Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Келінім, сен тыңда!

Келінім, сен тыңда!

Өз жұртын тапқанша қыз баласы туған үйіне тек қонақ қана. Қызын қонағын күткендей құрметтейтін қазақ оған қол көтермеуді құп көреді. Қол көтеру тұрмақ, дауыс көтергенді де ар санайды. Нәзік жанды аруларын әке біткен анасы арқылы тәрбиелейді. Өйткені оң жақта отырған қызы өз жұртының табалдырығын оң аяқпен аттап, ибалы келін болғанын қалайды. 

Әйткенмен туған әке-шешесінің шаңырағында еркелеп өскен бойжеткен өз жұртына келгенде салмақты келінге айналуы керек. Ер бала үйленіп отау құрса да, оның рөлі ешқашанауыспайды. Ал қыз баласы өз ошағының басына барғанда оның өмірлік рөлі өзгереді. Баяғы ерке арудың рөлі әмбебап келінге және сенімді жарға ауысады. Бұл рөл қыз балаға өмір бойына таңылады. Ал өзіне жүктелген тұрақты рөлді алып шығу және сол рөлін ойнау арқылы ел күткеннен де жоғары деңгейде нәтежие көрсету қызға да, оның ата-анасына да үлкен абырой әпереді. Ендеше бүгін мен сіздерге қазіргі заманның нағыз әмбебап келінінің бірнеше сипатын айтайын. 

Ата мен ене алдындағы парызды білу. Еріңнің әке-шешесі – сенің де ата-анаң. Олар ең жоғарғы құрметке лайық кісілер. Нағыз келін болу үшін жинайтын абыройыңның іргетасын қалағың келсе, ата-енеңе құрметіңді көрсет. Шын жүрекпен ғана! Жарының әкесі мен шешесіне лайықты ілтипат білдіре алмаған келіннің басқа плюстары нөлге тең. Келіннің ісіне көбіне қайын атадан гөрі қайын ене көп араласады. Өйткені оған да жақсы келін тәрбиелеу – бір міндет. Сені ата-анаң жақсы қыз етіп тәрбиелеген шығар, бірақ сенен жақсы келін шығаруда ененің маңызы зор. Жалпы, бүгінде қайын ене мен келіннің қарым-қатынасы астын қызыл сызықпен сызып белгілеп қоятындай тақырып болып тұр. Бұл тек бүгіннің ғана мәселесі емес. Келін мен ене кикілжіңі атам заманнан бері бар. Бүгін де, кеше де бітпеген дауға нүкте қоятын уақыт келді. Ертеңгі күні бұл қарым-қатынасты мәселе ретінде қарамау үшін бүгіннен бастап қайын енеге анаң ретінде қара. Иә, өз анаңдай қарауға тырыс. Ал олар сені қызындай көріп, келініндей жұмсауға міндетті. Атасы мен енесінің оң батасын алған келіннің дәрежесі жоғары. 

Ана бақытын сезінуге асығу. Ана болуды тек армандау керек. Одан қашудың, не қорқудың қажеті жоқ. Егер сенің құрсағыңда жас жүрек бүршік ата бастаса, бұл – ортақ қуаныш. Қазақта "Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады" деген аталы сөз бар. Балалы болуды жоспарлап, оны да үлкен бас қатырарлық мәселе ретінде қараудың қажеті не? Отбасыңа бала сыйлап, жарыңды әке еткенің үшін де өзің мың жасап қаласың. Рас айтамын! 

Тазалықты сүю. "Тазалық" сөзінің салмағы өте ауыр және бұл сөздің аясы кең. Оның астарында жан тазалығы да, тән тазалығы да бар. Жаны таза адам тек жақсылыққа үйір болады. Істеген ісі мен жүрісі таза келін көпке үлгі. Үлгі болғаннан бұрын, тазалықты талап ететін адам өз-өзін де жақсы көреді. Өзгелерді де таза күйде көргісі келеді. Өз Отаны – шаңырағының бұрыш-бұрышы мен тұрмыстық заттарына және киім-кешек тазалығына да жауапты – келін. Анасын көріп, қызын алған қазақ аяғын көріп, асын ішеді. Келін өзінің бойы мен ойын таза ұстаудан бөлек, айналасын да шаң мен кірден ада етіп жүруге тиісті. Бұл да – мың міндеттің бірі. 

