Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаркенттен табылған құпия жазуда не сыр бар?

Жаркенттен табылған құпия жазуда не сыр бар?

Ырғайлы сайдағы құпия жазу

…Иә,  астымыздағы  жол  таңдамайтын  жеңіл көлік (УАЗ) бар  дауысымен  ышқына  гүрілдеп, солтүстік жақты  нысанаға  алып  бар  жылдамдықпен  зымырап  келеді. Басты бағытымыз тамыры  тереңге  жайылған,  тарихы  талайды  тамсандырған  Жаркент  өңірінің  Жетісу  Алатауы. Іссапарымыздың  негізгі  мақсаты әзірге  бізге  белгісіз  аталмыш  тау  қойнауындағы  жартаста жазылған  «Беймәлім  жазуды»  көзбен көріп,  суретке  түсіріп  қайту. Жол  бастаушымыз  жасы жетпістен  асса  да  жүрісі  ширақ, көкірегі  толған  шежіре, көргендерін  көңілге  түйе  білген – Атубаев  Өмірзақ (Торғай) ағамыз. Қазыналы  қартымыздың  туған  ел мен  жердің, обалар  мен  тастағы  сурет, жазулар  сияқты  тарихи  ескерткіштер  туралы  айтқан  әңгімелері  жандүниеңді  баурап,  ертегідей  елітеді. Осындай  бір  кезекті  әңгіме барысында  осы  «Ырғайлы  сайдағы  көне  жазулар...»  туралы айтпасы  бар  ма?!  Содан сол  бір белгісіз  «құпия  жазу  мен  таңбаларды  іздеп  бару,  өз  көзіммен  көріп  қайту» туралы  ой  миыма  маза  бермеді. Әуелі  күндегі  күйбең тірлікпен  жүріп  біршама  уақытта  өтіп  кетіпті, міне «Сабақты ине  сәтімен» - дегендей  бүгін осы бір  істің ыңғайы  келіп тұрған сияқты.

Жаркенттен  шыққаннан  тоқтамаған  қалпы  Лесновка,  Еңбекші  ауылдарын  көктей  тіліп  өткен  көлігіміз  киелі  Китіңге  келіп бірақ  аялдады. Тек қана Еңбекші мен Китіңнің арасындағы  жолдың ойлы – қырлы жайсыздығы болмаса, жалпы қарқынымыз жаман  емес. Сарқыраған  тау  өзенінің  жоғарғы  жақтағы өткелінен  өте  сала  бейтаныс  адамдарға  жолығып, жөн  сұрадық. Діттеген  жеріміз  Қайшының  беліне  баратын  жолды біліп  алып  көңіліміз  жайланған  соң, түскі  астың  қамына кірістік. Жол  бойы  Торғай  ағамыз  сөзге  араласпай,  тек  қысқа ғана жауап  қайырып, томаға  тұйық  отырып  келді. Өзен  жағасында  рахаттанып  отырып  түстендік, арасында  ағамызды  сөзге  тартып  едім, онша  әсер етпеді,  сол  бұйығы  күйінде, қалың  ой  құшағында  қала  берді.  Неге  көңілсіз?... «Қинап  қойдық  па, жасы келген  адамды»  деген,  ой  да  келе берді... Сыртқа  білдірмегенмен  ағамыздың  көзінен «ішкі  жандүниесінің  алай – түлей күй кешіп,  мазасызданып»  отырғанын  аңғардым. Әрі  қарай  мазалауды  жөн  көрмедім,  «не  де  болса  бара  көрерміз...» деп  шештім. Ал,  жиенім  Бекболаттың – беймәлім  жазу мен  суретке  деген  құштарлығы  сондай  ерекше  көңілді, мына  қалпында  оттан да,  судан  да  тайынатын  түрі  жоқ. Жүргізуші  баламыз  Райымбек  пен  Айбектің ойларында  түк  жоқ, олар  үшін  бәрі қызық, бәрі  таңсық. Екеуі  зыр  жүгіріп  ағаларына  барынша  қызмет  көрсетіп  жатыр  өте  ізетті,  тәрбиелі  жастар екені  көрініп – ақ  тұр, қарап  тұрып  ризалықтан  жаның  сүйсінеді. Өзен  жағасындағы  көк  майсада  әзілдесіп отырып  асымызды  ішкен  соң, Ақшағылдың  сайымен  батыс жақты  бетке  алып, Қайшыға  қарай  тартып  кеттік. Жолай  мен де  ойға берілдім: ...қандай жазу  екен  ә...?  ..кімдердің  қолтаңбасы ? Қашан тасқа  басылды  екен?  Жазу...  таңба...  Тоқта!  Мен  осы  жазулар  тарихы  туралы  не  білемін? Өзіме – өзім сұрақ  қойдым, ойды – ой  жетелеп  тұңғиыққа  батып  барамын...
