Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа заң жобасы әзірленді

Жаңа заң жобасы әзірленді

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Парламент Мәжі­лісінде партия фракциясының жиналысын өткізді. Отырыс­та еліміздегі отбасы, ана мен бала құқығын қорғаудың қазіргі жағдайы талқыланды. Сондай-ақ фракция жұртшылықпен бірлесіп әзірлеген балалардың қау­іпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа заң жобасы таныстырылды.

Жиынды ашқан Ерлан Қошанов жас ұрпақтың балалық шағының барынша қауіпсіз әрі бақытты болуына жағдай жасау – Мемлекет басшысы саясатының және «AMANAT» партиясы басымдығының бірі екенін атап өтті. Инклюзивті білім беру жолға қойылып келеді, «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр, барлық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілді, балаларға арналған әлеуметтік төлемдер ұлғаюда. Келер жылдан бастап бұған дейін болмаған «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы іске қосылады.

– Балалардың толыққанды әрі бақытты балалық шағы үшін мемлекеттік деңгейде барлық жағдай жасалып жатыр. Дегенмен, әлі де шешімін күтіп отырған мәселелер бар. Солардың бірі – балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырды. «AMANAT» партиясы жұртшылықпен бірге осы заң жобасын дайындады, – деді партия Төрағасы.

Ерлан Қошанов бұған дейін партия әлеуметтік же­лілерде балаларды қорлаумен күресуге мүм­кіндік беретін кибербуллингке қарсы заң шы­ға­ру бастамасын көтергенін еске салды. Сон­дай-ақ балаларға психологиялық және өзге де кө­мек көрсету үшін партия жанынан «111» се­нім телефоны ұйымдастырылды. Бүгінге дейін «АМАNАТ – 111 жедел қызметін» 47 мыңнан ас­там адам пайдаланды. Бұл жұмысты жаңа дең­гейде жалғастыру үшін осы жобаны Үкіметке беру ұйғарылды.

Жиын барысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жө­ніндегі республикалық кеңестің жетекшісі Динара Зәкиева балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасын таныстырды. Құжатта зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасын ен­гізу, балалар инфрақұрылымының қау­іп­сіз­дігін қамтамасыз ету, кәмелетке толма­ған­дарға қатысты жасалған қылмыс үшін жазаны қатаңдату, озбырлық жасаған адамға пси­­­­­­хологиялық көмек көрсету курсын енгізу бойынша нормалар әзірленді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қатыгездікке, фи­зикалық зорлық-зомбылыққа байланыс­­ты қылмыстар үшін тараптардың татуласуына мүм­кіндік берілмейді.

Жаңа заң жобасында ұсынылған өзгеріс­тердің өзектілігі мен маңыздылығын Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев атап өтті. Іс-шара бары­сында «AMANAT» партиясының Хатшысы Ш.Каринова, Мәжіліс депутаты Е.Жаңбыршин, «Балалар қорғауында» қорының директоры Ж.Ахметова, Түркістан облысы бойынша Бала құ­қықтары жөніндегі уәкіл Г.Вероцкая, «Қорғау-Астана» ҚБ басшысы А.Рыль заң жобасын қолдап, пікір білдірді.

Фракция отырысын қорытындылай келе, партия Төрағасы Ерлан Қошанов заң жобасын жұртшылықпен және мүдделі мемлекеттік құрылымдармен кеңінен талқылануының, құ­жатты тезірек қабылдаудың аса маңызды екенін атап өтті. Жаңа заң жобасы елімізде балаларға қа­тысты жасалатын зорлық-зомбылықпен күре­судің мемлекет үшін жаңа тиімді құралы болуы керек.

«Тт» ақпарат
16 қыркүйек 2023 ж. 251 0