Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЫҒЫС ПЕН БАТЫС ӨРКЕНИЕТІНІҢ ДАМУЫ

ШЫҒЫС ПЕН БАТЫС ӨРКЕНИЕТІНІҢ ДАМУЫ


Жақында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қолға алынған "Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы негізінде гуманитарлық бағытта жазылған шетелдік 18 кітап қазақшаға аударылып, жарық көрді. Соның бірі – теолог-ғалым Корен Армстронгтың "Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны" атты еңбегі. Еңбекті қазақ тілінде сөйлеткен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті "Дінтану және теология" кафедрасының профессоры Д.Кенжетай бастаған маман-ғалымдар жүйелі түрде аударып шыққан. Бұл еңбек осы кезге дейін әлемнің отыздан астам тіліне аударылып жарық көрген екен. Мұндай еңбектің қазақ тілінде жарық көруі қазақ тілді оқырмандардың көкжиегін кеңейтетіні сөзсіз.
Адамзат өмірі тікелей жаратушымен байланысты және құдайды тану жолында көптеген түйткілді мәселелермен бетпе-бет кездесіп отырады. Төрт мың жыл бойы Батыс пен Шығыс халықтарын толғандырып келе жатқан болмыс пен жаратылыс туралы мәңгілік сұрақтар төңірегінде әр кезеңде жасалған тұжырымдарды талдауға, құдайтану туралы дінтанушылар мен фәлсафашылардың, ағартушылар мен ғалымдардың көптеген пайымдарын келтіре отырып түрлі дәрежеде түсінуге, түсіндіруге талпынған ағымдардың тарихына тоқталып өтеді. Бұл өте күрделі түсінік әрі адамзат баласын жаңаша ойлауға итермелеп келе жатқан жасампаз түйсік екендігін көруге болады.
Қазіргі жедел дамуға бет бұрған технология тасқыны кезінде бұрынғы қасиетті саналған ұлттық құндылықтар ескіріп, рухани жұтаңдыққа ұрыну себептерін де Армстронг адамдардың материалды құндылыққа тәуелді болып қалуымен түсіндіреді. "Қазіргі таңда діннің қажетсіз болып көріну себептерінің бірі өзімізді көзге көрінбейтін әлемнің қоршауында сезінбейтінімізде болып отыр. Ғылыми мәдениет бізді, ең алдымен, физикалық, заттай әлемге назар аударуға үйретті. Мұндай дүниеге деген көзқарас аз пайда әкелген жоқ, бірақ салдарларының бірі ретінде, біз - руханилық немесе "қасиеттілік" сезімдерін жоғалттық, әйтпесе бұлар ежелден күні бүгінге дейін дәстүрлі мәдениеттердегі өмірдің барлық салаларының негізін құрып, адамның дүниені қабылдауының маңызды құрамдас бөлігіне айналған",- деп атап өтеді автор өз кітабының алғашқы тарауында.
Адамның Алладан алшақтай бастауының өзі қоршаған ортаға деген ашкөздік, тойымсыздық әрі қанағатсыздық пейілінен туындап жатады. Бұрынғыдай әр нәрсенің киесінен қорқу, қасиетті деп саналған орындардың уақыт өте келе өз мәнін жоғалтуы, наным-сенімдердің магиялық күштерінің жойылуы оның орнын басқа құндылықтармен толтыруға алып келеді. "Құдай туралы бір ұрпақтың ұстанған түсінігі басқасына мәнсіз болып көрінуі мүмкін" дей келе мұндай құбылмалы сипатсыз Құдай идеясы адамзаттың ой тарихында маңызды орындардың бірін иеленбес еді дейді. Оның пікірінше "Құдай туралы түсініктердің бірі мәнін жоғалтып немесе ескіріп жатқанда, олар елеусіз ұмытылатын және орнын басқа бір діни ілім басатын. Фундаменталистер, әрине, мұнымен келіспейді, себебі фундаментализмнің өзегі тарихқа қарсы және де ол Ыбырайым, Мұса мен ежелгі пайғамбарлардың Құдайды қазіргі адамдар сияқты қабылдағанына сенімді. Біз айтып отырған үш дінге тұтас назар аударсақ, оларда Құдай туралы объективті пікірдің жоғы анықталады: Оның бейнесін әрбір ұрпақ өзінің тарихи міндеттеріне сай етіп жасап алады. Айта кетерлігі, бұл атеизмге де тән, өйткені "мен Құдайға сенбеймін" сөз тіркесі әр тарихи дәуірде өзіндік ерекшелігі бар әрқилы мәнге ие болды".