Жазулар  тарихы  жайлы оқығандарым еске  түсіп, бейнетаспаның  лентасындағы  кадрлар  тәрізді  тізбектеліп сана арқылы  өтіп  жатыр.  Жазу – қысқаша  айтсақ, адамның ойын, қоршаған ортаға көзқарасын білдіріп, солар жайлы хабар беретін таңбалар жүйесі ғой. Ал, тасқа бедерленген бейнелік белгілер ғылымда петроглиф немесе пиктография деп аталады. Сонымен  адамзат  тарихындағы алғашқы  жазу  таңбаларының өмірге келуі осыдан  5000 жыл  бұрынғы Таяу Шығыстағы Шумер елінен  бастау  алған-ды. Одан  кейінгі  22 дауыссыз  дыбысы  бар  тұңғыш  әліпбидің  иелері – финикиялықтар екенін  де білеміз.  Қысқаша қайырсақ  мына  ғаламшардағы  адам  өмірінде жазудың алатын  орны  ерекше. Себебі, кез келген  қоғамның  саяси, мәдени және  экономикалық  әлеуетінің  көрсеткіші   жазусыз  жүзеге  асуы  мүмкін  емес, әуелі десеңіз әлемдік өркениеттің  дамуы да осы жазу – сызудың пайда болуымен тығыз байланысты. Айтқандай, американ этнологі Л.Г.Морганның адамзат  тарихын жабайылық, тағылық, өркениеттік деп үш кезеңге бөліп қарастырғаны, одан өркениеттік кезеңнің жазу – сызу шыққаннан кейін басталатындығын  жазып кеткені естеріңізде болар. Яғни, жазудың  пайда болуы адамзат қоғамы тарихында үлкен бетбұрыс жасаған  теңдессіз жаңалық! Демек,  әр жазудың  өзіндік  тарихы  мен өркениеттер  шежіресінде айшықты орны,  өзгеге  ұқсамайтын  тағдыр  тәлейі  бар деген  сөз. Мысалға, Египет  жазуларына  «иероглиф» - яғни,  «қасиетті  таңба» деп  атау  берген  К. Александрийский  болса, осынау  сиқырлы  жазудың  сырын  ашу  француз  ғалымы -  Жан – Франсуа  Шампольонның  маңдайына  бұйырыпты. Және  де  ХVІІІ – ХІХ ғасырларда  көне  жазулардың  көптеп  табылып оқылуы көзі  ашық,  көкірегі  ояу  зиялы  қауым  өкілдерінің  әңгімелерінің  негізгі  өзегіне  айналған  кезең  болатын. Оған  дәлел ретінде  Сирия, Вавилон,  Парсы  сына  жазуларының  оқылуының  құпиясын  ашқан  талантты  оқымыстылар – Г. Гротефенд,  Г. Роулинсон, Э. Хинкс т.б. ғалымдар  сол  кезеңдегі зиялылар  арасында  барынша  мадақталып,  үлкен  қошеметке  ие  болған  еді. Бұндағы  тоқтала  кететін  бір  ерекшелік,  Парсы  жері  мен  Месопатамиядан (Тигр мен Ефрат өзендері  арасы) табылған  сына  жазулардың  бір – біріне  өте  ұқсастығы. Оның  ішінде  ұзындығы – 20м,  биіктігі – 7м  жерді  алып  жатқан  400 жолдан  тұратын  Бехустун  жазуы  талайды  таңдай  қақтырды.  Сонымен  қатар,  Хет  елінің  тарихын  зерттеп, хетология – ғылымының  негізінің  қалануына  себепші  болған, хет жазуының  сырын  ашқан  чех  ғалымы -  Б. Грозный  есімі  ғалымдар  ортасында  үлкен  құрметке  ие  болып, тарихта  мәңгі  қалды.  Одан  басқа  Сақ  жазуын  алғаш  оқыған  Отандық  ғалым, түркі тілінің  маманы  А. Аманжолов  ағамыз  бен  Шумер жазуы мен Түркі  руникасының айтылу үндестігі мен мағыналық байланысын нақты  мысалдар келтіре отырып зерттеп  жүрген  О. Сүлейменов  ағаларымыз да  бар. Соғды жазуының  тарихы мен қолданылуы  өз алдына  бір  бөлек  дүние.
