Ауыл шаруашылығы дамымай, экономика өркендемейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған жаңа Жолдауында 11 басым бағытты атап көрсетті. Жолдауда Ел Президенті жаңа жағдайдағы экономикалық дамуға ерекше мән берген. Яғни әлемді жайлаған пандемия әлем мемлекеттерінің экономикасына кері ықпалын тигізді. Осыны ескерсек, бізге нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда, Қазақстан Президенті ел экономикасын қалыпты ұстауға және оны дамытуға нақты шараларды атап көрсетті. Бұл ретте, өндіріс өнеркәсіптерін өркендетіп, шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейту қажет.
Басты құжатта Ел Президенті ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән берді. Өңіріміздің аграрлы аймақ екенін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар өңір үшін аса маңызды екені сөзсіз.
Негізінде, ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Сондықтан жыл сайын аграрлық секторда дәстүрлі қолдаулар көлемі артып келеді. Ендігі жерде ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін дамытуға, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсіптің өзге де салаларына баса назар аударылатын болады. Осының барлығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек.
Қазақстан Президенті стратегиялық құжатта салаға қатысты шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бар екеніне тоқталды. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының ілгерілеуіне кері әсерін тигізуде. Жолдауда Мемлекет басшысы осы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып берді.
Ең алдымен, келер жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жоятынын ескерсек, бұл көпшіліктің алаңдауын туғызып отыр. Бұған қатысты Ел Президенті «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды» деп ашық айтып, күдікті сейілтті. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеп, аграрлық секторға инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруы шарт.
Ал кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауына қатысты атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек. Өйткені, бүгінгідей жаңа технологиялардың дамыған кезеңінде ауыл шаруашылығы саласына білікті мамандар тартып, олардың еңбек өнімділігін арттыру қажет-ақ. Сол кезде саланың дамуы тұраламайды.
Мемлекет басшысы еліміздегі бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмаудың басты себебін де атап айтты. Ол басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар. Табыс көлемін арттыру да осыған келіп тіреледі. Бұл орайда вертикальді, горизонтальді кооперация әлеуетін арттырған жөн.
«Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет» – деді Қазақстан Президенті.
Демек, жеке қосалқы шаруашылықтардың басы біріккенде ғана олардың әлеуеті артып, ел экономикасы дамитын болады. Сонда ғана олардың қазіргі нарыққа шығуға мүмкіндіктері артады. Сондықтан осы мақсатта жұмыла жұмыс жасау – ортақ міндет.
Президент технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отырғанына да тоқталып, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Су тапшылығының зардабын тартып отырған ел ретінде мұның тез арада шешімін табуы өте маңызды.
Жалпы, соңғы жылдары Сыр өңірінде су тапшылығы орын алуда. Оның нақты дәлелі ретінде осы жылғы егінге су жетіспеушілік жағдайын айтуға болады. Алдағы жылдары да аймақ жұртшылығы су тапшылығын сезінбейді деп айту қиын. Сондықтан қазір аймақта ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырып, суды аз қажет ететін дақылдарды қолдану қажеттілігі туындауда. Одан бөлек, ірі шаруашылықтар тек күріш егіп қана қоймай, өндіріске бет бұруы тиіс. Оның елдің әлеуетін аттыруға және халықты жұмыспен қамтуға мол мүмкіндік екені түсінікті.
Жалпы Жолдауда ауыл шаруашылығы саласы бойынша тегеурінді жұмыстар атқарылу көзделген. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру сала жұмысына серпіліс әкеледі. Сондықтан осыған қол жеткізу үшін жұмыла жұмыс жасаған жөн.
Ердос БЕРКІНБАЕВ