Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани жаңғыру – ой-сананың кемелденуі

Рухани жаңғыру – ой-сананың кемелденуі

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек
(Абай)
Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көзделген мақсаттар мен міндеттер болашақ дамуымыздың бағыттарын айшықтады. «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек» деп көрсеткен болатын Елбасымыз осы бағдарламалық мақаласында.
Ұлт – тірі ағза. Қоғам дамыған сайын ұлт та толысып, дамып, кемелденіп отыратыны да заңдылық. Кез келген ақылды азаматтың мойындайтын тәлімді түйіні. Осы түйінді тірек қылған кім-кімде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүрегінен өткізіп, жүзеге асырылуына атсалысу қажет. Ұлт руханиятының ұлы шырақшысы, дана Абай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген ойының астарында үлкен ой жатыр. Әрине дүниеден өз орнын табатын жастың бойына ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды жас күнінен сіңіруге міндетіміз. Отбасында ата-ана, мектепте мұғалім, кез келген ортадағы аға-апалар баланың жан-жақты толысуына бағыт көрсетіп, жол сілтеуі тиіс. Баласағұнның «Құтты білік» дастанында: «Мақсатыма жетемін бек демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» деген ойының өзінен-ақ, рухани кемелденудің бір жағы жан-жағыңа ізгілік нұрын шашып ғибратты ғұмыр кешу ме дейсің.
Шетелдің қаңсығы мен таңсығы біздің жастардың рухани дамуына темірқазық бола алмайды. Өйткені тегіміз басқа, жолымыз басқа, жөніміз басқа. Ғаламдасу заманында оған да бәзбіреулердің айтатын уәждері табылар. Дұрыс-ақ. Қазір технократия заманы. Өмір сүріп отырған кезеңіміз капитализм формациясы. Материалдық құндылықтардың алғы шепке «суырылып» шығатын дәуірі. Бірақ ұлттық негізге табан тіремеген кез келген жан сыңар қанат құстай өмір кеңістігінде еркін самғай алмайды.Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Жалаң дүниелік қоғамда жарқ-жұрқ өмір сүру ешкімге абырой әпермейтіні тағы бар. Терең арық тынып ағатыны да рас қой.
Алаш арыстарының аңсар арманын аялаған қазақ жұрты қысқа уақытты өз астанасын, бас қаласын һәм Нұрсұлтан қаласын салды. Бұл рухани кемелденудің жарқын үлгісі емес пе?! Әрине мен бүгінде бас қалада білім іздеп, тәлім алып жүрмін. Астана қаласындағы Ұлттық Өнер Университетінің студентімін. Айтыс өнерінің қыр – сырын меңгеріп жүрген жайым бар. Сән-салтанаты келіскен керемет қалада білім алып жүргенімді, абыройлы ғалымдардың алдын көрегінімді мәртебе санаймын. Мен сияқты әр студенттің бойында да мақтаныш сезімі бар екенін, олардың жанарларындағы нұрлы ұшқыннан, болашаққа деген сенімнің шуағын сеземін. Қарасөздің киесін танып, ұлттық өнердің ұраншысы болуға, яки тәуелсіз еліміздің еркін азаматы ретінде өз-өзімді дамытудың тың жолдарын талмай ізденіп келемін.
Бабаларымыз дүние байлығынан да рухани байлықты алға қойған.«Жаратқаным бала бер, бала берсең сана бер, Болмаса оны ала бер» деген тоқтамының өзінде не деген көрегендік пен батылдық менмұндалайды. Қаншама жан-дүниеңді еріксіз байлап алатын жыр-дастандар, мақал-мәтелдер, ән-күйлер ұлтымыздың рухани байлығы мен сарқылмас інжу-маржандары. Ондай байлықты игеріп отырған ғаламда жұрт некен-саяқ. Сондай ұлттың өкілдері болғасын ба, қай салада болсын жетістікке жетіп жатқан жалынды жастарды көп кезіктіремін. Өнердегі, мәдениеттегі, спорттағы, кәсіптегі жетістікке жеткен жандардың бойынан қазақтың тектілігі, бабаларымыздың баһадүрлігі, данышпандығы мен мәрттігі, жомарттыгы мен шешендігі сияқты тамаша қасиеттері көрінеді. Қазақтың салт-дәстүрлері мен ырымдарының өзінде ұлттық болмысымыздың қанық бояулары мен ұлттық таным-түсініктеріміз жатыр. Бұл – қасиетті ұлттық кодымыз.
Қазақ зиялыларының барлығының ойында ұлттың рухани кемелденуіне негіз болатын дүние қалдыру мақсаты тұрды. Және олар сол мақсатқа жетті де. Сондай асқаралы мақсаттарды темірқазық қылып алуымыз керек деген Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласының негізі де осыған табан тірейді. Ұлттың ұлық болуы сол ұлттың ішінен шығатын ұлы тұлғаларға да байланысты.
Өткенсіз бүгін жоқ. Бүгінсіз ертең жоқ. Осы алтын арқауды берік ұстап, ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, келешекке көш түзеген алаш жұрты үздік отыз елдің қатарынан табылуға мүмкіндік те, оған жеткізетін қажыр-қайрат та табарына бек сенімдімін. Өзім де сол межеден табылуға атсалысамын.
Алла мың өліп, мың тірілген, азат күнін аялаған, тізгін ұстар тұлғаларын құрметтеген алаш жұртын сол күнге жеткізсін! Ақындықтың ауласында жүргесін ойымның түйінін өлеңмен қорытқанды жөн санадым.
Айтар ойдың келер болсақ мәніне,
Тұлғаларын отырғызып төріне,
Барлық қазақ кемелдікке ұмтылып,
Рухани дами түсер әлі де.

Еліменен жетері анық ер баққа,
Даналарын алар уақыт таңдап та.
Біздің қазақ ой-санасын жаңғыртып,
Ұмтылады «Мәңгілік ел» болмаққа!

Мұхамеджан Мансұров,
С.Сейфуллин ауылы,
Астана қаласындағы Қазақ
Ұлттық Өнер университетінің
3-курс студенті
29 маусым 2019 ж. 2 708 0