Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОСАҒЫНАН АЙЫРЫЛСА ДА... (батыр әкелер жайлы бір үзік сыр)

ҚОСАҒЫНАН АЙЫРЫЛСА ДА... (батыр әкелер жайлы бір үзік сыр)

Біз көбіне бақытты ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар жайлы көп айтамыз. Оларды көпке үлгі етеміз. Ал, жазатайым қосағынан айырылып, ұл-қызын ешкімнен кем етпей өсірген әкелер жөнінде не білеміз? Олардың есімдерін де, отбасын да білемін. Бірақ олар өздері жайлы айтқанды қаламайды. Десе де...
...Б. есімді жігіт ағасымен әңгімелесіп отырмын. Қосағы осыдан 28 жыл бұрын бала үстінен қайтыс болыпты. 10-шы баласы екен. Ол кезде келіншек небәрі 31 жаста...
– Келіншегім қайтыс болғанда жұмыста едім. Әріптестерім естірткенде есімнен айырылып, үйге әрең жеттім. Есіктен кіріп келгенімде кілең жәудіреген көздер маған қарап қалыпты. Ештеңеден хабарсыз. Әйелімді кеше ғана жедел-жәрдеммен ауруханаға апарып салғанмын. Түн жарымында «Әйеліңіз босанды, қызды болдыңыз» деген хабар алысымен таңертең ыстық сүтпен қоса басқа да керек-жарағын апарып беріп, жұмысқа кеттім. Арада бар-жоғы екі сағат уақыт өтті. Не болғанын өзім де түсінбедім...
Содан күндер өте берді. Әйелімнің жоғы жерлеп келген соң білінді. Бірақ, үлкен қызым бірден есейген сияқты болып көрінді. Ол үйдің бар тірлігін өз мойнына алды. Нан жабу, үй жинау, тамақ әзірлеу, кір жуу тағысын тағылар. Балаларды жуындырып ұйықтатады. Сабақ оқиды. Әйтеуір, осылай бір-біріне ұқсас күндер өтіп жатты.
– Қазір құдайға шүкір, балаларым өсті, есейді, алды әскери борышын өтеп келіп үйленді, немерелі болдым. Қыздарымның алды тұрмысқа шықты. Ал үлкен қызым жаныма жалау болып, тұрмыста болса да үйге жиі-жиі соғып ең кішкене сіңілісі мен маған бас-көз болып жүр...
Жігіт ағасы терең күрсінді. Төмен қараған жүзінен бір тамшы жас үзіліп түсті... Арада отыз жылға жуық уақыт өтсе де жүрек жарасы жазылмағаны көрініп тұр.
Иә, менің кейіпкерім сияқты жаны жаралы, бірақ, қосағынан айырылса да, ошағынан айырылмаған, балаларын өсіріп, үйлі-жайлы еткен қаншама Батыр әкелер арамызда жүр.
Шаңырағын шайқалтпай, Алланың берген сыйы – балаларын қанаттыға қақтырмай, тұм­сықтығы шоқтырмай адалдыққа, еңбек ету­ге тәрбиелегендерін былайғы жұрт та біледі.
Абайтанушы Омар Жәлел дәстүрлі тәрбие­де бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өседі дейді. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиеге қатысты ұлағатты ойды сыйғызған.
Ал біздің кейіпкеріміз өз балаларына сол екі қасиетті: әкенің, ананың бойындағы балаға деген барлық махаббатын беріп қана қоймай, олардың мына өмірде адаспай өз орындарын табуына лайықты үлес қосып жүр. Олардың бұл еңбектері нағыз көзсіз ерлік деп бағалауға болады. Ал осындай әкелер біздің арамызда қаншама?!

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
07 мамыр 2019 ж. 560 0