Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесарықта төтенше жағдайларға жедел әрекет ететін бекет ашылды

Бесарықта төтенше жағдайларға жедел әрекет ететін бекет ашылды

Бесарық ауылында аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетовтің қатысуымен «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының жаңа бекеті пайдалануға берілді. Аталған нысан Бесарық және Қоғалыкөл ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетіп, елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жаңа бекет жергілікті кәсіпкер, «Абай Дәулет» ЖШС-нің қолдауымен салынған. Нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, тәулік бойы кезекшілік атқаруға қажетті жағдайлар толық қарастырылған.

Бекетте өрт сөндіру техникасын орналастыруға арналған арнайы бокс, диспетчерлік бөлме, қызметтік кабинеттер, тұрмыстық және демалыс бөлмелері, сондай-ақ ас үй қарастырылған. Бұл өрт сөндіру құралымының оқиға орнына уақытылы жетіп, алғашқы жедел шараларды тиімді ұйымдастыруына мүмкіндік береді.

Аталған бастама ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жедел жою бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Аудан әкімінің орынбасары жаңа бекеттің ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталып, нысанның жұмысына сәттілік тіледі.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
13 тамыз 2026 ж. 47 0