Таңғы ас ішпеудің зияны қандай?
Тағамтану саласындағы зерттеулер міндетті түрде таңғы ас ішу керек дейді. Таңертең тамақтанбайтын адамның денсаулығы нашарлайтынына еш күмәнданбасаңыз болады. Бірақ оның нақты қандай зияны бар? Неге дәл таңғы ас ішуді әдетке айналдыру керек? Және таңертең тамақ ішкіңіз келмесе не істеу керек? Ғылыми деректер негізінде жауап іздеп көрейік.
Егер таңғы ас ішпей жүрсе не болады?
Ағзаңыз әлсірей бастайды, әсіресе жүрегіңіз. American College of Cardiology журналында жарияланған американ және қытай зерттеушілерінің ғылыми мақаласында таңғы ас ішпеген адам ағзасының жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығу ықтималдығы жоғары деп жазылған.
Мұндай тұжырымды ғалымдар 1988-1994 жылы Америка тұрғындарына жүргізілген зерттеу негізінде жасаған. Зерттеуге 40-75 жас аралығындағы 6550 америкалық азамат қатысқан.
Олардың ешбірі жүрек-қан тамырлары ауруына немесе обырға шалдықпаған. Респонденттердің орташа жасы – 53,2. Қатысқандардың 48%-і ерлер болған.
Зерттеу нәтижесінде 2318 өлім тіркеліп, соның ішінде 619-ы жүрек-қан тамырлары ауруынан қайтыс болған. Респонденттерге "Таңғы асты қаншалықты жиі ішесіз?" деген сұрақ қойылып, "күнде", "анда-санда", "ешқашан ішпеймін" деген жауаптар алынған.
Сауалнама зерттеу қатысушыларының 5,1%-і ешқашан таңғы ас ішпейтінін, 10,9%-і анда-санда, 25%-і аптасына бірнеше рет ішетінін, ал 59%-і таңғы асты күнделікті ішетінін айтқан. Бірінші топтағы респонденттердің (ешқашан таңғы ас ішпейтіндер) соңғы топтағы респонденттерге (күнде таңғы ас ішетіндер) қарағанда жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығуы жиілеген.
Таңғы ас неге сонша маңызды?
Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, таңғы ас заталмасу процесіне зор ықпал етеді және көмірсулы, энергиясы жоғары тағамдар таңғы ас уақытында жақсы сіңеді.
Таңертең нені жемеген дұрыс?
Таңертең тәттіден, ет, балық, ұн өнімдері, пияз бен сарымсақтан бас тартқан жөн. Олардың орнына жұмыртқа, бал, ірімшік, сүтке пісірілген күріш ботқасын жеп, айран, көк шай ішкен жөн.
massaget.kz