Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » НЕСІБЕСІН МОЛЫНАН ТАПҚАН

НЕСІБЕСІН МОЛЫНАН ТАПҚАН

Тәулік бойы тынымсыз еңбекпен айналысқан кейіпкеріміз биылдан бастап, өз кәсібін ашуға бел буған. Бар мақсаты отбасылық бизнесті қолға алып, көпшілік сұранысын қағанаттандыру. Қашанда өз жұмысына шебер азамат алдында тұрған кедергіні жеңіп шығары сөзсіз. Бастапқыда, бұрын-соңды айналыспаған кәсіпті игеру қиындыққа соқтырады. Бірте-бірте наубайхана жұмысының қыр-сырын меңгере бастаған Жандос Сүлейменов шағын бизнесті ілгерілету жолында қажыр-қайратын барынша жұмсауда.
«Ер дәулеті – еңбек» дегенді өмірлік ұстанымына айналдырған Жандос ауыл халқын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Маусым айынан бері оның наубайханасынан шыққан әрбір өнім жоғары сұранысқа ие. 3 млн. теңге көлемінде несие алып, наубайханаға қажетті құрал-жабдықты сатып алады. Бүгінде өз ауылымен қатар Шіркейлі, Бесарық, Қызылорда қаласына қарасты Наурыз елді мекеніне нан өнімдерін тасымалдайды. Біз барған кезімізде буы бұрқыраған нанды пісіруге кіріскен наубайханашы Жұмакүл Мақаева өз жұмысының қиындығы мен қызығын таразылап айтып берді.
– Біз күні бойы нан өнімдерін газ пешіне пісіріп, уақытында дүкендерге жөнелтіп отырамыз. Әр нанның салмағы 500 грамды құрайды. Бір мезетте газ пешінде 80-ге жуық нан пісіріледі. Ал, тәулігіне 500-ге дейін бөлке нанға екі-үш қап ұнды жаратамыз. Түнде қамырды илеп, бастырып қоямыз. Азанымен көмілген нанның алғашқы бөлігі ауыл дүкендерінің сөресінен табылады. Алға қойған мақсатымыз талапқа сай, құнарлы өнімді уақытында пісіру екені белгілі. Келешекте бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземіз, – дейді наубайханашы.
Сонымен қатар, наубайханада күн сайын кондитерлік тәтті өнімдер жасалады. Арнайы жасалу тәсілі арқылы «кекс», «тоқаш», «торт» тағы да басқа тәттілер қолжетімді бағамен сатылады. Алдағы уақытта наубайхана жұмысын одан әріге дамытып, сұраныс көлемін арттыру көзделген. Ауыл мектебі жанынан арнайы дүңгіршек ашып, ыстық тоқаш пен тәтті өнімді сату көзделген. Бұл дегеніміз сабақ уақытында оқушы мен ұстазға жасалған таптырмас мүмкіндік. Кішігірім той-томалаққа, түрлі жиынға тұрғындар қалағанынша кондитерлік өнімге тапсырыс бере алады.
Әркез күшіне емес, адал ісіне сенген Жандос Сүлейменов әлі талай асуды бағындырарына сенеді. Қашан да шын қалап жасалған істің мол несібесі болатыны хақ. Риясыз халықтың алғысын арқалаған жанның келешекте үлкен кәсіпке бет бұрып, шағын отбасылық бизнестің өрісін кеңейтетініне сенім мол. Қоғалыкөлдік ағайын қай кезде де еңбегімен биікке ұмтылған Жандостай азаматпен мақтанады.
15 қараша 2018 ж. 1 126 0