Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№94 газет

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 газет

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 газет

02 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Өмірлік сабақ болатын оқиға

Өмірлік сабақ болатын оқиға

Кезекті еңбек демалысымда Алматыдағы туыстарымызға барғанбыз. Біз мінген вагондағы ығы-жығы халыққа қарап, «ауа райының ыстықтығына қарамастан адам шіркін дамыл таппайды» деп еріксіз ойланасыз. Таңертең біздің жанымызға Шымкент қаласынан бір ер азамат мінді. Жасы шамамен 50-55-тер шамасында. Қызмет істегені киім киісінен-ақ көрініп тұр. Сұраса келе ол кісінің де Алматыға бара жатқанын білдік. Өзі көп сөйлемейді екен. Ананы-мынаны сұрастырып, бұрын мемлекеттік қызметші болғанын білдік, бірақ қызметінен шеттеліп, оңбай өкінішке ұрынған екен. Ол кісі бізге бәрін бүге-шүгесіне дейін айтып берді.

– 1990 жылдар халық үшін қиын болды, – деп бастады әңгімесін ол.

Одақтың ыдырауы, жалақының берілмеуі, жұмыссыздық елді қажытып жіберді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ішерге ас, киерге киім таппаған көп адам жұмысын тастап базар жағалауға шықты. Сондағы мақсаты күнкөрістің қамы еді. Күнделікті ішіп-жемнен де көп артылмайтын. Сондай қиын кезеңде бұл кісі Шымкент қаласының әкімдігінде қызмет атқарыпты. Қалалық жер бөлімін басқарған. Үлкен мегаполисте қызмет ету әрі қиын, әрі қызықты. Қиын болатын себебі тапсырмамен қатар өтініш те көп болады. Қызықтысы сол өтініштің артында алғыс арқалаған ақ конверттер де келіп тұрады екен. Сол қиындық пен қызықтың бел ортасында жүрген азамат бір күні оңбай қателеседі.

– Бастығым шақырып жатыр дегенге барғанмын. Орталықтан бір кісілер жер сұрапты. Бірақ бос жер жоқ. Олардың
айтуынша, біз саябақты тарылтып, жеке кәсіпкерлікпен айна­лысуға жер ашып, оны сатылымға шығаруымыз керек екен. Бастығымыз жердің жоқ екенін айтып, заң аясында шешім қабылда деп нықтап тапсырды. Мен тапсырмамды алып, жұмыс орныма келгенім сол-ақ еді кабинетке екі-үш адам сау ете қалды. Сөйтсем бұл кісілер жаңағы орталықтағы жерге қызыққандар екен, – деп түйіндеді бізге жол жөнекей кездескен бейтаныс кісі.

– Әрі қарай не болды, не істедіңіз, – дедім осыдан 30-35 жыл бұрын өтіп кеткен оқиғаның немен біткенін білгім келіп.

– Бастапқыда бос жер жоқ екенін айтқанмын. Бірақ «терең батырады, көп көндіреді» демекші, олар мені әйтеуір көндірді. Әне-міне дегенше уақыт та өтті. Бастығымыз Астанаға ауысып кетті. Бұл бір сәті түскен іс болды деп қаланың жерге қатысты жұмыстарының бәрі бірнеше ай менің қолымнан өтіп, жұмысым жүре бас­тады. Межеленген уақыт келіп, аукцион өтіп, орталықтағы жерді әлгі азаматтарға ыңғайластырып бердім. Олар да уәде еткендей маған 15 мың АҚШ долларын ұстатты. Ол кезде бұл өте көп қаражат еді, – деді ол.

– 15 мың АҚШ доллары! Бұл өте көп сомма, – деп таңырқай түстім.

– Иә, сол оңай жолмен келген қаражатты алу үстінде құрықталдым. Бір күнде қызмет те, көлігім де, мансабым да бәрі-бәрі көзімнен бұлбұл ұшты. Темір тордан бір-ақ шықтым. Мені ақтап алар ешкім болмады. Сөйтіп 13 жылға бас бостандығымнан айырылып кете бардым. Сот отырысы ашық өтті. Бүкіл телеарна, газет мен туралы жарыса жазды. Шыққан тегіме өшпестей қара дақ салдым, – деп күрсінді ол.

– Содан 2008 жылы босап шықтым, – деп сөз сабақтады жолаушы кісі.

– Түрме адамды тәрбиелейді деген бос сөз. Дертімізге дерт қосты. Аурушаң болдым. Міне, бүгін сол түрмеден тапқан ауруым асқынып, Алматыға емделуге бара жатырмын. Маған ота жасамақ, бұл бәлкім соңғы сапарым, – деді.

Әрі аяп, әрі жек көріп қарадым. Өмірде бәрі кездеседі ғой. Бұл өмірдің жалғандығы осы шығар. Бірақ сол өмірде өз еңбегіне, іс-әрекетіне қарай баға аламыз. Адал болсақ, абы­ройға кенелеміз. Арам болсақ, масқара боламыз. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың соңы өкінішпен аяқталатынын түсінуіміз керек.

Әсел ЕРКІНБАЙҚЫЗЫ
Фото: Ашық дереккөзден
09 желтоқсан 2025 ж. 323 0