Ал, көне Түркі  сына  жазуының  біздің  ұлттық    тарихымыздағы  алатын  орны  өте  жоғары.  Неге десеңіз бұл б.з. VІІ- VІІІ ғасырларына  жататын құнды  жәдігерлер көне Түркілердің ру -  тайпаларының таңбалары негізінде жасалғандықтан төл мәдениетіміз бен  руханиятымыздың  берік  іргетасы іспетті. Көне түркі  руникасы  туралы  мәліметті  алғаш  жариялаған  С. Ремезов еді. Осынау  құнды тарихи  ескерткіштің  шежіресі  1718 – 1727 жылдары Сібірді  зерттеуші  ғалым  Мессершмидтің  Енисей  өзенінің  бас  жағынан  тауып  алған  түрлі  таңбаларға,  жазуға  толы  екі  балбал  тастан  бастау  алады. Кейіндері  дәл  осындай  жазу  таңбалары  бар тастар  Минусинск  ойпаты  мен  Орхон  өзендері  бойынан  табылды.  Археологиялық  зерттеулер  нәтижесі  бұл  аймақтың  көне  Түркі  мәдениетімен  тығыз байланысты  екендігін  айқындап  берді. Аталмыш  құпия  жазу  көптеген  ғалымдардың  қызығушылығын  оятып, назарын  аударғанмен  олардың  еңбектері  еш  нәтиже  бермеді. Бірақ,  адамның  ақыл – ойының  мүмкіндігі  шексіз  емес  пе?!  Дат ғалымы  В. Томсеннің  жанкешті  еңбегі  мен  ізденісінің  арқасында  бұл  құпия  жазудың  да  сыры  шешілді. Нәтижесінде, осынау  тарихи  жәдігер бүкіл  Түркі  жұртының  оның  ішінде  қазақ  халқының  мәдениетінің  мәңгілік  рухани  қазынасының  Темірқазығына  айналды.  Ұлы  бабалардың мәрмәр тасқа  қашап жазған  ұлағатты сөздері біздер үшін  өнегелі  өсиет,  мәңгілік  мұра  болып  қала  бермек.
