Сырдариялықтардың белсенділігі жоғары болды
19 наурыз күні Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті. Бұл сайлауда да сырдариялық жұртшылық ерекше белсенділік танытып, таңмен таласа өз таңдауларын жасауға асықты. Нәтижесінде, ауданда сайлауға қатысушылардың саны 86,06 пайызды құрап, облыс бойынша алдыңғы үштіктен көрінді.
Елдегі маңызды саяси науқан Сыр елінде үлкен мерекеге айналды. Көпшілік әз-Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген сайлауға көтеріңкі көңіл-күймен, қазақы дәстүрлерді жаңғырта келді. Аудан орталығында дауыс берушілерге арналып шатыр тігіліп, онда халыққа наурыз көже мен бауырсақ таратылды. Ел болашағы үшін дауыс беріп, таңдау жасауға асыққан халықты аудан өнерпаздары әуелеген әнмен, күмбірлеген күймен қарсы алып жатты.
Сырдария ауданы бойынша 18 сайлау учаскесі қызу жұмыс жасады. Онда 21 625 дауыс беруге құқығы бар сайлаушы тіркелді. Сайлау учаскелерінің жұмысы таңғы 7.00-ден бастап 20.00-ге дейін жалғасты. Әр учаскеде алғашқы жұмыс Мемлекеттік Гимн шырқаудан басталды. №155 сайлау учаскесінде Ұлы Отан соғысының ардагері, қос ғасырдың куәгері Яхия Тасыров алғашқы болып дауыс берді. Жасы жүзден асса да мемлекет үшін маңызды саяси науқандарда белсенділік танытып, таң ертемен дауыс беруге асығатын ақсақал бұл жолы да ел ертеңі үшін өз таңдауын жасады. Саяси науқанның болашақ ұрпақ үшін мәні мен маңызын атап өткен қария ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
Таңмен таласа орталыққа ағылған жас та, кәрі де ел үшін жауапкершілікті айқын сезінді. «Еліміз, жұртымыз аман болсын! Ел ертеңі үшін дауыс берейік» деген нағилық «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелері де өз таңдауларын жасап, мерекелік көңіл күйді көрікті етті. Айдарлы ауылдық округінен құрылған «Сұлуай Әжелер» ансамблі де науқаннан қалыс қалмады. Береке мен бірліктің, татулықтың үлгісін көрсеткен әжелер сайлау учаскесіне бір ауыздан жинала келіп, дауыс берді. Немерелерін ерте келген әні мен сәні жарасқан әжелер көпшілікке үлгі болды. Бесарықтық «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблі мүшелері де бірлік пен татулықты көрсетіп, бірге келіп, дауыс берді.
Ал С.Сейфуллин ауылының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Балай әже отбасымен №159 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.
Үш ұл, жеті қыз тәрбиелеп, 32 немере мен 36 шөбере сүйген алтын құрсақты ана ел-жұрттың амандығын тілеп, бата берді. Сондай-ақ екі мәрте «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бексұлу Синаева да өз таңдауын жасады. Облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында «Озат отбасы» номинациясын иеленген Есенхожаевтар әулетінің отанасы, шаңырақтыңұйытқысы болған ақ жаулықты ардақты жан Шіркейлі ауылындағы №166 сайлау учаскесіне келіп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетті.
Сәні мен салтанаты, әні мен күйі жарасым тауып, татулық пен бірліктің мызғымас үлгісін көрсетіп келе жатқан Сәдуақасовтар отбасы саяси науқанды мерекеге айналдырды. Отбасылық ансамбль мүшелері әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төгіп, келушілерді ерекше әсерге бөледі. Шаңырақтың тірегі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Құрақтың Досжаны» халық ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, мәдениет саласының ардагері, аудандық «Ақсақалдар Кеңесінің» төрағасы Сандыбай Сәдуақасов аудан орталығындағы сайлау учаскесіне отбасымен келіп, дауыс берді. Сондай-ақ саяси науқанның дұрыс өтіп, азаматтардың ел пайдасына жұмыс жасауын тілек етіп, батасын берді. Арда азаматтар мен ардақты ардагерлердің саяси науқаннан шет қалмай, белсенділік танытуы бір жағынан ел болашағына алаңдау болса, екінші тұстан кейінгі ұрпаққа үлгі мен өнеге болды.
Ал нағилық, ақжармалық көкпаршылар жақсы үрдіске жол ашты. Жылқы десе жанарында жалын ойнап, қазақ десе қаны тулап тұратын азаматтар саяси сәттің мәні мен маңызына қанығып, бірауыздан дауыс беруге келуді жөн деп тапқан. Аттың құлағында ойнап, ар-намысты бәрінен биік қойған ер-жігіттеріміз ел үшін маңызды қадамнан қалыс қалмайтындықтарын жеткізді. Сайлау учаскесіне келіп дауыс берген көкпаршылар көпшілікке ұлттық рух сыйлады. Сырдариялық спортшылар да науқанға белсене қатысып, бірлесе келіп, дауыс берді.