Туыстармен дұрыс қарым-қатынас орнату. Келін болып шымылдығыңды түріп, табалдырық аттаған күннен бастап жолдасыңның бар туған-туысы саған да ортақ болады. Олармен үнемі жылы қарым-қатынаста бол. Әулет арасындағы кикілжің мен түсініспеушіліктер орын алған жағдайда да келіндік ілтипатың кеміп қалмағаны абзал. Құдайы қонақ боп үйіңе бас сұққан тамыр-танысыңа иіліп сәлеміңді беріп, дәм ұсын. Келіннің кербезденгені еш туысқа жақпайды. Жымиып, жылы шырай танытып тұрған келін кімнің болса да көңілінен шығары сөзсіз. Сен келін болып түскен күні үлкен сыннан өтесің. Сол күннен бастап жаңа отбасыңа сіңісіп кеткеніңше сол әулеттің бәрі сенің «әділ-қазың». Оң бағасын беріп, басыңнан сипап, маңдайыңнан сүйіп жатса – бағыңның жанғаны. 

Тұрмыста іскер болу. Қыз ғұмырда еркелікке салынып, "Келін болғанда жасаймыз ғой" деп көп істен қашамыз. Әйткенмен келін болып түскенде барлық тірлікке ыңғайың келіп тұрғаны өзіңе абыройы әкеледі. Өзіңнен бұрын сені тірлікке жатықтырған анаңның мерейін өсіріп, ене біткен құдағиының төбесін көкке жеткізе мақтайды. Қазақта "Қыздың жиған жүгіндей", "Қыздың тіккен кестесіндей" деген тіркестер бар. Бұл "жинақы", "тап-тұйнақтай", "таза", "әдемі" деген мағынаны береді. Осыған қарап отырып бойжеткеннің келін кездегі мойнындағы тірлікке оң жақта жүрген кезден бері бой үйреткені жөн екен деген тұжырым жасаймыз. Енең де қолынан бәрі келетін келін түсіргеніне қуанып, іштей болса да бір жасап қалады. Келінге тұрмыстағы түрлі тірлікті үйрету ененің де міндеті. Бірақ ойыңдағыны айтқызбай-ақ іліп әкетіп, бар тірлікті тап-тұйнақтай етіп жасап қоятын келіннен кім айналмайды? Іскер келін тұрмыста жоқтан бар жасап, азды көп қылады. 

Отбасы құпиясына берік болу. Отбасылық мәслихатта талқыланған немесе ошақ маңында айтылған әңгімелерге "мемлекеттік маңызы бар" құпия ретінде қара. Ешкімге айтпау керек дүниелерді отыз тісіңнің арасынан шығарып отыз рулы елге жайып жіберме. Өз ішіңе сыймаған құпия өзгенің ішіне қалай сыйсын? 

Қонақжай болу. Үйінен қонақ үзілмейтін отбасының оты өшпейді. Үйге келген кез келген кісіде ырыс бар. Қонақ күткеннен шашылмайсың. Керісінше, несібең артады. Үйден дәм татып, разы болған кісі батасын беріп, ризалығын айтады. Көңілі тоқ адамның әр тілегі шынайы. Адал еңбекпен тапқан наныңды ортаға қойып көппен жесең ғана тоясың. Болмаса қанағат ет. Өйткені "Қанағат та қарын тойғызады". Сараңдыққа салынып, "жоқтан" өзгені айтып, келген қонағыңды қатулы қабағыңмен күтіп алма. Тамағыңды бермесең де, қабағыңды бер. Алдына барыңды қой. Жоғыңды іздеп тыраштанба... Шық бермес Шығайбайдың келіні болудан сақтан, қысқасы.
30 маусым 2019 ж. 1 057 0