Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДА АУРУХАНАСЫНА СҮЙЕК ҚҰРАМЫН ЗЕРТТЕЙТІН АППАРАТ ОРНАТЫЛДЫ

ҚЫЗЫЛОРДА АУРУХАНАСЫНА СҮЙЕК ҚҰРАМЫН ЗЕРТТЕЙТІН АППАРАТ ОРНАТЫЛДЫ


Қызылорда қалалық ауруханасының материалдық техникалық базасы жаңа құрал-жабдықтармен толықты. Оның ішінде денситометр аппараты науқасқа нақты диагноз қоюға мүмкіндік беріп, сырқатты асқындырмай емдеуге жол ашады.
Бүгінде Оңтүстік Корея елінде жасалынған құралдың артықшылығын қызылордалық тұрғындар сезініп үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала тұрғыны Шолпан Балғабаева бірнеше күннен бері ауруханада ем алуда. 35 жастағы келіншек буын ауруына шалдыққан. Ұдайы дәрігерлердің бақылауында болып, тиісті ем-домдарын қабылдап келеді.
«2012 жылдан бері буындарым сырқырап ауырады. Жаңадан келген аппараттың игілігін көріп жатырмыз. Мамандар да диагноз қоюдан қиналмайтын болады. Осы құрылғы сүйегімнің минералды тығыздылығын анықтап берді. Бұл өте маңызды екені белгілі. Бұрын тек рентгенге түсумен шектелетінбіз. Жыл сайын медицинамыздың осылайша дамып келе жатқандығы қуантады», - дейді Ш.Балғабаева.
Расымен, денситометр аппараты дәрігерлердің жұмысын біршама жеңілдетті. Ревматолог-мамандар бұл құрылғының сүйек құрамын зерттеуде таптырмас құрал екенін айтады. «Сүйектің тығыз болуы үшін кальций үлкен рөл атқарады. Сол себепті оның сүйектегі мөлшерін ұдайы анықтап отырған абзал. Бұл әсіресе, әйел адамдар үшін аса маңызды.
Денситометр аппараты жалпы сүйектің минералды тығыздығын зерттейді. Бұрын рентгеннің көмегіне жүгінетін едік. Оның өзінде тек болжалды қорытынды жасайтынбыз. Қазір тәулігіне 15-ке жуық науқасты аппаратқа түсіріп жатырмыз», - дейді Қызылорда қалалық ауруханасының дәрігер-ревматологы Гүлназым Қожахмет.
Алдағы уақытта Қызылорда қалалық ауруханасының материалдық базасы әлі де жаңартылатын болады.

18 шілде 2018 ж. 672 0