...Өзіммен  өзім болып,  тұңғиық  ойдың  түбінде  отырған  мені  «Іздегеніміз  осы  жер, келдік!» деп,  «саңқ!» еткен Торғай  ағамыздың  дауысы  селт  еткізді. Бөктерді  қиялай  жолсызбен  жүйіткіген  көлігіміз,  жердің  ой – шұңқырына  қарамай  шоқырақтаған  күйі бір  киіз  үйдің  алдына  келіп  бірақ  тоқтады. Жамырап  көліктен  түсе  бастадық,  бәріміздің  көзіміз  тау  жақта,  тас  біткеннің бәрі  жазу  сияқты  елестейді. Сөйткенше  киіз  үйден  бет – аузын  уқалап,  көзін  сығырайтқан  бір жігіт  ағасы  шықты, жөн  сұрастық. Ол «бұл  жер  Күлдіқора,  ары  жақтарыңыз  Көктасты» деді, қолын  батысқа  сермеп. Бәріміз  ешнәрсеге  түсінбей бір  сәт абдырап  қалдық, сонда  қалай болғаны...?  Торғай  ағаның айналаға таңдана  қарап «Әй,  онда   Ырғайлы  сай  қайда?» деген  сұрағына,  «арттарыңызда  қалды  ғой» деп  шығыс  жақтағы  біршама  аралықта  тұрған биіктеу  жартасты  нұсқады. Ағамыз  айналаны көзбен  шолып  «Сонда  қалай  адастым  ба?» деп,  жан – жағын  аңырып  қараған  күйі  тұрып  қалды. Тез  есін  жия қойып   сәлден  соң  әлгі  малшы  жігітке «Жақын  маңда  жазу – сызуы бар тастар  көрмедің  бе?» қайта  сұрақ  қойды. Малшы «жоқ» деп  қысқа  қайырды  да, тоқтап барып  есіне  түсті – ау  дейім, «Тек  мына  төбенің  ар  жағында арабша  жазуы  бар бір  тасты  ғана  көрдім» деп  сөзін  аяқтады. Оған  жауап  ретінде  Торғай  аға: «Е оны білеміз, ол  бір байдың қызына қойылған тас қой, одан  басқа ше? Мал  қарағанда  осы  маңды  сан  шарласа да  жан – жақтарына  кішкене  бір  зер  салмайды  екен  ә  бұлар...» деп, ренжіген  кейіп  танытты. Сонымен  кері  бұрылып  төбені  бөктерлей  жүріп  отырып,  іздеген  Ырғайлы  сайымызға  да  жеттік – ау. Енді бұл  жерде  жол азабын  жеңілдеткен  жеңіл  көлігіміз  бен  оның  жүргізушісі  Райымбекке шексіз риза  болдық. Бара  сала  сол  екпінімізбен  тоқтамаған  күйі  сайды  бойлап  жоғары  өрледік,  есіл – дертіміз  тезірек  көне  жазуды көру. Шамамен  150м  жүргеннен  соң  алғашқы  жартасқа  жолықтық, ондағы  жазуды  менен  басқа  ешкім  байқамады, бәрі  жылдамдата  ілгері  кетті. Алғашқы  жазу жандүниемді жағымды  әсерге бөледі, жайлап  фотоапаратымды  қолға  алып  суретке  түсірдім. Қытай  иероглифіне  ұқсайтын  сияқты  ма, қалай  өзі?  Жоқ, емес – ау, емес. Содан  сайды  өрлеп  тағы  400м  жүргенде  сайдың  екі  жағын  ала  орналасқан  үлкен  жақпар  тастар бірден көзге  түсті. Солар шығар  деп шамаладым, ізінше  менен  бұрын  жеткен  Бекболаттың  қуанғаннан  мәз  болып  айғайлаған  дауысын  естідім. Екі  қолын  аспанға  көтеріп  алып  қуаныштан  жарылайын  деп  тұр,  «Міне  жазу,  міне  сурет!» деп  әр  тасты  бір  көрсетеді. Жалпы  жартас  доға  тәрізді  үлкен  үш бөліктен  тұрады  екен. Екі  бөлігі  батыс  жағында  қатарласқан,  ал  бір  бөлігі  шығыс  жағында  жеке  орналасыпты. Ортадағы  ашықтан  су  аққан  болуы  керек, бірақ  осы  ашық  бөлікті, алдыңғы  жақты  жергілікті  малшылар  жартастың  сынған  кішкене бөліктерімен  қоршап қора  жасап  алыпты. Шығар  есіктің  сол  жағында  ұзын  құрық  тұр,  соған  қарағанда  жылқы  малын  қамайтын  секілді.