Маңызды науқаннан әр ауылдық округ пен кент орталығындағы жастар өкілдері де қалыс қалмады. Олар таңмен таласа сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасап, пікірлерімен әлеуметтік желілерде бөлісіп жатты. «Мен осы ауылдың жас көшбасшысы ретінде №171 сайлау учаскесіне келіп дауыс беріп, таңдауымды жасадым. Мемлекетіміздің мызғымас іргетасын қалауға әр қатарласым өз үлесін қосуы тиіс деп санаймын. Бүгінгі сайлау сондай мүмкіндіктің бірі. Себебі, біз өз дауысымыз арқылы ертеңгі күнге жол қалап, бағытымызды айқындауға септігімізді тигізбекпіз. Бір қуантарлығы, сайлауға халық көптеп қатысуда. Өзім дауыс бергеннен кейін де сырттай бақылап тұрдым. Жастар да, қариялар да келіп таңдауларын жасауда» дейді айдарлылық жастар белсендісі.
18 жасқа енді толған аудан тұрғындары ең алғашқы сайлауында дауыс беріп, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз таңдауларын жасап жатты. Жауапкершілікті сезініп, алғаш рет саяси науқанға үлес қосқан жастарға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Сондай-ақ биылғы туған күні сайлау күнімен тұспа тұс келген азаматтар да құттықтау мен сый-сияпаттан құр қалмады. Ұйымдастыру алқасы ең бірінші келген азаматтар мен сайлауға алғаш қатысқан тұрғындарға, сонымен қатар жас отбасылар мен әр жүзінші дауыс берушіге арнайы сыйлықтар ұсынды.
Айта кетейік, ауданда авто-еріктілер тұрғындарға қызмет етті. Өз елінің нағыз патриот азаматтары жеке көліктерімен халыққа тегін қызмет көрсетіп, сайлау учаскесіне дейін тегін жеткізіп тастады. Ауа райы құбылмалы болған сайлау күні авто-еріктілердің көмегі зор болып, тұрғындарға қол ұшын созған азаматтарға халық ақ батасын жаудырып жатты.
Аудан орталығындағы және ауылдық округтегі учаскелерде дауыс берушілер арасында спорттық сайыс та ұйымдастырылды. Сайлаушылар гір көтеру, қол күрес, арқан тартыс секілді ұлттық спорт түрлерінен бақ сынап, саламатты өмір салтын насихаттады. Арнайы жүлде мен марапаттарға ие болып, бір сергіп, маңызды науқанға атсалысқан көпшіліктің көңілі де көтеріңкі болды.
Жетікөл ауылының тұрғындары қашан да игі істің басы-қасынан табылады. Қазақтың жаңа жылы, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен тұспа тұс келген сайлауға келген ауыл ардагерлері көшет егіп, кейінгі буынға игі істі насихаттады. Ел-халықтың амандығы мен тыныштығын тілеп қол жайып, бата еткен ақсақалдар жас буынға өсиет-өнеге көрсетті.
Аудандағы этнос өкілдері де ел үшін маңызды сәттерден қалыс қалған емес. Ауданда жалпы саны 463 әртүрлі этнос өкілдерінің 16 түрі тату тәтті мекен етеді. Олар саяси науқаннан шет қалмай, өз таңдауларын жасады. «Біз елдің ынтымағы, татулығы, тұрақтылығы үшін дауыс бердік. Себебі, ел келешегі – бұл біздің де келешегіміз. Оны жақсы түсінеміз. Біз бейбітшілік пен келісімде, тұрақтылықта өмір сүргіміз келеді» дейді аудан тұрғыны Никита Мясцов.
Сайлау күні қарсаңында ауданда дүние есігін ашқан сәби мен оның анасына да зор құрмет көрсетілді. Саяси науқан кезінде шыр етіп дүниеге келіп, жаңа күннің бастауы болған сәбидің анасын аудандық емхана басшысы Жалғасбек Үсенов арнайы құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Содан кейін ауданға қарасты елді мекендердегі мүмкіндігі шектеулі тұрғындар да үйден дауыс беру құқығына сай өз таңдауларын жасауға мүмкіндік алды.
Жалпы, таңғы 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін созылған дауыс беру науқаны Сыр елі үшін үлкен мерекеге айналды десек те болады. Сән мен салтанаты жарасқан сырдариялықтар саяси науқанда белсенділік танытып, елдің ертеңі үшін өз таңдауларын жасады. Нәтижесінде, дауыс беру көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы республикада көш бастады. Алдын ала көрсеткіштер бойынша дауыс беруге келген азаматтардың саны бойынша облыстағы көрсеткіш 67,21 пайызды құрады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