Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мандат бөлінісі белгілі болды

Мандат бөлінісі белгілі болды

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс сайлауының қорытындысын жариялады. Ресми қорытындыны жұртшылық асыға күткендіктен ақпаратты газет бетіне жариялауды жөн көрдік.

ОСК таратқан мәліметке сәйкес сайлау қорытындысында «Amanat» партиясы ең көп дауыс, яғни 53,90 пайыз жинаған. Екінші орында 10,90 пайызбен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы тұр. Үздік үштікті 8,59 пайыз иеленген «Respublica» партиясы қорытындылайды. Төртінші орынға 8,41 пайыз дауыс жинаған «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы жайғасса, бесінші орындағы Қазақстан халық партиясы 6,80 пайыз еншілеген. Бұл жолы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 5,20 пайызбен Мәжіліске өту мүмкіндігіне ие болды. Ал Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 2,30 пайыз жи­наған. Сәйкесінше «Бәріне қарсымын» деген бағанды таң­да­ған­дардың үлес салмағы 3,90 пайыз болыпты.

Сонымен Мәжілістің 98 депутатының 29-ы бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланады. Қызылорда облысынан бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша 148 646 дауыс жинаған Мархабат Жайымбетов мәжілісмен атанбақ.

– Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау өз мәресіне жетті. Сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша, сырбойылық сайлаушылардың басым дауысына ие болыппын. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш, мерей. Осы орайда, теңдессіз қолдау көрсеткені үшін халыққа – жерлес­терімнің әрқайсысына жеке-жеке рақметімді айтамын. Сенім артып, саяси додаға қосқан «Amanat» партиясына, демалыс күндері де тыным таппай, жан-жақты үгіт жүргізуге атсалысқан сенімді өкілдеріме, сонымен бірге болашағыма бағыт-бағдар беріп, ел алдында мерейімді өсірген қоғам қайрат­­­керлері Тұрғанбай Маханов, Жарылқасын Шәріпов, Ибрагим Әбибуллаев, Қорғанбек Қайруллаев, Қалқазбек Әжібеков, Дайрабай Ысқақов, Мұрат Бақтиярұлы, поэзияның «гладиаторы» Шаһизада Әбдікәрімов ағаларыма және басқа да жанашыр азаматтарға алғыс білдіремін. Сайлауда «қар­сылас» болған кандидаттардың және оларға дауыс берген сайлаушылардың ұстанымына да құрметпен қараймын. Барлы­ғымыздың ойымыз бір арнада тоғысатынына күмәнім жоқ. Ол – әділетті қоғам құру, халықтың әл-ауқатын арттыру, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосу. Сол мақсатта олармен де тізе қосып, жемісті жұмыстар атқарамыз деп ой­лаймын. Сайлауға өмірімде тұңғыш рет қатыстым. Үлкен тәжірибе жинақтадым десем, артық айтқандығым емес. Қай жерге кездесуге барсам да ауыл-аймақтағы ағайын төбемді көкке жеткізіп, жылы сөздерін арнады, үлкендер батасын берді. Өзекті мәселелерді де ашық көтерді. Насихат науқаны барысында байқағаным және мені қуантқаны, Сыр азаматтары ілгері ұмтылушылықтың сөзін сөйледі һәм елдегі өрелі өзгерістерді қолдайтынын білдірді. Өзіме жүктелген жауап­кершіліктің, артылған аманаттың салмағы ауыр екенін сезі­немін. Ел сенімін серік етіп, жаңа алаңда – Мәжіліс мінберінде еліміздің, Сыр жұртының мүддесін қорғауға, өзекті проблемаларын шешуге қолдан келгенше үлес қосамын. Сайлауалды үгіт кезінде айтылған міндеттердің орындалуына, тұр­ғын­дарды алаңдатқан түйткілдердің түйінін тарқатуға қажыр-қайратымды жұмсаймын. Шынында, біз мемлекетіміз тарихтың жаңа кезеңіне, аймағымыз дамудың жоғары дең­гейіне көтерілген уақытта халық қалаулысы атанып отырмыз. Ел үшін атқарар жұмыстар еселенді. Сенім білдіріп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін тағы да алғысымды айтамын, – деп жазба қалдырды әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Мархабат Жайымбетов.

Ал жалпы партиялық тізім бойынша «Amanat» партия­сы – 40, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 8, «Respublica» мен «Ақ жол» Қазақстанның демо­кратиялық партиясы – 6, Қазақстан Халық партиясы – 5, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 4 мандат иеленбек. Мандат иелерінің есімі әр партияның бюро оты­рыс­тарында белгілі болады. Оны алдағы уақытта жазамыз.

Айта кетейік, Мәжіліс сайлауын бақылау үшін Қазақ­станға 41 мемлекет пен 12 халықаралық ұйымнан 793 бай­қаушы келген. Оның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақ­тастық ұйымынан ең көп бақылаушы қатысқан. Бар­лығы 331 байқаушы мен 230-дан астам шетелдік БАҚ өкілі саяси науқан туралы ақпарат таратқан. Одан бөлек партиялар мен бір мандатты округтерден тіркелген кандидаттардың сенімді өкілдері сайлаудың әділ өтуін қадағалады.


А.ИБРАГИМҰЛЫ
28 наурыз 2023 ж. 248 0