жазу 1.jpgжазу 2.jpgжазу 4.jpg
Жартаста бейнеленген  тәуешкі, атты  адам,  бұғылар  мен  арқардың  суреттері  керемет!  Ал,  жазуларды көріп таң – тамаша болдық,  тіпті есіміз шығып  қалды. Осыншама  ғажайып  тарихи ескерткіштердің  табылуы, мені аяқ астынан  бейне  бір  алтын  көмбеге  жолыққандай  күйге  түсіріп, аңырып  тұрып  қалдым. Қытайдың,  арабтың, парсының, көне  түркінің  сына  жазуларына  мүлдем  ұқсамайды. Кім, қашан  жазды  екен? Қай  дәуірге  тән? Қаншама  ғасырларды  артқа  тастады  екен  бұл  жәдігер? Әттең,  тастар  да  сөйлейтін  болса ғой... Сөйлейді  олар,  сөйлейді, бірақ  оған  біздің  өреміз  жетпей  тұр – ау...!?  Өзіммен  өзім  күбірлеп  сөйлесіп  жүрмін, суретке  де  түсірудемін. Ойымның  сан – саққа  бөлінгені  сондай,  ойша  әр  нәрсенің  басын  бір  шаламын... Тағы бір байқалған  ерекшелік жабайы және  үй  жануарлары  жартастың  жоғарғы  бөлігінде  суреттеліпті де, төменгі  жақ  бөлігі  біз  сөз  етіп  отырған   құпия  жазулармен  көмкерілген.
Менің  өз  жорамалым  бойынша  Сақ,  Үйсін  дәуіріне  жататын  сияқты. Иә,  сол!  Дәл  өзі, жабайы  жануарлар  Сақ заманы  болса, атты  адам Үйсіндердікі! Есіме  әр  сайдың  жаңағы  Күлдіқора,  Ырғайлының  аузындағы биік  тепсеңде  жатқан  тас  обалар  сап  ете  түсті. Себебі, Үйсіндер  өлген  адамдарды  мүрдені  су  шаймайтын  биік  төбелер  мен  тау  бөктерлеріне  жерлегені  тарихта  бар. Келе жатып  сол  обалардың  бірнешеуін  суретке  де  түсіріп  алған  едім. Тағы бір байқаған  нәрсем  тастағы  суреттер  арасынан  қолына  құс  ұстаған  атты  адам, яғни  құсбегі! Мал бағып  саятшылық  құру  біздің  ата  кәсібіміз екенін  бәріміз  де  білеміз, сол сурет  астындағы  жазу  саятшылық,  аңшылық  немесе  мал  бағу туралы   жазылған  деректер  болуы  да  мүмкін  ғой.  Б.з.б. І – ІІ ғасырларда  солтүстігі  Балқаштан  біздің  өңірді  қоса  алғанда  оңтүстігі  Ыстықкөлге  дейінгі  аймақты  үйсін елі мекендеген  еді  ғой. Сол  кезеңдегі  Қытай  саяхатшыларының  тарихи  мәліметтері  бойынша: «...Үйсіндердің  мемлекет  басшысы – Күнби (Гуньмо), астанасы – Шығу қаласы (Чигучень) қазақша  Қызылаңғар,  түтін саны – 120000,  адам  саны – 630000,  әскері - 188800».  Демек, бұл  елдің  өзіндік  мемлекеті,  тілі, ордасы,  жазуы  болды  деген  сөз, ол  бұл  мәліметтердің  бәрін  аталмыш  мемлекет ордасындағы  арнайы құжаттардан алған. Неге  десеңіз  бүкіл  үйсін  жерін  аралап  мал – жанын  санап  шығуға   қытай  жиһанкезінің  өмірінің  жетпесін бәріміз  де  түсініп отырмыз. Сондай-ақ, 70 мың  иероглифтен  тұратын  Қытай  жазуының тұңғыш  рет  қолданысқа  түсуі  қазақ  елімен  шекаралас  аумақта  іске  асқанын  тарихтан  білеміз. Демек,  бұл  салада  біздің  көшпенді бабаларымыздың  ықпалының  болғанын  жасырып  қалу  мүмкін  емес және  де  бұл  жағдай көшпелілердің  өзіндік  жазу  белгілері  болғандығынан  да  хабар  беріп  тұр  емес  пе.