Ғалымның пайымдауынша Бір Құдай идеясы адамзат баласында осыдан он төрт мың жыл бұрын туындаған. Адам түйсігіндегі табиғат тылсымын түсінуге деген талпыныстан шығады, оның көзіне көрінбейтін тысқары күштердің барын сезіне бастайды. Кейінірек бір құдайға сену түсінігі адамдардың рәміздік аңыздары мен мүсіндерде, жартастардағы суреттерде көрініс береді. Палеолит дәуірінде әсіресе, адамдар егіншілікті игере бастаған тұста құнарлықты қастерлеу идеясы негізінде Құдай-Ана культі дүниеге келеді. Жұптасып өмір сүру, от жағып тамақ пісіру, егіншілік секілді түрлі мәдени ортаның қалыптасуы кезеңінде әйел құдайының маңызы зор болғандығы фольклор саласында да нақтылана түседі. "Көне Аспан Құдайы секілді, ол да кейінгі уақыттағы пантеондарға енді және басқа байырғы құдайлармен бірге төрге жайғасты". Құдай-Ана бейнесі көптеген халықтарда Аспан Құдайынан да артық саналатын. Мифтік түсініктерде орын алған Құдай туралы түсініктерді айта келе көне еврейлер дүниеге әкелген Ыбырайым мен Жақыптың иммиграциясының маңыздылығына тоқталады. Тауратта айтылғандай, Жақыптың ұлдары, еврейлердің он екі тайпасының арғы аталары, Ханаанда жойқын ашаршылық болғандықтан, Мысырға келіп жайғасады. Оларды мысырлық құлдықтан Мұсаның құдайы - Яхве құтқарады. Таураттың нақтылауынша, көне израилдықтар деп аталған адамдар - Мұсаның Құдайы Яхвеге деген сенім біріктірген көптеген этностық топтардың одағы. Б.д.д. ҮІІІ ғ. шамасында жазылған Таураттың алғашқы екі автордың бірін J-деп белгіленген, себебі ол өз Құдайын "Яхве" деп атаған, ал екіншісін E деп атаған, ол автор өз құдайын "Элохим" деп алған екен. Бұлайша бөлінуі бірі оңтүстік, екіншісі солтүстік патшалықта өмір сүреді. Таураттың дүниеге келуімен Израиль халқының тарихында мифтік дәуірдің аяқталғанын көрсетеді.
Ғалым өз ойында солтүстік және оңтүстік израйыл тайпаларының бірігуін жай ғана мысалға келтіріп отырған жоқ, сол арқылы адамзат тарихында солтүстіктен оңтүстікке қарай жүрген миграцияның адамзат тарихындағы көптеген жаңару мен өзгерістерге жол ашылғандығын тұспалмен айтып өтеді. Кезінде Қазақ сахарасы арқылы солтүстіктен оңтүстікке қарай жөңкіле көшкен арий тайпаларының оңтүстіктегі үнділер мен ирандықтардың жеріне орнығу процесінің өзі бұл жерлерде жаңа діннің пайда болуына ықпал еткендігі белгілі. "Б.д.д. ХҮІІ ғасырда қазіргі Иран жерінен Үнді алқабына арийлер баса көктеп кіріп, жергілікті халықты тез бағындырды. Арийлер жергілікті халыққа "Ригведа" деп аталатын гимндер жинағында баяндалған өз діни түсініктерін таңды. Бұл киелі мәтіндерде көптеген құдайдың аттары аталып, олар шамамен таяушығыстық құдайлар тұтынған құндылықтарға табан тіреді, яғни табиғат күштеріне билік, жан және даралық дарытты. Дегенмен "Ригведада" көптеген құдайлардың бетперделерінің артында ұлы да жалғыз құдіретті Абсалюттің жүзі жасырынғаны туралы түсініктің белгілері байқала бастайды",-деп көрсетеді.
