Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕКІ ИТ ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ

ЕКІ ИТ ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ

Біздің қалада ұры көп. Түн болса бітті, аулада не тұрса, соны жымқырып, жоқ қылады. Кеше қойған затыңның бүгін таңертең ізім-қайым болғанын көресің. Бір емес, екі емес, үнемі осы.

— Жер үйде тұрған адам, аулада ит ұстау керек, — деп бір танысым кеңес берді. Кеңесі кеңес-ақ. Не көп ит көп, біреуін әкелдім. Әкелген итімнің танысы ма, туысқаны ма, ертеңіне тағы біреуі өзінен өзі пайда болғаны. «Мейлі, ит көптік етпес, ұрылар аулағырақ жүрсін» деп, біреуін төрге, екіншісін қақпаның аузына қойдым. Ұрылар бірер күн сап тиылды да, көп ұзамай қайта пайда болды. Екі иттің не істеп жүргенін бір құдай білсін.

— Сен бұл иттердің орнын ауыстыр, – деді баяғы танысым тыңнан кеңес беріп, — етектегіні төрге жібер, төрдегіні етекке апар.

Қалай білмегенмін, мынауы ақыл-ақ. Сөйткенім сол екен, аулаға ұры жоламай кетті. Бірақ ерте қуаныппын, үшінші күні ұрлық қайта басталсын.

— Олай болса, орындарын дереу ауыстыр, — деді баяғы танысым тағы ақыл айтып. Солай еттім. Төрдегі етекке, етектегі төрге кетті. Ұрлық та тиылды. Тыйылмапты, бірер күннен соң қайта басталды. Оған өзім ақыл таптым. Ұрлық басталған бойда, тіпті кейде басталмай-ақ иттердің орнын ауыстыра қоямын. Екі-үш күн өтпей тағы да сол. Осылай амалдап жүргеніме отыз жылдай уақыт болыпты. Шаршап та кеттім. Өзім де ит боп барам. Қайтсем екен?

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

elana.kz


05 наурыз 2019 ж. 1 528 0