Италияның Премьер-министрі Астанаға келе алмайтын болды
Италияның Премьер-министрі Джорджа Мелонидің Астанаға жоспарлаған сапары болмайтын болды. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-те хабарлады.
«Эмилия-Романья аймағында болған жойқын су тасқыны салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони табиғат апатынан зардап шеккен өңірлерге бару үшін Хиросимада өтіп жатқан G7 саммитіне соңына дейін қатыспай, еліне қайтып барады. Келіп түскен мәлімет бойынша Италияның солтүстігінде кем дегенде 40-тан астам елді мекен су астында қалып, 20 мыңнан астам адам баспанасынан айырылды. Осы себепке байланысты Италия Үкіметі басшысының Астанаға жоспарланған жұмыс сапары болмайды», деп жазды Руслан Желдібай.
Руслан Желдібайдың жазуынша, Италия тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелонидің телефон арқылы сөйлесуін ұйымдастыруды сұраған.