Көшпелі түркі тайпаларының ежелден бір тәңіріге сенуі, оны ешқандай да қалыпқа сыйғызбай, теңіз түстес шексіз жаратылыстың иесі ретінде Тәңірі деп сипаттауы да терең зерттеуді қажет ететін дүниелер. Мұндай ұғымның сонау арий тайпаларының солтүстіктен оңтүстікке көшу кезеңдерімен, кейінгі сақ, ғұн тайпаларының түсініктерімен салыстыра қарастыру керек.
"Пұтқа табынушылардың оянған үміті" аталатын тарауда христиан дінінің дүниеге келуі мен құдай бейнесін қалыптастыру бағытында еуропалықтар қалыптастырған үштік ұғымының дүниеге келу себептерін түсіндіруге тырысады. Шындығында да бұл өте күрделі ұғым әрі мұның тамыры сонау антика кезеңінде өмір сүрген философтардың трактаттарымен байланыстыра қарауды қажет ететін еді. Ежелгі пұтқа табынушылар жаңа дінді қабылдаған күннің өзінде бұрынғы сенімнің кейбір елестері бәрібір санада қала береді. Мұның өзі жаңа діндегі құдайды елестетудің бір қалыбын ойша бейнелеу үлгісін жасап шығады. Христиандықта орын алған мұндай елестің қалыптасуын былайша түсіндіреді: "Христиандыққа жаңа кірген пұтқа табынушылар әлемін, әрине, бұл мәселелер толғандырған жоқ, уақыт өте берді, бар күшімен өзінің әлсіздігі мен пенде екенін айтқан керемет көрсетушінің бәрін - Құдай етіп тынды. Құдайдың Адамға айналу доктринасы қашан да иудаистерге ұнамсыз көрінетін, кейіннен исламда да бұл дінбұзарлық деп танылды. Ойдан шығарылған "адамға айналу" идеясы бірқатар қауіпті ішіне бүкті, оның үстіне, христиандар оны тіпті сол күйінше қабылдады. Дегенмен діндер тарихында "Құдайға айналғандарға" табыну үйреншікті іс болатын. Осыған ұқсас теологиялық қисындарды иудаистер мен мұсылмандардың да жасағанына келесі бөлімдерде көз жеткізетін боламыз", - дейді.
Құдайды адам кейпінде бейнелеу, әлемді жаратқан шексіз құдірет иесі ретінде бір жаратушыға жалбарыну үшін ортаға дәнекершілерді қою неолит (жаңа тас) дәуірінен қалыптасқандығын көреміз. Ол туралы археологиялық қазбалар кезінде табылған жәдігерлер арқылы белгілі болғандығын ғалым Е.Тұрсынов та айтып өтеді. Осылайша түрлі кезеңдерде пұтқа табыну дәстүрі әлемдік діндер дүниеге келгенге шейін жалғасып отырған. Христиандық діні үстемдікке ие болған тұста да Исаны құдай дәрежесіне көтеру бұрынғы сенімдердің салдары болатын. Ғалым діндегі адамилану процесінің қауіпті жағына тоқталады: "Христиандықтағы Құдайдың Адамилану тәжірибесі - Құдайдың шексіз болмысы жалғыз бір адамның бойында көрініп қойғаны - бұл кәдімгі пұтқа табынушылыққа алып келетінін анық болжады",-деп көрсетеді.
