Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел боламын десең

Ел боламын десең

«Әдебиет сахнасындағы әйелдер бейне­сінің суреттелу жайын талдау – әдебиеттану ғылымының басты мәселелерінің бірі. Бұл саладағы зерттеу мәселесіне ерте кезден-ақ көңіл аударылған. Мұны біз барлық әдебиет зерттеулерінен де байқауымызға болады. Әйел тағдыры, теңсіздікті бастан кешкен әйел бейнесі – барлық қаламгерді тебірентті де Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сә­бит Дөнентаев әйел тағдырын шешуге дұрыс жауап тауып, әдебиеттегі қазақ әйелінің образын жан-жақты жасаумен қатар білімге, өнерге үндеу идеясын жүзеге асырды. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтар қазақ қызының теңсіздікте мұң кешіп отырғанын бейнелеп, оларды өздерінің бас бостандығы үшін күреске шақырса, Сәбит Дөнентаев қалың малдың құлы болған әкенің қаталдығы мен мейірімсіздігін аяусыз әшкереледі. Әйелдер бейнесін сомдаумен қатар, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазылған туындыларда дәстүрлі отбасы құндылықтарын дәріптеуге ерекше көңіл бөлген. Шығармалар тақырыбы жағынан сырт көзге тек әйел теңдігі тақырыбына арналған болып көрінгенмен, шығарманы оқу барысында детальдерге мән бере отырып авторлардың мынадай мәселелерді көтергенін байқай аламыз:
1) Ерлі-зайыптылар қарым-қаты­на­сы («Алтын сақина»).  2) Ене мен келін ара­сындағы қарым-қатынас («Алтын сақи­на», «Бәйбіше-Тоқал»). Бұл әдебиеттегі ортақ сюжетке ие болған шығармалардың желісінен көрініс табады.Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазылған шығармалардың ішінде ерлі-зайыптылар қарым-қатынасына көңіл бөлген шығарма – Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы. Пьесада ер мен әйелдің, келін мен қайын ененің қарым-қатынасы суреттеледі. «Қазақ танымына сай әйел еш уақытта еріне қол жұмсамауы керек, күш көрсетіп, таяқ ала жүгірмейді немесе сес көрсетпеуі тиіс. Ұрысқанда тілдеп бетке түкірмейді. Бұлай істеген әйелдің ақ некесі бұзылады, өзінен-өзі талақ болады деп есептейді». Міне, осы аталған қазақ әйеліне тән қа­­сиет­тер пьесаның бас кейіпкері Хали­ма­ның бойынан көрінеді. Демек, автор Халима арқылы дәстүрлі қазақ отбасындағы үлгілі келін бейнесін көрсеткісі келген. Пьесаның бірінші пердесінде – жазушы ерлі-зайыптылардың татулық пен сыйластықта ғұмыр кешуін суреттейді. Екінші пердеде – Халиманың отбасы мүшелерімен қатынасы шиеленіседі. Бұған себеп болған жағдай – Халиманың қайын ене талабын орындамай анасы сыйлаған алтын сақинасын бермеуі еді. Бұл аруақты сыйлағанның белгісі болатын. Алайда, қайын енесі туысқаны Тәуіршенің азғырғанына еріп, келініне өшігеді, онымен қоймай, баласын да келініне қарсы қояды. Өмірі ұрыс пен балағат естіп, зорлық-зобылық кешумен өтсе де, Халима күйеуі мен келін боп түскен әулетіне адал болып қала береді. «…Осы үйден өліп кетпесем, тірі кетпеспін…», «…Мен бір-ақ кісіге қатын, екі кісіге қатын бола алмаймын…» деген үзінділерде адал жардың бейнесі көрінеді. Зорлық пен бәле-жаладан жалыққан Халима отбасы берекесін шын ниетпен аңсайды. Халиманың көзқарасы Бану деген кедей келіншекпен сырласқанында байқалады: «… Ен дәулетің құрысын. Жалғыз атты кедейге тиіп күйеуіңмен тату тұрсаң, қайын ененің қарамағынан азат болсаң тұрмысы татулықта, ерлі-байлы кісінің тату тұруында…» . Осылайша, Халиманың бейнесі арқылы қосағына адал, сабырлы, ұстамды, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын келіншекті, осы қасиеттер арқылы отбасын сақтап қалуды мұрат еткен асыл жарды көре аламыз.
«Қазақтың байырғы әдет-ғұрыптық заңы бойынша әйел адамның әлеуметтік орта­дағы орны мен міндетін білдіретін және мүліктік меншікті иеленудің үле­сін біл­діретін құқықтық  нормалар жиын­тығы бар. Байырғы заңдар жүйесі бойынша, ер азаматтың бірнеше әйелі болса, ең бірінші әйелін – бәйбіше деп аталған. Отағасы оны сыйлауға міндетті, алайда, қанша әйелі болса да, барлығы бірдей бәйбішеге бағынған. Әйелдердің жасауларының араласып кетуіне жол берілмейді, бұл анасының мүлкі тек балаларына тиесілі болсын деген түсініктен шыққан.
Ертеде қазақ байлары бірнеше әйел алған­мен, әр әйелдің өзіндік құқығы мен атқаратын міндеті болған. Сондай-ақ, бәйбіше күйеуінің әйелдеріне қалай көңіл бөлетіндігіне байланысты күйеуінің малынан тоқалдарға енші бөліп берген, ал, бәйбішеде еншіленген шаруашылық болмайды, себебі оған күйеуінің малын басқаруға, күйеуімен бірдей дәрежеде құқық берілгендіктен, бәйбіше де мал-мүліктің толық иесі болып саналған. Ерлердің бірнеше әйел алуға құқығы болған». Қазақтың дәстүрлі отбасында көп әйел алушылық, ең алдымен, ұрпақтың санын арттырса, екіншіден, оң жақта отырып қалған қыздардың санын азайтқаны белгілі.
«Қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазылған Мұхтар Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» пьесасы абысын-ажын, келін мен қайын ене мәселесіне арналған. Пьеса 1918 жылы жазылып, 1923 жылы Ташкентте кітап болып басылды. Мемлекеттік театрда «Еңлік – Кебектен» кейін 1926 жылы қаңтар айында қойылды. Пьеса шағын экспозициядан басталған. Сахнада қаракөлеңке, күңгірт тартқан Есендік бай үйінің бір көрінісі. Үстіне қара жамылып, жүздері солғын, жадау тартқан байдың қызы Дәмеш пен келіні Күләш төмен қарап сөйлесіп отырады. Есендіктің бәйбішесі Бәтиманың дүние салғанына 20 күн толып, сонан бергі үй ішіндегі өзгеріс, Қайша тоқалдың лаңы, берекесіз тірліктен туған жанжал, дүние-байлыққа таласу сияқты оқиғалар берілген» 
Пьесада Күләш қайын ене қадірін білетін келін болып суреттеледі. Бұны біз Бәтима бәйбішені жоқтап, жақсы қасиеттерін «…Апам жарықтық кісіге жаманшылық ойлауды білуші ме еді? Бүгін тас-талқан болып отырса да, ертең кіші апамның бар мінезін ұмытып, кешіре беруші еді, «Бұл байғұсқа қылмағаным бар ма еді? Төркініне апартып тастамақшы да болдым. Бүгін теңессе, құдай көз жасын иген шығар», – деп, тоқалды шақырып татуласып алатын. Өмірі ішінен кегі кетпейтін – мына кісі ғой» – деген жолдарда есіне алып отырғанынан көре аламыз. Бірде Күләш қайын енесін былайша еске алып отырады: «Апамның айтқаны: «Қуатжан тоқалдан туған болса, менен де туған. Алды-артында толып отырған інісі жоқ, басы жалғыз. Ертеден кешке жетім баладай көзге түрткі қып отырғанымыз лайық па?!…». Күләштің бейнесінде отбасына деген сыйластық қайын сіңлісіне деген елжіреген көңілінен білінеді. Қазақтың ғұрпына сай қайын сіңлісінің атын атамай «еркем», «қалқам» деп атап, Дәмешті үнемі қорғап жүреді. Бұл келін боп түскен әулет мүшелеріне деген қамқорлықтың белгісі іспетті. Пьеса соңында Күләш жарының опат болуына қайғырып, мұң-зарын төгіп, өзінің шын өкінішін көрсетеді. Тұтастай пьеса тартыс пен күреске толы болғанмен, қазақтың отбасылық құндылықтарындағы қазақ әйіліне тән жасы үлкендердің қадірін түсіну, туған-туысқа қамқорлық білдіру, парасаттылық пен даналықты тең ұстап, отбасының ұйытқысы бола білу деген сияқты асыл ұғымдар бір Күләштің бейнесі арқылы танылған.
Қорытындылай келгенде, ұлттың баян­ды болашағы мен кемел келешегін ойлау – жас ұрпаққа дәстүрлі отбасы құн­дылықтарын насихаттаудан, ұлықтап, дәріптеуден басталады. Дәстүрлі отбасы құндылықтары – барша қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, таным-түсінігін, болмысы мен бейнесін көрсететін ұғым. Отбасы құндылықтарының ең басты қағидаттары күнделікті өмірде кездесетін анаға деген құрметтен, әжені ардақтаудан, қарындасты қадірлеуден, әкені сыйлаудан, ер адамға елдің қамын жейтін батыр ретінде қошемет көрсетуден басталады.
«Анаға құрмет, жарға жаңашырлық , қызға қамқорлық – иманға ұйыған ұлтымыздың бас­ты ұстанымдарының бірі болды. Өз болмысына даналық мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол құр­метке лайық болды және құрметтелді де.
Атамыз қазақ ел басына күн туса, ер азаматтармен бірдей атқа қонған, бейбіт күнде білігі асса билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей таласқан әйелдеріне құқық атаулыдан тыйым салып көрген жоқ. Одан дәстүрлі қазақ қоғамы ұтпаса, ұтылмағаны тарихымыздан белгілі. Соның нәтижесінде қазақ халқы үлгілі ұлт болды. Қазақ әйелі азамат әйел болды. Өйткені, нағыз азаматты сол тәрбиеледі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететінін сезініп, елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білді. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған аналар легі азайған жоқ. Сондықтан да, ұлт болып ұйысқаны үшін қазақ ұлдарына қандай қарыздар болса, қыздарына да сондай қарыздар.
Кешегі қазақ жұртының қалыптасқан құндылықтары қыз баланың, әйел-ананың ешбір жағдайда қорғансыз қалмауын қамтамасыз етті. Туыстық қатынастар терең дамыған халқымызда әйел баласы жалғыз қалып көрген жоқ. «Қыз ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген мақалдардың өзі қыз баланың қашан да қорғансыз, жоқтау-сұраусыз болып көрмегенін білдіреді.
Ал, асыраушысы жоқ отбасына келсек, «жесір ерден кетсе де, елден кетпейді», «жетім көрсең, жебей жүр», «аға өлсе, ініге мұра», «елде болса, ерінге тиеді» деп мақалдап, әрбір адамгершілік, туыстық қа­ты­насты өз орнына қойған кешегі қазақ қоғамы жетім мен жесірді қорғансыз қалдырмаудың қамын ойлап, тұтастай бір қамқорлық институтын қалыптастырған болатын. Астан – сыбаға, малдан – сойыс, егіннен кеусен беріп, кез келген жағ­дайда асыраушысы жоқ отбасына кө­мек көрсетуге бір рулы ел үшін айнымас дәстүр болған.
Дәстүрлі қазақ қоғамында әйелдерге қа­тысты қалыптасқан құрметтеу, құқық беру және қорғау секілді тұғырлы ұстанымдар бүгінгі таңда зайырлы қоғам құндылықтарына сәйкес жаңғыртылуы тиіс» . Демек, «әйел», «отбасы», «ұлт» деген үш түсінік бір-біріне байлаулы, ты­ғыз байланыста. Өйткені, әйел – отба­сының ұйытқысы, құт әкелушісі, берекесі мен бірлігінің тұтқасы. Ал, отбасы – ұлт тұ­­тас­тығының, қуаттылығының, мыз­ғы­­­мастығының көрсеткіші деп айтуға толық негіз бар.
Әйгерім Әлиева
Шаған ауылы
02 сәуір 2019 ж. 346 0