Сырдарияда су көлемі артты
Соңғы 2-3 аптаның көлемінде Сырдариядағы су көлемі артып, дария суы толды. Бұған жергілікті тұрғындар қуануда. Десе де мамандар мұны көршілес мемлекеттегі жауын-шашынның көп түсуімен байланыстырып, алдағы уақытта су көлемі қайта азаятынын айтып отыр.
– Бүгінде Сырдария қайта қалпына келуде. Бірақ мұның осы деңгейді сақтап тұруы екіталай. Себебі көрші елдердің су жіберуіне бір ғана себеп бар. Наурыз айының басында Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында Өзбекстан, Тәжікстан республикаларында және Түркістан облысы жауын-шашынды болып, «Шардара» су қоймасына түскен су көлемі күрт көбеюінен су қоймасындағы су көлемі 5,0 млрд текше метрге жетті. Сол су қазір еріп бізге жетуде. Соңғы бір апта көлемінде жауын-шашын тоқтады. Ал көршілес қырғыз бен өзбек ағайындар егін егуді бастап кетті. Енді су көлемі қайтадан ақырындап азаюда, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров егістікке су беру кезінде су тапшылығы болуы мүмкін екенін айтады. Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасының толу көрсеткіші жобалық көлемге жеткен. Сондықтан су қоймасына түсетін барлық су көлемі дарияның төменгі ағысына уақытша мерзімге транзиттік режимде секундына 1000 текше метр көлемінде су жіберілуде. Сырдария өзенімен облыс шекарасына 650 м3/сек су түссе, одан Қызылорда, «Әйтек», «Қараөзек» және «Қазалы» су торабынан төмен су жіберіліп жатыр.
«Биыл Шардара су қоймасына түсетін су көлемі 2,3 млрд.м³ болып, «Көксарай» су реттегішіне 1,5 млрд.м³ су жиналмаса, облыс аумағында егістікке су беру маусымы кезеңінде су тапшылығы болады деп күтілуде» дейді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Ж.Ерназаров.
Аудандарда егін егу науқаны жүргізіліп жатыр. Сондықтан егіске су алғанда дария суының деңгейі төмендейтінін айтады мамандар. Мұның шаруаларға тигізер кері әсері көп. Сондықтан оларға суды үнемді пайдалану керектігін ескертеді.
«ТТ» ақпарат