Қорыта айтқанда  осылардың  бәрін ой  елегінен өткізе  отырып, бұл көне  жазу «Үйсін  жазуы  болуы да мүмкін  ғой» деген жорамалға тоқтадым. Оған қоса құрметті  оқырман, қазақ  жерін  мекендеген  тайпалардың  төл  жазуының пайда болу  мерзімі  б.з.д. І мыңжылдық екенін ұмытпаған боларсыз. Әрине, бұл тек өз  ойым, бірақ толықтай зерттеуді қажет ететін дүние екендігіне шүбәм жоқ. Жартастағы  жазу  таңбалары  мен  жануарлар  бейнесін  суретке  түсіруді  аяқтап, тағы  бір  рет  әрқайсысын  жеке – жеке  мұқият  қарап  шықтым. Тамаша  жаңалық,  алған  әсерімді  сөзбен  жеткізу  мүмкін  емес! Айналаға  риза  көңілмен  қарап  біраз  тұрдым  да  демалуға  тізе  бүгіп  отырғанымыз  сол  еді, бұлттан  шыққан  күндей  болып «жарқ!» етіп Торғай  ағамыз  келді,  жүзі  жанып  тұр,  өте  көңілді. Бағана  біздер  жапа  тармағай  сай  бойымен  өрлеп  кеткенде, ол  кісі шаршағандықтан  артта  қалып  қойыпты. Содан  біраз  демін  алып,  аптығын  басып  келген  беті осы. Қуаныштан  жүзі  бал – бұл  жанған  ағамыз: «Осы ғой  біздің  іздегеніміз,  мана  жол  бойы  жас  болса  келіп  қалды, бұл жаққа келмегеніме де  көп жылдар болды(20 жылдан асып кетті), таба  алмай  қалсам балалардан  ұят  болатын  болды – ау» – деп,  қатты  уайымдап  едім.  «Жазулы  жартасты  тапқанымыз  қандай  жақсы  болды» – деп, екі  қолымен  жартасты  нұсқап  жас  баладай  мәз  болып  тұр. Оу, бәсе, бәсе, енді бәрі  түсінікті болды, жол бойғы ағаның  «тұйықталып  отыруы,  іштей мазасыздануының» себептері осы екен ғой. Ех,  шіркін  пейілі  дархан  даладай, ақкөңіл  жас  баладай,  қазағымның  қайран  қариялары – ай! Қартымыздың дидарынан төгілген риясыз  сәби күлкі, қуанышқа  толы  көз  жанары менің жадымда көпке дейін сақталып  қалды. Әттең,  өзіңіздей  қазыналардың  қатары  сиреп  барады – ау   деген  өкініш  өзегімді  өртеп  өтті. Естелік  үшін деп  суретке  түстік, біраз әңгімелесіп  тылсым  сырын бауырына бүккен, беймәлім жазуы бар  жартасқа  қимастықпен  қарай – қарай  кері  қайттық.
Бәріміз  көңілдіміз,  дабыр – дұбырмен  көлік  қасына да келдік, қалған  азық – түлігімізді  ортаға  салып,  дастархан  жайып  жүрек  жалғадық. Шәй  үстінде  ағамыз  алысқа  көзді  қадаған  қалпы: «...Долаңқара,  ерте  тұрып  атыңның,  жалын  қара!» деді  де  шығыс  жақтағы  керуеннің  шашылған  теңіндей  созылып  жатқан  қаратауды  қолымен  көрсетіп, өзі  білетін  тарихи оқиғаларға  тоқталды. Ерте кезеңдерден  осы  аумақты мекендеп  келе жатқан Суан тайпасының  Ақша, Қараменде руларының  арасында  болған  жер  дауы жайында  біраз  әңгіменің  тиегін  ағытумен  қатар, Кеңес заманында бұл  аймақтың егіс алқабы болғандығынан  да  хабардар етіп  өтті. Ары  қарай  төмендегі  көз  ұшында  нүктедей  көрінген  қос  бейітті  нұсқап, «Жарықтық  Шыны – Шыңғыс  бейіті, Шыны  әйелі  де,  Шыңғыс  ері деді» бұл  кесенелердің  сонау  үркіншіліктен  бұрын  тұрғызылғандығын  айтты. Шамасы  1931 -1933 жылдардағы  ашаршылық  жылдарынан бұрындары, шамамен өткен ХХ ғасырдың басы  болса  керек. Одан  әрі  осы  маңдағы  жер – су  аттарына  байланысты  біраз шежіре  тарқатқан  ағаға  іштей  риза  болдым. Сұңғыла  қарттың  әңгімесі  өткен ХХ ғасырдың  70 жылдары  қайтыс  болған  атам  Рамазанды  есіме  түсірді. Себебі,  мен  ес  білгелі «атамның  баласы» болып  өстім, атаммен  еріп  жүріп  ауыл  ақсақалдарының, манпаң, зәңгілердің әңгімесін,  ақалақшылардың өздерін  көрмесемде олар  туралы небір аңыз – естеліктерді  тыңдап  өскен  едім. Олардың  әрқайсысы  бірін – бірі  қайталамайтын «... дария  шалқар,  тау  мүсіндер»  ерекше   тұлғалар  еді  ғой,  жарықтықтар!