Дүниеге келген христиан, ислам діндері әйелдер құқығының сақталуына кең түрде қараған. Алайда, мұндай қағидалардың орын алғанына қарамастан христиандарда бұл норма жиі бұзылып отырған. Бұған себеп адам табиғатының күнәһарлығы мен зина, харам секілді түсініктерге бір жақты қарау, әлсіз әйелдерді көбірек кінәлау секілді күстаналаудардың бой алғандығын көреміз."Алғашқы христиан дінінің әйелдерге барынша жұмсақ болғанына қарамастан, Аугустин дәуірінде-ақ Батыста әйелдерді кемсітушілік болды. Иеронин хаттары әйелдерді жек көруден туған ашу-ызаға толы болғаны соншалық - мұндай ашу-ызаға толы хатты психикасы бұзылған жан жазған жоқ па екен деген ой келеді",- дейді. Бұл жағынан ислам дінінде ілгерілеушіліктер болды. Ислам діні өзінің прогрессивті дін екендігін жан-жақты дәделдей алды. Ер мен әйел арасындағы құқықтарды теңестіруде ислам дінінің артықшылықтары жайлы ғалым былайша толғанады: "Ер мен әйелдің құқықтарын теңестіру пайғамбардың арманы еді. Сәбилерді өлтіруге Құран сөзі қатаң тыйым салды және қыз бала туылғанда, бұлқан-талқан болатын арабтарды сөкті. Одан бөлек ажырасу мен мирас бөлісуде әйелдердің заңды құқықтарын орнықтырды. ХІХ ғасырдың аяғына дейін мұндай теңдік Батыс әйелдерінің түсіне де кірмеген еді",-деп мойындайды.
Алайда, кейінгі реформашылдар өз түсініктері мен жергілікті дәстүріне сай әйел теңдігінің тынысын тарылта түсті. Қазіргі кезде намаз оқитын әйелдің барлығының тұмшаланып жүруі де соның көрінісіне жатады. Әйтпесе, қазақ әйелдері бес уақыт намаз оқыса да қазіргідей тұмшаланып жүрмеген. Шашына орамал тағып, қазақы дәстүрмен киіну шариғат заңына қайшы келмеген. Діндердегі ағымдардың күшеюіне байланысты орын алып жататын осындай өзгерістердің діннің бастапқы шыққан ұғымына қайшы келетін тұстары турасында да ашық жазады: "Өкінішке орай, христиандар сияқты исламда да еркектер дінді өздеріне бейімдеп, жекешелендіріп алды. Олар Құран мәтіндерін мұсылман әйелінің теңдігін жоққа шығаратын жолдармен тәпсірлеп тастады. Құран бүкіл әйелге "жаппай бетіңді бүркеп жүр" деп бұйырмаған. Ондай аят Мұхамедтің әйелдеріне ғана қатысты енген еді. Бұл олардың ерекше мәртебесін айқындап тұру үшін керек болған. Алайда ислам діні әлемдік өркениеттен орын алып, іргелі бекіген соң, бұл дәстүрді бүкіл әлемге таратты. Соның кесірінен әйелдер екінші дәрежедегі адамға айналып шыға келді. Арабтар әйелдердің бет-әлпетін бүркеп, гаремдерге қамап қоюды парсы жұрты мен христиандық Византиядан "жұқтырған" еді",-дейді. Демек, сахарада кең көсіліп көшіп-қонып өмір сүрген қазақтардың ислам діні туралы түсінігі бастапқы таза кезіндегі шариғат үкімдеріне жақын келетіндігін көреміз.
