыдан босатылады. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін квотасыз және рұқсатсыз тартуға мүмкіндік беріледі.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі