Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әуе кеңістігінің транзиттік мүмкіндігі зор

Әуе кеңістігінің транзиттік мүмкіндігі зор

Бас шаһарда «Routes Silk Road 2019» халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Бұл – ТМД, Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс, сондай-ақ Орталық Азия елдері үшін әуе маршруттарын дамытуға арналған бірегей алаң. Дүниежүзілік құрылтайдың шеңберінде баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, азаматтық авиацияның келешегі қаузалды.
Еліміздің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Лас­таев, соңғы 7-8 жылдың ішінде Қазақстанда транзиттік жолаушылар ағыны 20 есеге артқанын айтты. Мәселен, өткен жылы ел арқылы аттанған жолаушылардың саны 900 мыңға жетті деді ол.
– Бұл форум әуе бағыттарын дамы­туға септеседі деген үміт­теміз. Біртіндеп либерализация­лау саясатына көшуді қолға ал­дық. Ол өз жемісін бере бастады. Оны елдегі компаниялардың ашылуы­нан байқауға болады. Бүгінде жұма сайын Қазақстаннан әлемнің 27 мемлекетіне шамамен 500-ге жуық рейс орындалады. Бұл 98 әуе маршрутын құрап отыр. Аталған көрсеткіш өсу үстінде. Биыл Прага, Ұлан-Батыр бағы­тымен қатар жуырда Елбасы­ның тап­сырмасымен Нұр-Сұлтан – Токио рейсі ашылды. Осы іске қы­тайлық әріптестеріміздің де қосыл­ғаны қуантуда. Жақын арада Нұр-Сұлтан – Шанхай және Нұр-Сұлтан – Сингапур әуе рейстерін де ашуды жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы елдегі туризмді дамытып, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысын жандандыруы тиіс. Сондықтан «Routes Silk Road 2019» форумынан біздің күтеріміз көп. Бұл елдегі азаматтық авиа секторға тың серпін беріп, дүниежүзілік компанияларға елордамен жақынырақ танысудың мүмкіндігі, – дейді Талғат Ластаев.
Нұрсұлтан Назарбаев халықара­лық әуежайының Басқарма төр­ағасы Рәділбек Әдимолда, әуе ай­­­ла­ғы бүгінде аймақтық хабқа ай­нал­­ғанын, онда 5 қазақстандық және 16 шетелдік компания 22-39 ха­лық­аралық әуе маршруттары бойын­ша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
– Тәулігіне әуежайымыз 17 мың жолаушыны қабылдайды. Тағы бір айта кетерлігі, 9-11 шілде аралығында жер шарын айналып ұшу бойынша рекорд тіркелді. Ол солтүстік және оңтүстік полюс арқылы орындалды. Ұшақ Фло­рида шаһарынан әуеге көтеріліп, 10 шілде күні біздің әуежайымызға қонды. Бұл ел астанасы мен Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының беделін көтеретін айтулы шара болды. Осы­дан-ақ әуе терминалымыз тех­ни­калық тұрғыдан тартымды екендігін дәлелдеді. Әрмен қарай да маршруттық желілер артады деген сенімдеміз, – деді өз кезегінде Рәділбек Әдимолда.
Ал IATA қауымдастығының Орталық Азия бойынша аймақтық менеджері Джордан Карамалаков, «Бір белдеу, бір жол» идеясын жүзеге асыруда авиацияның мүм­кін­дігі орасан екендігін айтады. Ол бүгінге дейін жүк ағы­нын қамтуда тек автокөлік және темір жолдарымен бірге теңіз бағыты ғана қарастырылып келгенін сабақтап, осы тұрғыда әуе жолының басым­дықтары дұрыс игерілмей жатқа­нына назар аударды.
– Көптеген мемлекет басшы­лары жүк ағыны туралы сөз қоз­ғағанда үнемі теңіз, темір және тас жолдарына мән беріп жатады. Ал авиация қайда қалды сон­да? Бүгінде біз байқап отырмыз, нарыққа 13 қытайлық авиа­ком­пания келіп отыр. Олар­дың тех­никалық паркі 1600 үлкен көлемді транспорттық ұшақтарды құрауда. Бұл таптырмас мүмкіндік. Осылайша авиация бұл жобадан өз орнын таба алатынын айғақтап тұр. Жаңа Жібек жолын дамытуда әуе кеңістігінің маңызы ерекше болмақ. Осы арқылы Қиыр Шығыс пен Орталық Азияның экономикасын өрістетуге жол ашылады, – деп түйіндеді Джордан Карамалаков. 
Форум құрылтайшыларының бірі Стивен Смолл, ауқымды шараның өтуіне барлық жағдайды қарастырған елорда әкімдігіне және Азаматтық авиация комитетіне алғысын білдірді. 
«Routes Silk Road 2019» алаң­ына 250-ден астам делегат, сондай-ақ халықаралық авиакомпаниялар мен әуежайлардың топ менеджерлері, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және сала ұйымдарының өкілдері жиналды. Үш күндік бағдарлама аясында көрмелер және кәсіпкерлердің В2В форматындағы кездесулері өткізіледі деп күтілуде. 
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»


17 шілде 2019 ж. 537 0