Төрт мың жылдық діннің дамуын зертттей келе кейінгі әлемдік діндердің арасында пайда болған мазхабтардың бөлініп шығуында бұрынғы сенімдердің де белгілі дәрежеде ықпалы болатындығын мойындайды. Ислам діні күшейе бастаған тұста алдымен "сүнниттік" және "шейіттік" бағытқа бөліну себептерін де айтып өтеді. Шиғалар ұғымында берік орын алған он екі имам түсінігі христиандық пен зороастризм діндерінде көрініс берген "алтын ғасыр" түсінігін орнату утопиясына барып тіреледі. Жоғарыдан Иса, жерден Мәди шығып жауыз күштерді ауыздықтайды деген түсінік бар. Ол жайында ғалым: "Он екінші немесе Ғайып Имамның "Алтын ғасыр" орнату үшін қайта келетіні туралы сенімі тарады. Бұлар ашықтан-ашық қауіпті ойлар еді. Ол тек саяси тұрғыдан ғана қауіпті емес болатын. Сонымен бірге дөрекі, қарабайыр жорамалдардың да көбеюіне жол ашты",- деп кейінгі діни ағымдардың ішінде бұрынғы түсініктерді қайта тірілту идеялары жатқандығын да қозғайды: "Ысмайылшылар ежелгі Ирандағы зороастризмнің мифтеріне жүгініп, оларды кейбір неоплатондық идеялармен толықтыра отырып, құтқарылу тарихына қатысты жаңаша көзқарас қалыптастырды. Еске түсіре кетсек, ерте кезеңдегі дәстүрлі қоғамдарда адамдар аспан әлемінде болған оқиғалардың жерде қайталанып жатқанына сенетін".
Әрбір қоғам жаңару арқылы дамудың келесі сатысына өтіп отырады. Жаңа идеялар ескі көзқарастағы кенже қалған әлсіз топтарды ығыстырып, қатардан шығарып отырған. Жаңа мен ескі көзқарас арасындағы ұдайы соғыс адамзат баласының бәсекелесі деуге болады. Кезінде бүкіл әлем көшпелі түрік халықтарының алдында тізе бүкті. Батыс пен Шығыс мәдениетін жалғауда дәнекер қызметін атқарған түріктер ислам мәдениетінен сусындаған соң дамудың келесі сатысына көтерілді. Олар өздеріне дінді үйреткен, жерлеріне дендеп енген арабтарды ығыстырып билікті өз қолдарына ала бастады. Соның негізінде әлемдегі ең қуатты үш империяны қалыптастырып үлгерген болатын. "ХҮ-ХҮІ ғасырларда үш жаңа мұсылман империясы құрылды. Олар: Кіші Азия мен Шығыс Еуропадағы - Осман түріктері, Ирандағы Сефевидтер, Үндістандағы - моғолдар. Бұл жаңа бастамалар - Исламдық рухтың бәсеңдегенін көрсеткенмен, қандай жағдайда болмасын қуатсыз болмағанын, әлі де болса төнген қауіптің қандайына болмасын қарсы тұра алатынын көрсетеді. Империялардың әрқайсысы қызығарлықтай, бай мәдениет жасап шығады. Иран мен Орта Азиялық Сефевидтер ренессансының италиялық ренессанспен адам таңғалатындай ұқсастығы бар: екі өркениет те, ең алдымен, сурет өнерінен бастаған, өз мәдениетінің негізі болған пұтқа табынған тамырларына оралғанын сездірді. Бірақ бұл алып үш империя қанша қуатты әрі сән-салтанаты келіскен болса да, консерватизмнің рухы басым болуымен қатар, өз дәстүрін де жалғастыру үстінде еді",-дейді.
