Астанада бір отбасы торттан уланып қалған
Бүгінде қалалық денсаулық сақтау департаменті аталған оқиғаны өз бақылауына алып, тексеру жұмыстарын жүргізуді бастады, деп хабарлады Елорда Инфо.
«Осы жылдың 15 сәуірінде елорданың инфенциялық ауруханасына асқынған ішек инфекциясымен 4 ересек және 1 жасөспірім (10 жас) жатқызылды. Зардап шегушілер өз ауруларын 14 сәуір күні «Happy Cake» дүкенінен сатып алынған «Птичье молоко» тортымен байланыстырады. Алдын ала ақпарат бойынша аталған отбасы демалыс күні ата-әжесінің үйіне торт алып қонақтап барған, нәтижесінде отбасы мүшелері түгелдей ауруханадан бірақ шыққан», - делінген хабарламада.
Департамент дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта отбасы мүшелерінің улануы бойынша тексеру жұмыстары басталды. Оның нәтижесі бойынша қосымша хабар беріледі.
«Департамент бұған дейін де халықты «Happy Cake» сауда маркасының кремді-кондитерлік өнімдер шығаратын рұқсат етілген құжаттарының жоқтығы туралы хабардар еткен болатын. Осындай оқиғалардың орын алуына тағы бір себеп, кәсіпкерлік субъектілердің ашылған уақытынан бастап 3 жылға дейін тексеруден босатылғандығы ( шағым түспеген жағдайда). Осыған орай, тұрғындардан кремді-кондитерлік өнімдерді (торт) сатып аларда, оның санитариялық-эпидемиологиялық құжатының болуын талап етуді сұраймыз», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
baq.kz