Өгей ана

Сарадан айырылған соң маған махаббатымды қайта табамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Жүрегімді ауыртқан қайғы бірнеше айға созылды. Арада уақыт өткен соң өміріме Амелия кірді. Оның жылы шырайлы жүзі мен ұстамдылығы менің әлемімді де, қызым Софиді де өзгертті. Бес жасар қызым оны бірден ұнатты. Амелия біздің өмірімізге енген ғажайып «сиқыршы» секілді болды. Соңғы екі жылда көрген қиындығымызды ұмытқандай сезімде болдық.
Софи алғаш рет Амелияны көргенде оған бірден бауыр басты, әткеншектен түскісі келмеді.
«Тағы да бес минут ойнайықшы» деп өтінді, оның кішкентай аяқтары әткеншекте қаттырақ тербетіле түсті. Амелия қызымның жанына келіп: «Әткеншекте қаттырақ биікке тербетілсең, бұлттарға жететін сияқтысың» дегенде, Софидің көздері жайнап кетті.
«Шынымен ба?»
«Мен сенің жасыңда солай ойлайтын тұғынмын» деп жауап қатқан Амелия: «Әткеншекті тербетейін бе?» деді.
Тойымыз өткен соң Амелия бізге өзінің мұраға қалған үйіне көшіп келуімізді сұрады. Үй өте керемет еді, биік төбесі бар, әсемделген қабырғалары жылылық пен байлықтың көрінісі іспетті болды.
Софи өзінің жаңа бөлмесін көргенде оның көздері жайнап кетті, мен де оның қуанғанын көріп, шаттандым.
«Мына бөлме ханшайымның бөлмесі ғой, әке!», – деп айнала түсті.
«Қабырғаларды күлгін түске бояуға болады ма?».
«Қымбаттым, оны Амелиядан сұрау керек. Бұл оның үйі».
«Енді бұл біздің үй» – деді Амелия, менің қолымды қысып. «Күлгін түс керемет, Софи. Түсті бірге таңдаймыз».
Содан соң мен үйленгеннен кейін бірінші рет ұзақ іссапарға кетуіме тура келді. Бұл мен үшін үлкен уайым болды, барлығы «жаңа» болған кезде кішкентай отбасымды тастап кету оңай емес еді.
«Сенде бәрі жақсы болады», – деп сеніммен айтқан Амелия аэропортқа барар жолда маған термокружкаға құйылған кофені ұсынды. «Бізде де бәрі жақсы болады. Софи екеуіміз уақытты керемет өткіземіз», – деді.
«Әке, біз менің тырнағымды бояймыз!» – деді Софи, мен оның маңдайынан сүйдім.
Барлығы бақылауда болатын. Бірақ мен қайта оралғанымда, Софи өзін жайсыз сезініп тұрғандай болды. Ол мені қатты құшақтаған еді, бұлай ол Сара қайтыс болғанда ғана құшақтаған еді. Оның кішкентай денесі дір-дір етіп тұрды: «Әке, сен жоқта «жаңа» анам өзін біртүрлі ұстады» деп сыбырлады.
Менің жүрегім қатты соға бастады. «Қымбаттым, не айтқың кеп тұр?».
Софи сәл шегінгенде, еріндері де дірілдеп тұрды. «Ол шатырға барып ішінен құлыптап алады. Ол жақтан ыңғайсыз дыбыстар шығады. Бұл қорқынышты, әке! Ол маған онда баруға рұқсат етпейді, ашуланады».
Мен сабырлылық сақтауға тырыстым. «Ашуланады дейсің бе, қайтіп?».
«Ол маған бөлменің барлығын жинатып қояды. Тәртіпсіз болмасам да балмұздақ жегізбейді». Софи басын төмен түсіріп, күрсінді. «Мені «жаңа» анам жақсы көреді деп ойласам, бірақ... бірақ...».
Софи жылап жібергенде оны құшақтадым, менің ойым сан-саққа кете бастады.
Амелия көп уақытын шатырда өткізетін, оны іссапарға кетпес бұрын да байқағанмын. Ол сағаттап сонда болатын. Менің сұрағыма күлімдеп қана жауап қататын, «реттеп жатырмын» деп.
Әдепкіде оған қатты мән бермедім. Барлығына жеке қалатын орын керек, солай емес пе? Бірақ мен енді шынымен мазасыздана бастадым.
Софи айтып бергендей Амелияның қылығы ондай жамандық ойлайтындай нәрсе емес болғанымен, кішкентай қыз үшін бұл әрине, қиын жағдай. Софи жылап тұрғанда «Амелиямен бас қосқаным қателік болды ма?!» деген де сауал ойымнан шықпай қойды. Бұл менің қателігім, одан балам қиналмауы керек, мен біздің бақытымызға сенген едім, сонда мен маңызды нәрсені білмей қалдым ба?
Амелия төмен түскенде ешқандай сыр білдірмедім. Оны күліп қарсы алып, «Софи сағынышын баса алмай тұр» деп бөлмесіне көтеріп алып кеттім. Софи жылағанын қойғанда сүйікті ойыншықтарымен бірге шай ұйымдастырдық.
Осымен бәрі артта қалды, қалыпты өмірге оралдық деп ойлағаным сол еді, кешкісін Софидің шатыр есігінің алдында тұрғанын көрдім.
«Әке, онда не бар?» – деп есікті ұстады. Менің де оның жауабын білгім келді. «Мүмкін ескі киімдер шығар, қымбаттым. Жүр, ұйықтайтын уақыт келді».
