Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Осы апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болып, жаңа Үкімет құрамы бекітілді.

Бұл аптада Олжас Бектенов Премьер-Министр болып тағайындалды.

Олжас Абайұлы 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын (2001 ж.) үздік бітірген, мамандығы «Заңгер».

Сонымен қатар 6 қаңтарда О. Бектенов басқаратын Министрлер кабинетінің құрамы да белгілі болды.

***

48 жастағы Нұрлан Байбазаров Ұлттық экономика министрі лауазымына келді. Бүгінге дейін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін басқарған ол қызметтегі 23 жылының көбін квазимемлекеттік секторда өткерген.

Н. Байбазаров Премьер-министрдің орынбасары қызметін қатар алып жүреді.

***

Қаржы министрі болып Мәди Тәкиев тағайындалды. 2023 жылғы наурыздан бастап ол Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.

***

Төтенше жағдайлар министрі лауазымына келген Шыңғыс Әрінов 2006 жылдан 2022 жылға дейін Мемлекеттік күзет қызметінде түрлі сатыдан өтіп, шыңдалған. 2022 жылдың қаңтарынан бүгінге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары — Президент күзет қызметінің бастығы болып келді.

***

Денсаулық министрі қызметіне Ақмарал Әлназарова келді. Ол осыған дейін Сенат депутаты болды.

А. Әлназарова – медицина ғылымдарының докторы.

***

Мемлекет басшысының Жарлықтарымен келесі лауазым иелері Министрлер кабинетінде бұрынғы орындарында қалды:

- Көлік министрі Марат Қарабаев,



- Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев,



- Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева,



- Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов,



- Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек,



- Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев,



- Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев,



- Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин,

- Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров,



- Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев,

- Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев,

- Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев,

- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова,

- Әділет министрі Азамат Есқараев.



Сонымен қатар, Роман Скляр Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары лауазымына,



Мұрат Нұртілеу Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі лауазымына,

Ғалымжан Қойшыбаев Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы лауазымына,



Тамара Дүйсенова Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына,



Серік Жұманғарин Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына,



Ержан Сәденов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымына,



Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі лауазымына қайта тағайындалды.

***

Осы аптада Айбек Дәдебаев Президент Әкімшілігінің Басшысы болды.

Айбек Арқабайұлы 1980 жылы 1 сәуірде Алматы қаласында туған. 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «халықаралық құжаттанушы» мамандығы бойынша тәмамдаған; 2003 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің магистратурасын аяқтаған, магистр-аймақтанушы.

2022 жылдың 11 қантарынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы болды.

***

Мемлекет басшысының өкімімен Бауыржан Шұбайұлы Артықов «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды.

***

Асат Болатұлы Нұрпейісов Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы болып бекітілді.



Айта кетейік, Асат Болатұлы 1987 жылы 18 шілдеде дүниеге келген. 2010 жылы Прагадағы Нью-Йорк университетін «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша, 2012 жылы Еуропалық бизнес мектебін бітірген, MSc Global Banking and Finance «Халықаралық банк ісі және қаржы» магистрі.

***

Мемлекет басшысының өкімімен Бақыт Үрістемұлы Әбілдинов Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Бақыт Үрістемұлы 1975 жылы 8 ақпанда Алматы облысында дүниеге келген. 1997 жылы - Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, 2002 жылы - «Тұран» университетін, 2006 жылы Еуразиялық нарық институтін бітірген.

***

Мемлекет басшысының өкімімен Дәурен Болатұлы Мұратбеков Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің хатшысы – аппарат басшысы лауазымына тағайындалды.

***

Мемлекет басшысының өкімімен Шайх-Хасан Саттарқұлұлы Жазықбаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Қазақстан армиясында генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев әскери училище курсантынан бастап "Астана" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысына дейінгі лауазымдық жолдан өтті.

***

Мемлекет басшысының өкімімен Роман Алмаханұлы Төреханов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды.

***

ҚР Премьер-Министрінің қаулысымен Асқар Серікжанұлы Жәкенов ҚР Үкіметі Аппараты басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Асқар Жәкенов 1975 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін және «Қайнар» университетін тәмамдаған.

***

ҚР Үкіметінің қаулысымен Ербол Шымкентбайұлы Әліқұлов Мәдениет және ақпарат вице-министрі болып тағайындалды.

Ербол Әліқұлов 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. 2023 жылдың қазан айынан қазіргі уақытқа дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі аппаратының басшысы болды.

***

Осы аптада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Тамабек Әбілхайыр Ғалымұлы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Әбілхайыр Ғалымұлы 1994 жылы Жамбыл облысы Талас ауданында туған. 2015 жылы халықаралық Бизнес университетін «бағалау», Польша Республикасы Луис ұлттық университеті Жоғары бизнес мектебін «менеджмент», 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

***

Қызылорда қаласының прокуроры қызметіне әділет кеңесшісі Жандарбек Сұлтанбекұлы тағайындалды.

Прокуратура органдарында 13 жылдан астам еңбек өтілі бар.

***

Талғат Ғазизов «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры болып тағайындалды.

Оның бұрынғы лауазымы ‐ «Қазпошта» АҚ филиалы директорының орынбасары.

***

Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы лауазымына Армат Жүсіпқалиев бекітілді.

Армат Жалғасбайұлы 1981 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар.

***

Жетісу облысы әкімінің өкімімен Түкібаев Сәкен Ғалымұлы облыс әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.

С. Ғалымұлы - 1991 жылы туған, білімі жоғары.

***

Рустам Қарағойшин «Бәйтерек» холдингінің басшысы болып тағайындалды.

Рустам Тимурұлы 1983 жылы туған. Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институтын және Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған.

***

Әлиев Арман Махмұтұлы Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театрының директоры міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Арман Махмұтұлы 1978 жылы 25 қарашада Қызылорда облысының Шиелі ауданы, Гигант аулында дүниеге келді.

***

Қазақстан бокс федерациясына жаңа басшы сайланды.

Федерацияның жаңа президенті қызметіне Шахмұрат Мүтәліп келді. Ол бұл қызметте Кеңес Рақышевті алмастырды.

Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысындағы Казцик ауылында туған. Экономика ғылымдарының магистрі, Куала-Лумпурдегі The Asia Pacific University of Technology & Innovation (APU) оқу орнында білім алған. Кәсіпкер, «Integra Construction KZ» ЖШС-ның бенефициар иесі.


Фото:turkystan.kz
11 ақпан 2024 ж. 178 0