«Мiras»: Кеңесте келелі мәселелер көтерілді
«AMANAT» партиясының жанынан құрылған республикалық және аймақтық қоғамдық кеңестер бар. Сол кеңестердің бірі «Miras» деп аталады. Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі республикалық «Miras» кеңесіне Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай жетекшілік етсе, Сыр өңіріндегі «Miras» аймақтық кеңесіне философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев төрағалық етеді.
Аталған кеңестің көшпелі отырысын аудандарда өткізу бастамасы былтыр көтеріліп, сол бастама биыл Сырдария ауданынан бастап жүзеге асты. Нақтырақ айтқанда, партияның облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық кеңесінің көшпелі отырысы Тереңөзек кенті мен Қалжан ахун ауылдарында ұйымдастырылды.
Кеңес мүшелері ең алдымен Қалжан ахун мешіт-медресесіне барды. Мұндағы жағдаймен танысып, жөндеуді қажет ететін нысанның бөлмелерін, аумағын аралап көрді. Сондай-ақ сағананы да көріп, бірқатар өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныстарын айтты. Мұнан соң теміржол вокзалына келіп, қаңырап бос тұрған, бірақ мемлекет қорғауына алынған ғимаратты көрді. Екі нысан бойынша өлкетанушы Ж.Маханбет ақпарат беріп, тарихымен таныстырды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган өкілдері жоспарларымен бөлісті. Нысандарды аралап болғаннан кейін кеңес мүшелері аудандық партия филиалында жиналыс өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, партия филиалының атқарушы хатшысы Е.Жақып, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Отырысқа кеңес мүшелерінен бөлек партияның облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов қатысып, кеңес алдындағы міндеттерді кеңінен айтып өтті.
– Біздің кеңестер қоғамды толғандырған тақырыптарды уақытылы көтеріп отыруы тиіс. Бұл талап бізге орталық аппараттан қойылуда және халықтың бүгінгі сұранысы да осыған сәйкес келеді. Салалық кеңестердің тиімділігін түбегейлі арттырып, бұл жұмысқа партияның жаңа жақтастарын, сарапшылар мен қоғамдық пікір көшбасшыларын тарту керек. Біздің кеңестер қоғамды толғандырған тақырыптарды анықтап, уақытылы көтеріп отыруы, проблемалық нысандарға баруы, оларға қатысты шешім шығарып отыруы тиіс. Бұл партиялық құрылымдардың жұмысын жандандыруға және «AMANAT»-тың әрбір мүшесінің сайлауалды міндеттемелерді орындау кезіндегі жеке жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Алтынбек Шәкімаұлы.
Ал көшпелі отырырыста Сырдария ауданындағы тарихи-мәдени нысандардың жай-күйі мен ұрпақ тәрбиесі мәселесі талқыланды. Бірінші мәселе бойынша аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жеңісбек Төрәлиев баяндама жасады. Ол ауданның тарихи орындарға бай екенін айтып, аудан көлемінде 59 тарихи-мәдени мұра объектілері бар екенін жеткізді. Оның 4-уі республикалық, 13-і жергілікті, сонымен қатар 42 ескерткіш алдын ала тізімге алынған. 59 ескерткіштің 15-і археологиялық, 44-і қала құрылысы және сәулет ескерткіші болып бөлінген.
Бұл мәселе бойынша кеңес мүшелері С.Бихожа, А.Шалғынбаева, С.Көзейбай, А.Ибрагимұлы сөз сөйлеп, пікір білдірді. Мемлекет қорғауына алынған нысандардың қаңырап бос тұруы мен бұзылуға жақын қалғанын сынға алды. Айтылған ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, жоғары тұрған органдардың қарауына енгізілетін болып келісілді.
Келесі мәселе ұрпақ тәрбиесіне арналды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков хабарлама жасап, тәрбие мәселесі қай кезде де өзекті екеніне тоқталды. Бөлім басшысы жасөспірімдер арасында жаппай төбелес, суицид, зорлық-зомбылық әрекеттері белең алып тұрған тұста оқушылардың іс-әрекетіне жіті көңіл бөлу керектігін айтты. Кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салып, бірлесе жұмыс істеуге ынталы екендіктерін жеткізді. Кеңес төрағасы Баймырза Қожамберлиев «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» тұжырымдамасын дайындау қарастырылғанын еске салып, бірқатар нақты тапсырма берді. Аталған тапсырмалардың орындалуы «Miras» аймақтық кеңесінің хатшысы Ә.Мұхтаровқа жүктелді.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