Ауыз судың пайдасы
Адам ассыз 20 күн өмір сүре алады, бірақ сусыз бір апта да жүре алмайды, өйткені біздің ағзамыз 70-80% судан тұрады. Медицина ғылымының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, иммунолог әрі детокс және дұрыс тамақтану бойынша сарапшы Мира Панова Nur.kz тілшісіне су және оның құрамындағы минералдардың адам ағзасына пайдасы туралы айтып берді.
Судың адам денсаулығы мен ағзаның қалыпты жұмыс істеуіндегі рөлін айтып тауысу мүмкін емес, су өте пайдалы. Танымал адамдар судың қасиеті туралы көп айқан. Леонардо да Винчи: «Суға жердегі тірішіліктің нәрі болуға сиқырлы билік берілген», - десе, Үлкен Плиний : «Ақиқат шарапта болса, денсаулық суда», - деп ой қозғайды.
Судың қандай пайдасы бар? Су аспен бірге түскен барлық пайдалы заттарды араластырып, оны әр жасушаға жеткізеді. Осылайша, бірде-бір элемент жоғалмайды. Ағзадағы токсиндер мен қалдықтардан да судың көмегімен арылуға болады. Су дене температурасын реттейді, ал онсыз ағзадағы барлық маңызды физиологиялық процестер мен зат алмасу жүрмейді.
Су сондай-ақ тромбтар мен инфаркттің алдын алады, ол инсульттің жолын кесіп, мидың жұмысын, зейінді, концентрацияны жақсартады. Ал бұлшықеттерді су нәрлендіре отырып, икемді етеді, созылу мен тартылудан қорғайды. Ішінен дұрыс нәрленген сіңір мен бұлшықет табиғи түрде майланады. Су асқазан-ішек жолдарының дұрыс жұмыс істеуіне, іш қатуын болдырмауға көмектеседі.
Мира Панованың айтуынша, бас ауруы мен арқаның ауырсынуы ағзадағы су мөлшерінің азаюынан болуы мүмкін. Су қатерлі ісік ауруына ұшырау мүмкіндігін азайтады. Тәулік бойы жеткілікті мөлшерде су ішсе, қуықтың қатерлі ісігінен, тоқ ішек қатерлі ісігінен сақтануға болады.
Ал адам әлпетіне оның пайдасы ұшан-теңіз: ол теріні нәрлендіріп, оның серпімділігін арттырады, ұзақ жылға жасартып тұрады. Суды жеткілікті мөлшерде тұтынса тұмау мен жедел вирусты-респираторлы аурулар, бүйректегі тас пен жүрек ұстамасы еш қауіп төндіре алмайды.
Ал салмақ тастағысы келетіндерге су таптырмас құрал – калориясы болмағандықтан ағзадағы майларды ажыратуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, аштық сезімін басып, тәбетті жояды, сондықтан аз тамақ ішесіз.
МИНЕРАЛДАРДЫҢ ПАЙДАСЫ
Сырттай ұқсастығына қарамастан, су өзінің ішкі құрамы бойынша ондағы минералдардың магний, кальций, темір, йод, фтор, калийдің мөлшері мен табиғилығына байланысты әр түрлі болатыны белгілі.
Мысалы, тазартылған немесе асханалық ауыз суды денсаулыққа маңызды минерал көзі деп есептеу қате пікір. Тазартылған судың құрамында расында пайдалы минералдар мүлде жоқ, ал асханалық суға минералдар қолмен қосылады, мұндай минералдар адамға айтарлықтай пайдалы емес.
Оған қарағанда табиғи қайнарлардан алынатын минералға бай бастапқы қалпында және қажетті мөлшерде минералы бар табиғи минералды ауыз су пайдалырақ.
Тазартылған және асханалық ауыз судан табиғи минералды судың айырмашылығы ол құрылымы жағынан жақсы, ағзаға қуат береді, осылайша түрлі вирустар мен инфекцияларға қарсы тұруға көмектеседі.
Табиғи минералды су ағза тонусын жақсартады, сондықтан дәрігерлер мұндай суды ауқымды ақыл-ой еңбегі және физикалық жүктемелер кезінде ішуге кеңес береді. Сонымен қатар, ол жүйке жүйесіне, артериялық қысым көрсеткішіне оң әсер етеді.
Көтеріңкі көңіл күй үшін күнделікті ішуге пайдалы табиғи минералды ауыз судан бөлек емдік және емдік-асханалық ауыз су бар. Емдік және емдік асханалық ауыз судың пайдасы оның құрамындағы ерекше химиялық заттарға байланысты. Оның емдік қасиеті де соған тәуелді. Егер суда темір көп болса, оны қан аздығына шалдыққан науқастарға ішуге кеңес береді.
Құрамында йод мөлшері жоғары су қалқанша безінің қызметі бұзылған адамдарға, ал натрийі бар су қан қысымы құбылмалы адамдарға пайдалы.
Жылытылған емдік-асханалық минералды суды ауруды басатын қабынуға қарсы зат ретінде пайдаланады. Ол өттегі заттарды жақсы ерітіп, оның сыртқа шығуын жеделдетеді.
Алайда пайдалы жақтарын ескерсек те, оның емдік құрал екенін есте ұстау қажет. Оны кез келген дәрі сияқты тұрақты түрде пайдалануға болмайды. Әдетте оны бір жарым айлық курс бойы қабылдайды.