Жаңару процесі Еуропада тез қарқын ала бастады. Түріктер өз мәдениетін дамыту үстінде болса да мәдениеті дамыған Еуропаның алдында дәрменсіз күй кешті. Жаңа технологиямен қаруланған Англия, Испания, Италия, Ресей секілді мемлекеттер экономикасы кері кеткен Азия мен алғашқы қоғамдық дәуірді бастан кешіп жатқан Африка, Америка секілді әлемнің мешеу қалған елдерін бірінен соң бірін соғыссыз-ақ басып алды. Алып Қытай мемлекетінің өзі азғантай ғана ағылшын әскеріне төтеп бере алмай бодандық қамытын киді емес пе. Бұл жаңа капиталистік қоғамның бұрынғы феодалдық қоғамға жасаған соққысы деп түсінген дұрыс. Мұндай қоғам алдында тізе бүккен Азия хандарын айыптаудың ешқандай реті жоқ. Ғалым Еуропада "реформашылдар" тұсында туған көзқарастар, "ағартушылық" кезеңінде туған ағымдар жайында кеңінен сөз қозғайды.
Осман империясы ыдырауға бет бұрған тұста дүниеге келген "уахабизм" ағымының да нені көздегендігі туралы ойларын батыл айтады.
Ғалым әрбір діни түсініктерді сөз ету арқылы қазіргі кездегі қарқынды дамуға қол жеткізген қоғамдағы Құдай туралы түсініктің адамзат жанында мәңгі қалу не қалмау деген қауіпті сұрақты алға тосады. 19-ғасырға шейін атеистік қоғамның болмағандығы туралы өз ойын былайша жеткізеді: "Ғылымға негізделген себептерді анықтағанға дейін дін Еуропаның моральдық, эмоциялық, эстетикалық және саяси өміріне үстемдік етіп, Құдайдың бір екенін жоққа шығармады.. Еуропада ХҮІІІ ғасырдың соңына дейін Құдайдың бар екенін жоққа шығаратын адамдардың болуы мүмкін емес еді",-дейді. Қазіргі кезде белең алып отырған келеңсіздіктердің көпшілігі үмітсіздік дертінің ұлғаюы деп есептейді. Кітап соңында ғалым қазіргі дамыған елдердегі Құдайға деген сенімнің өзгеріске түскендігіне алаңдайды: "Құрама Штаттарда тұратындардың тоқсан тоғыз пайызының Құдайға сенеміз дегенін білеміз. Сонымен бірге Америкада фундаментализмның, уахилықтың және радикализмнің "дайын" үстем түрлерінің кең таралуы сенімді сетінетті. Қылмыстың көбеюі, есірткіге құмарлық және өлім жазасының жандануы да рухани тұрғыдан саламатты қоғамның нышаны емес. Еуропада бір кездері адам санасында Құдай тұрса, қазір ол жер босап қалған",-деп үрейленеді. Қазақ мұндайда "Құдайдан қорықпағаннан - қорық" деп дұрыс айтады.
Елімізде де өз-өзіне қол жұмсау, туылған нәрестесін далаға тастау, ұрлық-қарлық секілді келеңсіз қылықтардың барлығы кешегі атеистік қоғамнан жұққан кесапатты дерт деуге болады. Санаға Алладан қорқу, шариғат үкіміне мойынсұну секілді іштей қалыптасқан этикалық дәстүрді қалпына келтірмейінше мұндай қоғамдағы келеңсіздіктен құтылу мүмкін емес. Сондықтан да, әр ел өзінің дамуы жолында әрқашан да жаңашылдыққа ұмтылуы құптарлық дүние. Бірақ, материалдық дүниемен шектелу адамды азғындыққа апарар жол екендігін жақсы түсінуіміз керек. Адамды кемелдікке жеткізетін, жан тыныштығына бөлейтін нәрсе - рухани әлем. Жаратушының нығметі мен пайғамбардың шапағатын сезіну арқылы қоғамды рухани жаңғыруға бастай аламыз.

Б. ӘБЖЕТ,
Рухани жаңғыру орталығының бас маманы,
филология ғылымдарының кандидаты
Қызылорда қаласы
31 шілде 2018 ж. 2 141 0