Парламент палаталарының бірлескен отырысы
Кеше еліміздің елордасында ҚР Мәжілісінің спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен ҚР Парламенті қос палатасының бірлескен отырысы өткізілді.
Оған ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Мемлекет басшысының құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ҚР Мәжілісі және Сенат депутаттары қатысты.
Бірлескен отырыс күн тәртібінде ел Президентінің Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысы қаралған.
Өз кезегінде Мемлекет басшысының Парламентке үндеуін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқып берді. 430 адамға дейінгі бітімгершілік контингентін жіберу жоспарланған. БҰҰ-ның миссияларына қатысу Қазақстан Қарулы Күштеріне әскерлердің жауынгерлік машықтарын жетілдіру үшін пайдаланылатын бітімгершілік операцияларға тән қажетті жауынгерлік дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Қазақстан өзін БҰҰ-ның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі миссияларының жауапты қатысушысы ретінде таныта білгенін, аз уақытта халықаралық бітімгершілік процестерде озық позицияларға ие болғанын атап өтті.
«Бүгінгі ел Президентінің ұсынысы мемлекеттің тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап жүргізіп келе жатқан бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ел саясатының сөзсіз жалғасы екені анық» деді А.Құспан.
Талқылау қорытындысы бойынша Парламент депутаттары Мемлекет басшысының БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын қолдау туралы шешім қабылдады.
«Тт» ақпарат