Әділетті қоғамның негізі – адалдық
Қоғамның тұрақты дамуы мен әділетті мемлекет қалыптастыру жолындағы басты міндеттің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар тек заң талаптарын түсіндірумен шектелмей, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, адалдық пен парасаттылық қағидаттарын дәріптеуге негізделеді. Осы орайда Руханият орталығында «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлықты тек бірігіп тоқтата аламыз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.Жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, құқық қорғау органдарының, банк саласының, аудан орталығындағы мекемелердің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен белсенді жастар қатысты.
Кездесуде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау, қоғамдағы адалдық құндылықтарын дәріптеу және мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салып, қоғам болып бірлескен әрекет қана сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы күрестің тиімді жолдары және жастардың бойында адалдық құндылықтарын қалыптастыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Іс-шара еркін пікір алмасу алаңына айналып, қатысушылар өз ойларын ортаға салып, қоғамдағы жемқорлыққа қарсы ортақ жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ «Qyzylorda» телеарнасы келісімшарт негізінде арнайы дайындаған тақырыптық бейнероликтердің алғашқы көрсетілімі өтті. «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ міндет» және «Жемқорлықсыз қоғам бала тәрбиесінен басталады» тақырыптарын арқау еткен бейнеролик маңызды мәселеге арқау болды.
Дөңгелек үстелді Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы жүргізіп, тақырып аясында маңызды пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, қадірлі ардагерлер Жантемір Айсин, Әсия Масилова сөз алып, келешек ұрпақ болашағына бей-жай қарамау керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ «Халық» банкінің аудандық басқарма басшысы Асылбек Палымбетов жемқорлық өз пайдасын ойлаушылардың дерті екенін тілге тиек етіп, бұл ретте алаяқтардан да сақ болу қажеттігін айтып өтті. Ал құқық қорғау саласының мамандары жемқорлықпен күрес әр адамның өзінен, санасынан басталатынын түсіндірді.
– Сыбайлас жемқорлық – қоғамның ауыр дерті. Десек те бұған бей-жай, жаттанды қарамауымыз керек. Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ең алдымен әр азамат заңды құрметтеп, адалдық пен әділдік қағидаттарын өмірлік ұстанымына айналдыруы қажет. Жемқорлыққа қарсы мәдениет отбасынан басталып, білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және қоғамның барлық саласында жүйелі түрде қалыптасуы тиіс. Әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, заң талаптарын сақтаған жағдайда ғана ашық әрі әділетті қоғам құруға қол жеткізе аламыз. Сондықтан бұл бағыттағы түсіндіру және алдын алу шараларының маңызы әрдайым жоғары, – деді «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










