Қаладағы құпия жол
Алты алаштың анасына баланған Сыр еліне биыл 200 жыл. Тағылымды тарихқа толы шаһар келбеті бүгінде сәні мен әні келіскен қалаға айналуда. Екі ғасырлық тарихы бар сыр ордасына көз тастасаңыз, тағылымды із сайрап жатқаны сөзсіз. Осы орайда, қаладағы маңызды болған ғимараттардың бірі – «Айтбай мешітің» тарихында құпия дүниелер бар. Соған зер салып көрсек.
Қала тарихынан сыр шертетін нысан – 1878 жылы бой көтерген. Көк күмбезді құлшылық үйі тек көне ғимарат қана емес, құпияға толы бай тарихымен де ерекшеленеді. Сенімді дерек көзіне сүйенсек, мешітті Айтбай есімді қажы Әулиеата жерінен арнайы шеберлер алдырып салдырған. Сол заманның асқан сәулетті бай үлгісіндегі нысанның намаз оқитын үлкен залының астында құдық болған. Ал, бертінде бұл құдық жаз мезгілінде желдеткіш қызметін атқарған көрінеді. Тағы бір қызық дерек, кезінде бұл маңда жер асты жолы болған екен. Ол жаугершілік заманда дарияның арғы бетімен байланыстыратын бірден-бір құпия жол ретінде пайдаланылған.
Құпиялы құдықтың сырына үңілмекке тұңғұйығына көз тастасаң тереңінде су жылтылдайды. Ал мұнда жер асты жолы болса, су құдығының құпия нысанға қатысы қандай болған дейсіз ғой? Тарихи деректерге сүйенсек, жасырын жол құдықтың тереңінде тоғысады. Ал, ол жол шіркеу мен әлгінде айтқан әскери казарманы байланыстырып отырған.
Біз сөз етіп отырған нысан шырайлы шаһарымызбен бірге жасасып келе жатқан қастерлі құндылық деуге болады. Әлбетте, жылдар жылжыған сайын бүгінгі қала келбеті еңселі жаңа ғимараттармен толығуда. Әйтсе де, қала тарихының түпқазығына айналған нысанның да бағасы арта түспек. Бұл уақыт заңы, әрине!
Г.ӘЛЖАНОВА