Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үміткерлерді ұсыну кезеңі аяқталды

Үміткерлерді ұсыну кезеңі аяқталды

Келесі айдың 20-жұл­ды­­зында еліміз­де Президент сайлауы өтеді. Бүгінде Мемлекет басшысы лауа­зымына бес үміткердің ұсы­­­­нылғаны ресми хабарлан­ды.

10 қазан күнгі ақпарат бойынша есім­дері белгілі болған кандидаттардың төртеуі – ер азамат болса, біреуі – әйел. Олар – Жигули Молдахалықұлы Дайрабаев,­ Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев, Мейрам Қажыкен, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев және Қарақат Жақсылыққызы Әбден.

Кандидаттарға қандай талаптар қойылатынына тоқталар болсақ, бірін­шіден ұсынылған үміткер ҚР азаматы болуы қажет. Сондай-ақ ҚР аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы тиіс. Мұнан бөлек кандидаттардан жоғары білімінің болуы, жасының 40-қа толуы, белсенді сайлау құқығының, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы талап етіледі. Үміткер мемлекеттік тілді еркін меңгеруі де керек. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің әрқайсысы 118 000 қол жинауы қажет. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар үшін сайлау жарнасының мөлшері бүгінде 3 миллион теңгені құрайтынын да айтып өткеніміз жөн. Республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттаманы, дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші және кандидаттың сайлау жарнасын төлегенін растайтын түбіртекті өткізгеннен кейін 5 күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтайды.

Заңнама талаптарына сай кандидат­тарды ұсыну 23 қыркүйек пен 11 қа­зан аралығында өтеді. 21 қазан ара­­лы­ғында кандидаттың Конституция жә­не Конституциялық заң талаптары­­на сәй­кестігі анықталады. Ал сайлау алдын­дағы үгіт-насихат жұмысы 21 қа­зан мен 18 қараша аралығында жүргі­зіледі. Үгіт жүргізу 18 қараша күні сағат 18.00-де тоқтатылса, 19 қараша – сайлау алдындағы тыныштық күні болып бел­гіленген.
Айта кетейік, сайлау 20 қараша күні таңғы сағат 07.00-де басталып, 20.00-ге дейін жалғасады. 21 қараша мен 27 қараша аралығында алдын ала қоры­тынды шығарылады. Ал 27 қараша күні нәтижелерді белгілеу және сайланған Президентті тіркеу өтеді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
11 қазан 2022 ж. 292 0