Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәди Манатбек «Қазақ радиолары» ЖШС басшылығынан кетті

Мәди Манатбек «Қазақ радиолары» ЖШС басшылығынан кетті


«Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбекұлы қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл қызметке белгілі журналист 2017 жылдың ақпан айында тағайындалған еді.  
«Бүгіннен бастап «Қазақ радиоларының» ЖШС бас директоры қызметімді аяқтап, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы және «Қазақ радиосы», «Шалқар» ұлттық арнасы, «Астана», «Классик» радиоларын бір арнаға тоғыстырған серіктестік ұжымымен қоштасып жатырмын. Былтыр компания тізгінін қолға алғанда ғасырға жуық тарихы бар қасиетті қара шаңырақтағы алтын әріптестеріммен кеңесіп, «Қазақ радиоларының» алдағы бағыт-бағдарын, ұлттық ұстанымын бірлесе айқындап, әлеуметтік-қоғамдық мәселелерге баса назар аударуға келістік. Қазір сол ұстанымға сай қызмет етіп келе жатқан, бүгін қимастықпен шығарып салған «Қазақ радиоларының» ұжымына шын жүректен ризалық білдіремін», - деп жазды М. Манатбекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында. 
 Сонымен бірге, М.Манатбекұлы серіктестік жетекшілігін сеніп тапсырған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлы мен «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Тынымбайұлына алғыс айтты.  «Мемлекеттік телеарна және мерз
імді басылымдарда жетекшілік еткен мен үшін «Қазақ радиолары» үлкен мектеп болды. Енді толық медиа менеджермін», - деп жазды ол.  Мәди Манатбекұлы 1978 жылы 25 мамырда дүниеге келген. 2006 жылы Көкшетау университетінде заңгер мамандығын меңгерген. Еңбек жолын 1998 жылы республикалық «Нартәуекел» газетінде тілшілік қызметтен бастаған. Еңбек жолы 1999 жылы қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жалғасты. 2000 жылдан бастап «Отырар» телеарнасында жаңалықтар жүргізушісі, таңғы «Нұрлы арай», спорттық «Топжарған», қылмыстық «Экстренный вызов» бағдарламаларының авторы әрі жүргізушісі болды. 
2001-2006 жылдары «Астана» телеарнасында жаңалықтар жүргізушісі, апталық ақпараттық-сараптамалық «Үш ширек», «Ашық әңгіме», спорттық «Топжарған», қылмыстық «Оқиға ізімен» бағдарламаларының авторы әрі жүргізушісі және бағдарламалар өндірісі қызметінің жетекшісі болды. 2006 жылы «31 арна» Астана қосынының тілшісі, 2007 жылы «MARMILAT» жарнама агенттігінің директоры. 2008 жылы «Хабар» Агенттігі» АҚ жаңалықтар қызметінің жүргізушісі. 
2010-2013 жыл аралығында «Қазақстан» РТРК» АҚ апталық ақпараттық-сараптамалық «Аptа.kz» бағдарламасының жүргізушісі; қоғамдық-саяси бағдарламалар бөлімінің жетекшісі, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2013 -2017 жылдары «BAQORDA media group» ЖШС Бас директоры. 2017 жылдың ақпанынан бүгінге дейін «Республикалық радио» ЖШС бас директоры болды.  
18 қыркүйек 2018 ж. 1 132 0