Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы сыйлықпен алдамаңыз

Баланы сыйлықпен алдамаңыз

Бүгінде көп ата-аналар бар уақытын жұмыс қарбаластығы немесе әлеуметтік желілердің әлегімен бекер өткізіп, балаларымен бірге болуға уақыт таппай жатады. Оның кемшілік екенін есті ата-ананың бәрі түсінеді. Енді баласының алдында сол әрекетін қалайда жуып-шайғысы келеді. Қалай? Сыйлықтармен! Бүгін мынаны алып беріп, ертең ананы алып берем деп бала көңілін алдаусыратады. Баламен бірге өзін де алдаусыратады. 

Сыйлықтарды алған баласы қуанғанда ата-анасы әлгі олқылықтың орынын толтырып тастадым деп көңілі жайлана бастайды. Сөйтсек онымыз бекер екен. Лайықты түрде ойыншықтар мен сыйлықтар алып берудің қажетті және табиғи дүние екенін айтпасақ та түсінікті шығар, біздің айтпағымыз баласына деген көңілін, мейірімін, жалпы қатынасын сыйлықтар арқылы білдіруді әдетке айналдырған ата-аналар жайында. 

Оның мынадай үш кемшілігі бар. 

«Көп сіз-бізден, бір шыж-быж артық» дегендей балаға көп ойыншықтан гөрі бір ауық ата-анасымен бірге көңілді уақыт өткізген артық екен. «Ата-ананың балаға серік бола білуі, онымен бірге ойнай білуі, бір мәселеге дөп келгенде бірге ой жүгіртіп «ақылдаса» шешіп, ол шешімге баланы қуантып құттықтауы, тіпті кейде мадақтап отыруы баланың аса қажет дәрумені» - дейді осы саланың түбін түсірген зерттеушілер. Бала мен ата-ана арасын үнсіз түсіністікпен жалғайтын алғашқы баспалдақтар да осы кезден басталады екен. Ондай болмаған жағдайда бала ержеткенде де ата-анасымен түсінісу қиынға соғады. Сондықтан ең болмағанда ұйықтар алдында ойдан құрасақ та ертегі айтып, баламызбен жақын бола білуіміз керек. 

«Атамның таяғы аса аса тиеді» дегендей баланың ата-анаға қояр талаптары да арта бермек. Бала сыйлық ұсынғыш ата-анасының осы әлсіз жерін мықтап ұстап алады. Сұрайтыны ойыншық қана ма? Жер тепкілесе болды, бірінен соң бірі шыға береді. Оның үстіне бұл психология жасымен бірге үлкейіп отырады. Әлгі өзі отау шығарғанша үлкен үйге жалтақтап отыратын иек артқыш жалқаубайлар солардан шықса керек. Сондықтан баланы сыйлықпен алдаусыратқанды қойып, басқаша амалға көшу керек. Басқаша амал дегеніміз бала сізді түсінетін болсын, түсіндіре алыңыз, ол алыста отырып пүльтпен басқаратын теледидар емес, жақыннан, жанынан табылыңыз. Түсіндіріңіз, сырласыңыз. Уақыт бөліңіз. Өзіңізді де алдамаңыз, жанды балаға жансыз қуыршақтар серік бола алмайды, адамдар қарым-қатынас қағидаларын үйрете алмайды. 

Орнымен болмаған сыйлық баланы әр нәрсенің орнын, қадірін білмес бітеубасқа айналдыруы мүмкін. Ондай бала сабақтан алған сыйлығы мен жылағанын қойғанда алған сыйлығының айырмашылығын ажырата алмай қалуы мүмкін. Сыйлық балаға талпыныс сыйлайды. Жалпы сыйлықтың құны оның бағасынан әлдеқайда жоғары тұратын дүние екенін бәріңіз де білесіздер. Бала да осыны сезінуі тиіс. Не көп болса, соның қадірі болмайтыны өмірдің заңы ғой, ретімен болса дейміз.
17 наурыз 2019 ж. 598 0