Мемдума депутаты қызылордалық полицейді Мәскеуге шақырды
Ресейлік Мемдума депутаты Алексей Журавлев Қазақстан Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан 2017 жылы Қазақстанға келгенде көмек көрсеткен қызылордалық полицейге алғыс жариялауды өтінді. Одан бөлек, саясаткер қазақстандық тәртіп сақшысын Мәскеуге қонаққа шақырды деп хабарлайды NUR.KZ.
Алғыс хат пен бейнеүндеу Facebook желісіндегі "Қызылорда" тобының парақшасында жарияланған.
Анықталғандай, Алексей Журавлев 2017 жылдың мамыр айында түнде жолда адасып кеткен. Сол кезде оған Жасұлан Үксікбаев бағыт көрсетіп, қажетті мекен-жайға дейін апарып тастапты.
Ол қазақстандық құқық қорғаушыға осы әрекеті үшін алғысын білдірді.
"Құрметті досым, Үксікбаев Жасұлан мен бұл видеоүндеуді Ресей Федерациясы Мемлекеттік дума кабинетінен жазып отырмын. Мен сенің әрекетіңнен соң нағыз лайықты адамдар Қызылордада тұратынын түсіндім. Себебі, сен өз қызмет орның мен лауазымыңды айтпай, жай ғана полицей екеніңді жеткіздің. Осыншалықты қарапайым болу...",- дейді Мемдума депутаты.
Журавлевтің сөзінше, ол азаматты қалай табу қажеттігін білмеген екен. Сол үшін ол қызылордалық полицейге өз телефон нөмірін қалдырып кетіпті.
Уақыт өте Жасұланның өзі депутатқа хабарласқан көрінеді. Ал Журавлев тәртіп сақшысының бұл ісіне қатты қуанышты екенін жеткізген.
"Дос боламыз. Сені Мәскеуде күтемін. Мемлекеттік думаны, қаласаң, барлығын көрсетемін", - деді халық қалаулысы.
Айта кету керек, сол жылдың жазында болған оқиғалардан кейін Бүкілресейлік "Родина" саяси партиясының төрағасы Бірінші арнадағы "Время покажет" бағдарламасында Қазақстанда сезінген эмоциялары туралы айтып берген.
Журавлевті жергілікті ішкі істер органдары қызметкерлерінің әрекеті таң қалдырыпты. Ол елге қарапайым адам ретінде келгенін алға тартқан.
"Келдім, адасып қалдым. Сол кезде маған полицей келіп, өз көлігімен қонақ үйге дейін апарып тастады. Мен өзімнің депутат екенімді айтқан жоқпын. Міне, сіздерге Қызылорда", -деді қазақстандық полицейлерге тамсанған депутат.
syrboyi.kz