Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы
Тағы бір жыл аяқталар тұста аудандағы Қоғамдық кеңес жұмысы кезекті жиынын өткізді. Күн тәртібіне ұсынылған мәселе – аудан халқына медициналық көмектің көрсетілу жағдайы болды. Ауқымы кең сала жұмысы туралы аудандық аурухананың бас дәрігері Н.Мырзағалиева баяндама жасады.
Бас дәрігер Қоғамдық кеңес мүшелері алдында соңғы үш жыл ішінде атқарылған жұмысы туралы есеп берді. Соңғы мәлімет бойынша аудандық емханаға 35829 халық тіркелген. Денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда 250 орындық емхана, 110 төсек орындық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік бекет пен 1 медициналық бекет бар. Соңғы үш жылда 380 млн теңгеден астам қаржыға жаңадан құрал-жабдықтар алынып, материалдық-техникалық база жасақталған. Аурухана деңгейінде қабылдау бөлімшесі, ауданаралық оңалту және паллиативті көмек көрсету бөлімшесі, 2-ші деңгейлі перзентхана және гинекология бөлімшесі ашылған. Жаңашылдыққа бет бұрған медицина саласы цифрландыруға көшті. Бас дәрігердің сөзімен айтқанда, электронды денсаулық паспортынан бастап, электронды кезек, мобильді қосымша т.б. салаға батыл еніп, электронды құжат айналымы 82,2 пайызды құрады. Сонымен қатар, скрининг өтетін пациенттердің маршруттарын оңтайландыру және сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік-психологиялық және алдын алу бөлімшесі, амбулаториялық реабилитация, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету кабинеті, CALL орталығы, мобильді топ, жылжымалы стоматологиялық бригада ұйымдастырылды.
Жалпы, пандемияға байланысты айтқан бас дәрігер 2020 жылы ауданда 185 коронавирус инфекциясын жұқтырғандар анықталса, 2021 жылы бұл көрсеткіш едәуір өсіп, 658 адам сырқаттанған. Аудандық ауруханада 351 адам ем алған. Вакциналау бойынша І кезеңді алған 20362 адамның екінші кезеңде 20051 адам алып, орындалуы 98,7 пайызды құраған. Ревакцинация бойынша бөлінген 3462 дозаның бүгінде 1068-і егілген.
Сондай-ақ, бас дәрігер Н.Мырзағалиева ана мен бала денсаулығы, өлім-жітімді төмендету барысында атқарылған іс-шаралар, дәрі-дәрмекпен қамту, кадр мәселесі, шаруашылық саласындағы жұмыстар туралы баяндады.
Аудандық денсаулық сақтау саласы алдында тұрған міндеттерді де саралады.
– Аурухана мен емхананы жылыту қазандығының ғимаратын реконструкциялау, газға қосу, канализациялық сорғы станциясына күрделі жөндеу жүргізу жоспарымызда бар. Мұнан бөлек Тереңөзектегі жұқпалы аурулар ауруханасының ғимаратын, Қалжан ахун ауылдық округіндегі фельдшерлік акушерлік бекетін, А.Тоқмағамбетов ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулатория ғимаратын күрделі жөндеу мақсатында жоба-сметалық құжаттар дайындалып, басқармаға өтінім ұсынылды. Алдағы уақытта халық қалаулыларымен, атқарушы билікпен бірлесіп, уақыт күттірмейтін мәселелердің оң шешімін табуына жұмыс жасалатын болады. Өзекті мәселелердің орындалуы халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасын арттырады, – деді аурухананың бас дәрігері Н.Мырзағалиева.
Қоғамдық кеңес мүшелері Ұ.Жанәлиева, Н.Оразбеков, М.Келдібаев, Г.Әбілова, М.Жүсіпбекова баяндамашыға сұрақтар қойып, тиісінше жауаптар алынды. Пікірлердің басым бөлігі дәрі-дәрмекке байланысты, қызмет көрсету сапасын арттыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, кадр мәселесі тұрғысындағы ұсыныстар болды.
Қоғамдық кеңес отырысында «Сырдария ауданында шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту туралы» Сырдария аудандық мәслихатының шешімінің жобасы туралы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Н.Қарсақбаев баяндады. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестің хатшысы М.Жүсіпбекова Қоғамдық кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспарына өзгерістер енгізу туралы хабарлады.
Қоғамдық кеңес жұмысын қорытындылаған төраға М.Омаров қоғамдық кеңестердің рөлі артып келе жатқанын айтты. Кез келген мәселенің шешімі міндетті түрде болатынын тілге тиек етіп, қоғам белсенділерін аудан игілігі үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Сондай-ақ келер жылы Қоғамдық кеңес құрамы жаңартылатынын атап өтті.
Бибісара ЖАНӘЛІ