Сол түні ұйықтай алмадым. Амелияның жанында жатып, төбедегі көлеңкеге қарап жаттым, басымда сан түрлі жауабы жоқ сұрақтар.
Мен үлкен қателікке бардым ба? Кішкентай қызыма зиян келтіретін біреуді өз өмірімізге кіргіздім бе? Есіме Сараға берген уәделерім түсті. Софиді қорғайтыным, қызымыз махаббаттың не екенін біліп өсетіні туралы уәдем...
Түн ортасында Амелия орнынан тұрды. Мен сәл кідіріп, соңынан ере бастадым.
Төменде тұрып, оның шатыр есігін ашып, ішіне кіргенін көрдім. Күтіп тұрдым, ол есікті құлыптамаған еді. Мен дереу баспалдақпен көтеріліп, есікті ашып, бөлмеге кірдім.
Мен бөлме ішіндегіні көргенімде қатты таңғалғаным сонша, ауызым ашылып қалды.
Шатыр іші ғажайып ертегідей еді. Жұмсақ қабырғалар, Софидің сүйікті кітаптары қойылған ауада қалқып тұрған сөрелер, кішкентай терезе, жастықтар. Бір бұрышта мольберд тұрды суретшіге қажетті құралдарымен, төбеде шамдар жанып жайлылық беріп тұрғандай әсер қалдырды. Екінші бұрышта шай ішуге арналған үстел, керемет ыдыстармен және жұмсақ ойыншық аю тұрды.
Амелия үстел үстіндегі шәйнекті дұрыстап қойып жатқанда менің кіріп келгенімді көрді.
«Мен... мен саған көрсетемін дегенше бітіріп қалармын деп ойлағанмын. Тосын сый жасағым келді. Софиге» – деп Амелия кібіртіктеп қалды.
Бөлме өте керемет еді, бірақ мен ішімдегіні айтпасам болмады. «Бұл әдемі, Амелия, бірақ... Софи сен оған қатал болғанынды айтты. Балмұздақ бермепсің, бір өзіне үй жинатыпсын. Неге?».
«Қатал дейсің бе?» – Амелия мұңайып төмен қарады. «Мен оған қамқор болып жүрмін деп ойласам. Сараның орнын басамын деген ой жоқ менде, мен жақсы ана болсам, бәрін дұрыс жасап жүрмін деп ойласам», деп дауысы дірілдеп кетті. «Бірақ мен барлығын дұрыс жасамадым ба?».
«Сен ұнауға міндетті емессің», – дедім жылы шыраймен. «Сен жанымда болсаң болды».
«Мен үнемі өз анам жайлы ойлаймын», – деді Амелия терезенің алдына отырып. «Барлығы өз орнында болуы керек. Осы жұмысты бастағанымда анамның кезінде айтқаны есімде болды, қатал болуым талапшылдықтан шығар, иә, бәрі өз орнында...». Әйелім тап-тұйнақтай етіп жиналған кітап сөрелерін және суретшінің жабдықтарын көрсетті. «Мен осындай керемет тап-тұйнақтай бөлменің болуына аса мән бермеппін, ал балаға мұндай тиянақтылықтың қажеті жоқ екенін ұмытыппын, олар балмұздақ пен күлдіргі әңгімелерді ұнатады екен». Амелияның көз жасы төгілді. Оның бойын өкініш биледі. Себебі ол балаға ең алдымен махаббат, қарапайым сүйіспеншілік қажет екенін ұмытқан екен.
Келесі күні кешкісін біз Софиді шатырға әкелдік. Алдымен қызым қорыққаннан екі аяғымның ортасына тығылып тұрды. Амелия дереу оның жанына барып отыра қалды.
«Софи, мені кешірші, соңғы кезде мен тым қатал болыппын», – деді Амелия. «Мен жақсы ана болуға тырыстым, мен сенің қасыңда жай ғана ана болуым керек еді. Саған бір ерекше нәрсе көрсетейін бе?».
Софиді қызығушылығы жеңіп, тығылып тұрған жерінен шықты. Бөлмені көргенде оның ауызы ашылып қалды. «О-о-о». «Бұл маған ба?» – деді сыбырлап.
Амелия басын изегенде, қызымның көзі жайнап кетті. «Бітті. Бүгіннен бастап сенің бөлмеңді екеулеп жинайтын боламыз. Уәде беремін. Мүмкін кітап оқып болғанша балмұздақ жерміз?».
Софи анасына ұзақ қарап тұрды да, құшағына кіріп кетті. «Рақмет, менің «жаңа» анам. Маған қатты ұнады».
«Осында шай ішуімізге болады ма?» – деді Софи, кішкентай үстелге жақындап. «Нағыз шаймен?».
«Ыстық шоколад», – деді Амелия күлімдеп. «Печеньемен. Көп печеньемен».
Кешқұрым Софиді төсегіне жатқызып жатқанымда менің құлағыма: «Жаңа ана қорқынышты емес. Ол жақсы» деді сыбырлап.
Қызымның маңдайынан сүйдім, оның қорқынышы мен күдігі сейілгеніне қуандым.
Біздің нағыз отбасы болуға деген жолымыз түзу және қарапайым болған жоқ, мүмкін осындай жағдайлар нағыз отбасы болуымызға мүмкіндік берген болар. Біз бір-бірімізден үйрендік, кейде сүрінсек те, алға жылжыдық.
Ертесіне қызым мен әйелімнің шатырда отырып шай ішкенін, балмұздақты бөліп жегенін және қызықты әңгімелер айтқандарын көргенімде, біздің отбасымызда барлығы жақсы болатынын білдім.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: Ашық дереккөзден