Президент Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының тең төрағасын қабылдады
Президент Францияның Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министр-делегаты, Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бештті қабылдады, деп хабарлайды akorda.kz.
Мемлекет басшысы жоғары лауазымды дипломатқа ілтипат білдіре отырып, қазақ-француз қарым-қатынастарының деңгейін жоғары бағалады және оның елімізге алғашқы ресми сапары барлық саладағы стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенімді екенін айтты.
– Сіз Президент Эмманюэль Макронның арнайы сәлемін жеткізіп отырсыз. Мен де оған деген шынайы құрметімді білдіремін және жүрекжарды лебізімді жолдаймын. Біз Франция президентінің өзіне ыңғайлы уақытта елімізге мемлекеттік сапармен келуін күтеміз. Бұл сапар көптеген саладағы өзара тиімді ынтымақтастығымызға тың серпін береді деп санаймын. Франция – Еуропадағы ең басты серіктесіміз. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға мүмкіндігіміз мол екеніне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға жасаған сапарының қорытындысы бойынша, соның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан нарығына, әсіресе мұнай-газ химиясы, жасыл энергетика, авиация және өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика салаларына француз бизнесін кеңінен тарту үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін айтты.
Өз кезегінде Оливье Бешт Мемлекет басшысына қонақ жайлық көрсеткені үшін алғысын айтып, Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуына көңілі толатынын жеткізді.
– Былтыр қараша айында Парижге жасаған ресми сапарыңыз өте сәтті болды және екіжақты қарым-қатынастарға нақты саяси серпін берді. Президентіміз Сізбен арадағы жақсы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуды маңызды деп санайды. Бұл бізге аса маңызды халықаралық мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасуға мүмкіндік береді. Сондықтан Президентіміз серіктестігімізді дамытуға барынша күш салуымды сұрады. Қазақстан – сенімді серіктес, достас мемлекет әрі Орталық Азиядағы бізбен стратегиялық байланыс орнатқан жалғыз ел, – деді министр-делегат.
Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де қарастырылды.