Уақыттың қалай  өткенін  де байқамай  қалыптық, күн де  кешкіріпті  үйге  жинала  бастадық. Келгендегідей  емес  жер  жағдайын  біліп  алған  жүргізуіші  бала  жолды – жолсызбен  төтелей  тартып көзді ашып - жұмғанша  келген  жолымызға  қайта  түсіп  алып  жүйітки  жөнелді. Әркім  өз  ойымен  отыр, бәрінің  де  шаршағаны  білініп  тұр. Тек  Бекболат  қана  әлі  арыны  басылмаған  секілді, айналадағы көзге  түскен  әрнәрсеге  түрлі  теңеулер  айтып, тілі  жетпеген  жерлерін түрлі қимылдармен  көрсетіп  бәрімізді  күлдіріп,  көңілдендіріп  келеді...
Бірде  шоқырақтап, бірде  жайлы қалпы  зулап  келе жатқан көлік  терезесінен -  зеңгір  көкке, манаурап  мүлгіген  алып   тауға  қарап  келе жатып  қайтадан еріксіз  ойға  шомдым:  Ойпырмай, «Көңіл  жүйрік  пе,  көк  дөнен жүйрік  пе?» деген  рас – ау  сірә,  іштей ойды – ой  қозғап беймәлім  бейнелер мен таңбаға толы жартас қайта көз  алдыма елестеді. Әртүрлі сауалдар санамда  мың  құбылады,  бұл  жазулар  ерте  орта  ғасырда  да  жазылуы  мүмкін – ау  деген  «сұрақ» та қылаң  берді. Есіме  енді  түсті, б.з. VІІІ ғасырындағы  Қарлұқтар заманында Жетісу жеріне  келген тибеттіктер тау – тасқа өздерінің  буддалық дұғаларын  ойып жазып қалдырғандары  туралы деректер бар  ғой, тарихта. Түркінің  Таспар,  Ышпара қағандары  өз билігі  тұсында  Будда  дініне  бой  ұрды емес пе...?! Сөйтіп,  Тибеттен  ламаларды  алғызып,  Будданың  қасиетті  жазбаларын  түркі  тіліне  аудартып  кеңінен  насихаттаған  еді. Бұл  жазу  сол  будда  монахтарының  қолтаңбасы  шығар...?!  Енді  бұған сол  Тибет ламалары  жазбаларының бұдан  бұрындары Іле  өзенінің  оң жақ жағалауынан  табылғаны туралы деректі  қосыңыз. Иә ол да  мүмкін,  әрине  бұл  терең  зерттеп, зерделеуді  қажет  ететін дүниелер, біздікі  тек  жоба,  болжам  ғана. Туған елдің, жердің  тарихы  біздер  мен  келешек  ұрпақ  үшін  баға  жетпес  қазына  ғой. Сол  құнды жәдігерлерді  қастерлеу  әр  қазақтың  азаматтық  парызы  болмақ. Әрқашан  парызымызға  адал  болып, «Елі үшін еңбек  еткеннің  еңсесі  биік» деген халық  нақылын ту етіп, еліміз  үшін  аянбай  еңбек етейік ағайын. Тәуелсіздігіміз  тұғырлы,   мемлекеттігіміз  мәңгілік  болсын!
Дереккөзі: mezgil.kz

Қали Ибрайымжанов
Тарих ғылымдарының магистрі
Abai.kz







04 желтоқсан 2018 ж. 688 0