Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа заң: оң және теріс әсері

Жаңа заң: оң және теріс әсері

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев  2022 жылы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойды. Бұл Заң баспасөзде 1 қаңтарда ресми жарияланғанымен 2023 жылдың 3 наурызы­нан бастап күшіне енді. Бүгінде қарыздары бар, сол қарыздарын өтей алмайтын азаматтар аталған Заң бойынша банкроттық туралы өтініш беруді бастады.

Әуелі жұртшылық асыға күткен, қоғам белсенділері мен Парламент депутаттарының бірнеше рет талқысынан өткен заң жө­нінде қысқаша айтсақ. Заңда халықаралық тәжірибе ескеріле оты­­рып, 3 түрлі рәсім көзделген. Олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитордың борышкердің банкроттығына өтініш беруге мүлдем құқы жоқ.

Енді түсінікті болу үшін біртіндеп баяндасақ. Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық деп аталады. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Ол үшін бірнеше шарт сақталуы қажет. Атап айтқанда, берешек көлемі 5,5 млн теңгеден аспауы керек. Мұны бір деп түртіп қойыңыз. Екіншіден, несие 12 ай бойы өтелмесе және жеке тұлғаның меншігінде мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін заң қолданылады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделгенін айта кетуіміз керек. Жеке тұлғалар өтінішті «Электронды үкімет порталы» арқылы беруге болады. Өтініш берген кезде ақпараттық жүйе арқылы борышкердің тиісті критерийлерге сәйкестігі мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде тексеріледі.

Ал екінші рәсім – сот банкроттығы. Мұның мақсаты – бан­кроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. «Fingramota.kz» басылымының жазуынша, сот арқылы банкроттық барысында борышкердің мүлкі сауда-саттық кезінде сатылады екен. Алайда, бұл жерде ескеретін тұстар бар. Кредитор сот арқылы банкроттық барысында борышкердің жалғыз баспанасын тек ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы. Қалған өтелмеген сома борышкердің жосықсыздығы белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады, яғни мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат ұсыну және т.б.

Заңға зер салсақ, сот арқылы банкроттық рәсімін қаржылық басқарушылар жүзеге асыратынын аңғарамыз. Олардың құрамы­на заңды тұлғалардың және ДК банкроттығы рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары, аудиторлар кіреді. Осы ретте қаржылық басқарушылардың көрсететін қызметтері ақылы екенін ескеру керек және ол ақы қарызы бар борышкердің мүлкі есебінен жүргізіледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, мүлкі жоқ тұлғаларға қаржылық басқа­ру­шылар  қызметті тегін көрсетуге мүдделі. Қаржылық басқа­ру­шылардың тізімі ҚР Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында жарияланады.

Наурыз айынан бастап күшіне енген заңдағы үшінші рәсім азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге арналған. Онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігі қарас­тырылған. Оның артықшылығы – азамат «банкрот» болып саналмайды. Демек, банкрот үшін көзделген салдарлар оған қол­данылмайды. Тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолдана алады, ол борышты 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін сот арқылы алу мүмкіндігіне ие болады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге өтініш беруді жоспарлап отырған борышкер үшін жалғыз шарт – борыш мөлшері қарыз алушыға тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотпен бекітіледі. Мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сату, құны төмен тұрғын үйге айырбастау қалпына келтіру шараларына кіреді. Банкроттықтың салдары туралы айтсар болсақ, 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу қойылады. Бірақ, ломбардтардың микрокредиттерін алу бұған кірмейді. Банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдануға болады.

Қазір жеке тұлғалар «Банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі туралы кеңесті қайдан алуға болады?» деген сұрақты көп қояды. Бұл туралы ақпарат ҚР Қаржы министрлігі мен ведомствоның кірістер комитетінің ресми сайтында жариялануда. Сырдария аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары да тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ қосымша мәліметтер алу үшін 1414 бірыңғай байланыс орта­лығына хабарласуға болады. Қаржы министрлігінің хабарла­уынша, қазір ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. «Азаматтарға арналған үкімет» байланыс орта­лық­тары және Мемлекеттік кірістер комитеті арқылы елді мекен­дерде де көшпелі жиындар мен тақырыптық кездесулер ұйым­дастырылуда.

Жыл басында өткен Үкімет отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы М.Әбілқасымова: «2022 жылдың 11 айында банктердің жеке тұлғаларға берген кредиттері 13,9 трлн теңгеге жетіп, қарыз алушылардың жалпы саны 6 млн 868 мың адамды құрады. Оның ішінде, 90 күннен астам мерзімі өткен кредиттердің үлесі 5,6% немесе 461 млрд теңге. Елімізде 90 күннен астам кешіктірілген қарыз алушылардың саны 536 мың адамды құрап отыр», деді. Осылайша, Агенттік басшысы олардың саны күн сайын қарқынды өсуіне алаңдаушылық білдірген еді. Мәселен, осы санаттағы несие мерзімін кешіктірушілер саны 2022 жылдың 11 айында өткенжылға қарағанда 121 мың адамға ұлғайғандығын айтты.

Көптеген сарапшылар отандастарымыз өздерін тақырға от­ырдым деп заңдастырмас бұрын,  жаңа  заңда көрсетілген бар­лық талаптарды дұрыс түсініп алғаны жөн дегенді алға тартады. Ал белгілі экономист-сарапшы Сапарбай  Жұбаев аталған заң негізінен жеке азаматта үшін шығарылғаны мен оның оң әсе­рінен бөлек кейбір зиянды тұстары да бар дейді.  Оның сөзінше, банкроттық туралы заң жеке азаматтарға арналған. Сарапшы, аталған заңның оң әсері туралы, банк немесе шағын несие ұйымдары алдындағы берешек борышын өтей алмай жүрген азаматтарымыз қарыздарынан құтылатынын баса айтты.

«Заңның кейбір жағымсыз тұстары туралы мынаны айтуға бо­лады. Мәселен, сот шешімі арқылы өзін банкротпын деп жарияла­ған адам алдағы бес жылға дейін ешқандай қаржы ұйымнан не­сие рәсімдей алмайды. Одан бөлек  ол азамат жеті жылға дейін өзін екінші рет банкроттыққа  өтінім беруден шектеледі. Оған қоса үш жылға дейін барлық қаржылық әрекеттері тиісті орындардың бақылауында болады. Оның әсері ары қарай жеке бизнестерін жүргізуге айтарлықтай кедергі келтіреді. Азаматтарымыз өзін банкротпын деп жариялауға әрекет етпес бұрын осы жақтарын нақтылап түсініп алуы керек деп санаймын» дейді сарапшы Сапарбай Досжанұлы.

Халқымызда «Таудай садақа бергенше, тарыдай қарызыңнан құтыл» деген нақыл бар. Бүгінде несиесіз адамдар бірен-саран болғанымен бұл мүлдем шешілмейтін күрделі мәселе емес. Оған заңдағы азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге арналған үшінші рәсім дәлел бола алады. Ендеше, азаматтар бірден банкроттыққа асықпай, керісінше төлем қабілетін қалпына мейілінше келтіруді ойлағаны жөн секілді. 


А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
22 сәуір 2023 ж. 422 0