Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » GOVTECH HACKATHON: мемлекеттік басқару саласындағы үздік IT-жобалар анықталды

GOVTECH HACKATHON: мемлекеттік басқару саласындағы үздік IT-жобалар анықталды

Kyzylorda Hub алаңында GOVTECH HACKATHON – мемлекеттік басқарудағы ІТ жобалар хакатоны өтті. Екі күнге созылған іс-шараға 100-ден астам қатысушы жиналып, 48 жоба ұсынылды. Қатысушылар мемлекеттік басқару саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған цифрлық жобаларын әзірлеп, өз идеяларын сарапшылар алдында қорғады.

Хакатонның негізгі мақсаты — мемлекеттік қызметтерді жетілдіруге, басқару үдерістерін оңтайландыруға және тұрғындар үшін маңызды мәселелерге заманауи технологиялар арқылы шешім ұсынуға мүмкіндік беру. Қатысушылар өз жобаларында қаланың экологиялық жағдайы, азық-түлік бағаларын бақылау және өрт қауіпсіздігі бағыттарын қамтыды.

Жобаларды цифрландыру және IT саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы Темірхан Мұқанғали, Қорқыт Ата атындағы университеттің AI Office басшысы Айбек Оразбахов және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің байланыс басқармасының басшысы Алтынбек Ақмамбетов болды.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды TrashSTOP жобасы иеленді. Жобаның авторы — Қызылорда облысының Е. Әуелбеков атындағы №4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Нұрислам Ғали. TrashSTOP — Қызылорда қаласының тазалығы мен жасыл қорын басқаруға арналған цифрлық платформа. Жоба қаланың экологиялық мәселелерін бақылауға және көгалдандыру жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға бағытталған. Команда 400 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.

Екінші орын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ЖИ институты студенттерінің AdilBaga жобасына бұйырды. Команда капитаны Елжан Сейдалы бастаған жоба азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылауға арналған цифрлық платформаны ұсынады. Оның көмегімен тұрғындар тауар бағаларын қадағалай алады, ал мемлекеттік органдар нарықтағы жағдайды жедел талдауға мүмкіндік алады. Жоба авторлары 350 000 теңге көлемінде сыйақы алды.

Үшінші орынды TUTINGUARD жобасы иеленді. Нұрбол Айдар бастаған команда өрт қауіпсіздігін басқаруға арналған интеллектуалды жүйені ұсынды. Команда мүшелері — Шұғыла Қалыбекова мен Бексұлтан Жарылқап. Жоба үшінші орынға лайық деп танылып, команда 250 000 теңге көлемінде сыйақымен марапатталды.

Хакатонның жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады.

GOVTECH HACKATHON жас IT-мамандар мен оқушыларға өз идеяларын нақты жобаларға айналдырып, мемлекеттік басқару саласындағы мәселелерді шешуге үлес қосуға мүмкіндік берді. Осындай іс-шаралар жастардың технологиялық әлеуетін ашып, өңірде инновациялық шешімдердің дамуына жол ашады. Kyzylorda Hub алдағы уақытта да стартаптар мен жас әзірлеушілерді қолдап, олардың идеяларын жүзеге асыруға және өңірдің цифрлық дамуына үлес қосатын жобаларды ілгерілетуге бағытталған жұмыстарын жалғастырады.
13 қараша 2026 ж. 4 0